Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

Елді мекендер – ертеңіміздің айнасы

Шалқарда тың шаруалар қолға алынуда 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін көріп, бағамдау үшін әдеттегідей аудандарды аралауда. Бұл жолы әкім жұмыс сапарымен Шалқар ауданында болып, өлкедегі өндіріс орындарының жұмысымен танысып шықты. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ел-жұрттың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Аймақ басшысы алдымен ат басын тіреген Байқадам ауылында орналасқан «Нұралы» фер­мерлік шаруашылығы жанындағы «Шалқар еті» ет өңдеу комбинаты ет кластерін дамыту аясында ашылған болатын.
Қазы, тұшпара және тартылған ет өндіруді жолға қойған ком­бинаттың өндірістік қуаты жылына 1800 тоннаны құрап, бүгінде шаруашылық 600 мүйіз­ді ірі қараны өсіріп отыр. Сондай-ақ еттің сапасын тексеріп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар.
Ет комбинатының басшысы Бердібек Шәкір­ұлы өндіріс елімізде ең алғашқы болып қазақы дәстүрді сақтай отырып, ет асуға қажетті ет тілімдері, қонақтарға ұсынылатын сүбелі сүйектері бар тауарларды өндіруді бас­тағандығы, дәстүрге сай дайындалған тағам­дар арнайы термоқораптарға оралып, сыртында асты дайындау жазбасымен шыға­рылып жатқандығы жөнінде әңгімеледі.
Жаңа өндіріс орнының жұмысымен та­нысқан облыс әкімі басшылыққа Шалқар­мен шектеліп қал­май, алдағы уақытта басқа да аудандардың мал шар­уашылығы мамандарымен де әріптестік орнату қа­жеттігін баса айтты.

Ауданда мал шаруашылығын дамытуға қолайлы барлық жағдай бар екенін өңір басшысы Байқадам ауылы тұрғындарымен кездесу кезінде де атап өтті. Б.Сапарбаев ауданда мал басын көбейту қажеттігін, бұл тұрғыда «Сыбаға», «Құлан» мемлекеттік бағ­дар­ламаларының то­лық­қанды жүзеге асуын қамтамасыз ету ке­рек­­тігін айтып, аудан басшылығына бұл ба­ғытта барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашы­лығын дамыту, оның ішінде мал санын арттыру жөнінде арнайы тапсырма берді. Бұл ретте Шалқарда мал өсіретін жағдай бар. Өкінішке қарай, ауданда былтырғыға қарағанда мал саны азайып отыр. Демек, мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың толық жұмыс жасауын қолға алу керек. Мемлекет жұмыс істеймін деген адамдарға барлық мүмкіндік беруде. Ендеше соны пайдалана оты­рып, Шалқарда мал масын көбейту үшін азық дайындау, ол үшін ауа райының қолайлы сәттерін қалт жібермей, көктемнен бастап шаруаға кірісу қажет. Мал өндірісінде дамыған кәсіпорындардың үлгісімен іздене жұмыс істеу маңызды, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында Шалқар өңірінде ерекше минералды азотты-кремнилі судың бай қоры табылғаны белгілі. Кейіннен, 1961 жылы қалада минералды су құятын шағын цех ашылды. Ал 1979 жылы оны қайта қалпына келтірудің нәтижесінде өндірістік базасы мықты жаңа зауыт салынды. «Шалқар суы» минералды суының емдік-асханалық құрамы өте ерекше болғаны соншалық, ол Кеңестер одағының барлық дәрі­ханаларында сатылып, өлкеге кеңінен таралды. Алайда, 1991 жылдан бері цех өз жұмы­сын тоқтатқан болатын.
Осынау тарихы терең өндіріс орнын жаң­ғыртуға былтырдан бері 780 млн теңге инвес­ти­цияланған. Кәсіпорын директоры Раушан Қонақ­баеваның айтуынша, жаңартылған цехта айына 1,5 млн литрден астам минералды су мен өзге де сусындарды шығаратын заманауи еуропалық жабдық орнатылмақ. Өндіріс іске қосылысымен қырық адам жұмысқа ораналасады. Жұмыс әзірге тестік тәртіпте жүріп жатса, наурыз айында өндірісті толықтай іске қосу жоспарланған.
Қазіргі уақытта қайта қалпына келтіріліп жатқан өндіріс желісінің жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі еңбек ұжымының әрі қарайғы қызметіне табыс тіледі.
Аудан орталығында Бердібек Сапарбаев сон­­дай-ақ «Томирис» балабақшасы мен «Шал­қар саясы» мүгедектерді қолдау орталы­ғын­да болды.
Шалқар аудандық мәдениет үйінде өткен тұр­ғындармен кездесу кезінде облыс әкімі өңір­дің экономикалық жағдайы мен биылғы жыл­дың жоспарына тоқталып өтті.
Кездесу кезінде шалқарлықтар өздерін тол­ғандырған сауалдарын қойып, Шалқар көлі­нің жағдайы мен елді мекендерді газдандыру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар Ақ­төбе мен Шалқар арасына қатынайтын пойыз вагон­дарының санын көбейтуді сұрады. Б.Сапарбаев ауыл тұрғындарының барлық сауалдары мен өтініштері мұқият қаралатынына уәде берді.
Келесі кезекте өңір басшысы Шетырғыз ауылдық округіне қарасты Қаратоғай ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Аудан орталығынан 135 шақырым жерде орналасқан ауылдық округте 800-ден астам адам тұрады. Былтыр Қаратоғайға газ кіріп, 120 орындық мектеп салынды. Мектепте өткен кездесуде қаратоғайлықтар аудан орталығына апаратын жолдың сапасына, ұялы байланыс пен ин­тернеттің жоқтығына шағымданып, ауылға жаңа балабақша салып беруді өтінді.
Барлық мәселелерді мұқият тыңдап, оларға тұщымды жауап қайтарған облыс басшысы ауылда бірнеше жылдан кейін бүлдіршіндер саны жүзден асса, балабақшаның міндетті түрде салынатынын жеткізді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру