Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Аграрлық білімнің орны бөлек

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық технологиялармен дамыту қажеттігін баса айтты. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, еліміздің аграрлық саласын заман талабына сай дамыту қажет. Осы бағыттағы бірінші қадам – ғылыми білімді трансферттеу. Себебі онсыз жаңа кезеңнің ғылыми кадрларын даярлау мүмкін емес. Ал білікті мамансыз технологияларды трансферттеу мәселесін жүзеге асыру қолдан келмейді.

Қолданыстағы оқу бағдарламалары уа­қыт талабына сай білікті мамандар даяр­лауға мүмкіндік бере алмайтынын ескере отырып, Калифорния университеті про­фессорларының және сол университетте білімін жетілдіріп келген кадрларымыздың күшімен жаңадан 6 оқу бағдарламасын жасап, қолданысқа енгіздік. Жақын уақытта тағы да 62 осы тектес оқу бағдарламасын жасап, білім беру үдерісіне енгізу жоспарланып отыр.
Оқу үдерісін жаңғырту аясында оқыту­дың тәжірибелік бағытын күшейту жүзеге асырылды. Атап айтқанда, студенттердің тәжірибеден өту уақыты 3 айдан 7 айға дейін ұзартылды. Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алу уақыты мерзімдік ауылшаруашылық жұмыстары уақытымен сәйкестендірілді.

Университет аума­ғында ет, сүт, дәнді майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған заманауи құрылғылармен жаб­дықталған 4 технологиялық платформа, сонымен қатар, робототехника, Гео­ақпараттық жүйе тех­но­логиясы бойынша зерт­хана мен жылыжай ұйымдастырдық. Мұның бар­лығы шетелдік әріптестеріміздің ұсынысымен жасалды. Бұл студенттермен тәжірибелік сабақтар өткізу үшін ғана емес, ғалымдарымыздың өз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін де өте қажет.
Біз оқу үдерісін үштілділікке көшіруді әрі қарай жалғастырдық. Қазіргі таңда студенттердің 58 пайызы көптілді топтарда білім алып жатса, университет оқытушыларының 14 пайызы сабақтарын ағылшын тілінде өткізеді.
Оқу үдерісін реформалау бойынша жоспар­ланған іс-шаралар толықтай жүзеге асырылған кезде, біздің түлектеріміз заманауи технологиялар бойынша терең білімді, тәжірибелік менеджмент пен кәсіби ағылшын тілін игеріп шығатын болады. Тек қана осындай жаңашыл кадрлар, қазіргі ескі біліммен қаруланған мамандардың орнын басып, бүгінгі таңдағы алдымызда тұрған технологиялар трансферттеу мәселелерін толығымен шешетін күш болмақ.
Біздің көңіл аударып отырған тағы бір бағы­тымыз – университеттік ғылым жүйесін жаңғырту. Ең алдымен, жас ғалымдарымызға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп, ғылыми зерттеулердің заманауи әдістерін меңгертуге баса назар аударып отырмыз. Осы жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 42 адамды, гендік және молекулалық деңгейде ғылыми зерттеу жүргізе алатын жаңа көзқарастағы ондаған жас ғалымдарды оқыттық. Қазіргі уақытта аталған ғалымдардың бірқатары Австралиядағы әріптестерімен бірлесіп, гендік инженерия әдістерін қолдану арқылы бидай, арпа және нұттың жергілікті сорттарының сапасын, қуаңшылық пен күйзеліске төзімділігін арттыру бағытында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Ал жас биотехнологтарымыз жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларын диагностикалау үшін, биологиялық тест-жүйесін жасаудың заманауи әдістемесін толық меңгерді. Мұның өзі осы салада импорт алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бере отырып, қыруар қаражаттың елден сыртқа кетпеуіне жағдай туғызады және де осы әдістемелерді біз отандық өндірушілерге ұсынуға дайынбыз.
Сондай-ақ, әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарының тәжірибесі бойынша, ғалымдар арасында бәсекелестік пен оларға еңбекақы төлеудің жаңа салыстырмалы жүйесін енгіздік. Күні бүгінге дейін ғалымдар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығы аграрлық ғылымды тежеп келді. Оны жасыруға болмайды.
Үшінші бағыт – технология трансферті жүйесін құру. Бұл бағытта біз, ең алдымен, трансферттеудің дұрыс жүйесін құруды басты назарда ұстадық және оны кейін трансферттеу мәселесін практикалық жағынан шешуде база ретінде пайдалануға бағыт­тауды мақсат еттік. Осындай ұстаным негі­зінде технологиялық жаңалықтарды игерген шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, үздік технологияларды бейімдеу мен трансферттеудің 5 халық­аралық орталығын құрдық. Аталған жаңа бастамаларды бюджет қаражатын жұмсамай, шамамен 1,2 млрд. теңге көлемінде болатын шетелдік инвестицияны тарту арқылы жүзеге асырдық. Бүгінде дәл осы орталықтар базасында өндіріске енгізу үшін, дайын шешімдерді бере алатын жаңа технологияларды бейімдеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Аталған базаларда біздің студенттер де білім алуда. Сонымен қатар, Белорусс технологиясын бейімдеу мен трансферттеу орталығын құруды инвестициялаған біздің серіктесіміз университеттің 50-ге жуық студентінің белорусс университеттері мен машина жасау зауыттарында білім алуы үшін жыл сайын жұмсалатын шығындарды өз тараптарына алды.
Қазірдің өзінде бұл орталықтар нақты нәтиже­лер бере бастады. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореямен бірлесіп құрылған Геоақпараттық жүйе технология орталығы өткен жылы Қазақстанның не­гізгі астық егетін аймақтарында егін жинаудың ғарыштық мониторингі бойынша мемлекеттік тапсырысты бірлесіп орындаушы ретінде қатысты. Бүгінде оны Қазақстанның барлық аймағында табиғи ресурстардың ғарыштық мониторингі бойынша зерттеулерді бірлесіп орындаушысы ретінде енгізуге шешім қабылданды.
Сонымен қатар, осы орталықтың мүмкін­діктері мен өз қаражаты есебінен Ақмола облысы Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерін сандық форматқа көшіру жұ­мыстары жүргізілді. Оны ғарыштық сурет­термен салыстыра отырып жер пайдалану процесстеріне толығымен бақылау жүргізу үшін қолдануға болады. Мәселен, бұл технология аудандағы әрбір жер пайдаланушылардың жер учаскелерін мақсатты пайдалануын, ауыспалы егістерді сақтауын, егістіктің аурулар мен зиянкестерге ұшырауын, егін егу және астық жинау науқандарының барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Біздің қытайлық серіктестеріміздің қаражаты есебінен құрылған заманауи қытай технологиясын бейімдеу мен трансферттеудің халықаралық орталығында да біршама жұмыстар жүргізілуде. Тұзға және қуаңшылыққа төзімді қытай селек­циясының ағаштарының 40 түрі мен картоп, басқа да дақылдардың әртүрлі тұқымдарын өзіміз­дің жағдайымызға бейімдеу бойынша бірлес­кен жобаларды жүзеге асыруға кірістік. Мә­селен, қытай ағаштарының «Астананың жасыл аймағының» одан ары көркеюіне өз үлесін қоса­ды деген сенімдеміз, ал картоптары болса өзінің жоғары өнімділігімен республикамыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алмақ. Себебі, ұсынылған технологияны сақтаған жағдайда, сыналып жатқан картоп сортының өнімділігі Қазақстанның оңтүстік облыстарының үздік шаруашылықтарының көр­сет­­кішіне қарағанда 5 есе көп. Бірінші жылы алын­ған нәтижелер осы жобалардың болашағының зор екен­дігін көрсетті. Енді біз Қазақ­станның солтүстігінде осы картоптың элиталық тұқымын өнеркәсіптік негізде ауқымды көлемде өндіруге бағыт алып отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылы суарылмайтын егіншілік жағдайында жоғары өнім беруге қабілетті қытай соясын біздің жағдайға бейімдеу жобасын қолға алмақпыз.
Бүгін біз дәл егіншілік технологиясының зор мүмкіндігін көрудеміз. Оны енгізген жағдайда шар­уашылықтар материалдық-техника­лық, ең­бек және қаржы қорларын молынан үнем­деп қана қоймай, өндірілген өнімнің жоғары өнім­ділігі мен экологиялық тазалығына қол жеткізеді. Бізде германиялық серіктестер қаражаты есебінен құрылған дәл егіншілік орталығының базасында ғалымдарымызбен аталған технологияның элементтері толығымен пысықталды және бүгін­гі күні оларды бүкіл республика ауқымында таратуға дайынбыз.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытудың тағы бір маңызды, әрі жетекші аспектісі білімді тарату болып табылады. Дамыған елдер тәжірибесі бойынша, оның айқын жүйесін әзірлеуіміз қажет. Өткен жылы біздің университетте шетелдік серік­тес­тердің қолдауы және көмегі арқылы білімді тарату кеңсесін құрдық.
Фермерлерге қысқа дәрістік сабақтар арқы­лы білім беруге бағытталған басқа білім тарату ор­та­лық­тарынан біздің айырмашылығымыз: білім алушыларды «өз қолыңмен жаса» ұста­ны­мы арқылы оқытып, тәжірибелік дағды­сын қалыптастыруға, сондай-ақ, кешенді инновациялық шешімдерді қабылдауға үйретеміз. Осы қысқа уақыт аралығында (БҰҰДБ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен «Астана Эко Стандарт» серіктестігімен жылыжай шаруашылығы мектебін ұйымдастырдық, онда 200-ден астам бастауыш және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер білім алды.
Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласындағы мектебіміз іске қосылып, оқыту барысында «hand-on» режимінде 100-ге жуық балық шаруашылығы субъектілері қамтылды. Бүгінде мұндай оқыту түріне бизнес-құрылымдар тарапынан сұраныс күрт өсіп отыр және оны әрі қарай дамытпақпыз.
Жүріп өткен жолымызды саралай отырып, бүгінде аграрлық университеттерді жүйелі қайта құру қолға алынса, технологиялар трансферті міндеттерін шешуде маңызды күш болады деп сеніммен айта аламыз. Және біз мұны сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеудеміз. Алайда, біз қазір осы игілік істердің тек қана бастапқы кезеңінде екенімізді толығымен түсінеміз.
Барлық негізгі бағыттарымыз бойынша әзір­ленген түбегейлі жаңа көзқарастар мен құ­рылған платформалар алдағы жұмысымыз үшін жақсы база болып табылады. Және бұл жаңашыл қадамдар, шын мәнінде, еңбек ұжымының ынтасымен қолдағы қаржы көлемі аясында жасалды. Ал оларды әрі қарай ілгерілету қосымша шығындарды талап ететіні түсінікті. Бұл мәселені ауылшаруашылық мамандықтары бойынша мемлекеттік грант құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін арттыру арқылы шешуге болады және осы жөніндегі ұсынысымызды Үкіметке енгіздік. Бірақ, өкінішке орай, бұл мәселенің шешімі созылуда. «2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес 2018-2022 жж. арналған біздің универ­ситеттің даму бағдарламасы әзірленді. Біз оны қарастыруға ұсындық және көп ұзамай Үкіметте бекітіледі деген үміттеміз.
Елбасының биылғы Жолдауындағы АӨК-ні және аграрлық ғылымды дамытуға қатысты және одан туындайтын міндеттердің білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісін жүйелі қайта құруға бағытталған соңғы жылдардағы біздің атқарып жатқан жұмыстарымызбен үндес болғанын уни­верситетіміздің ұжымы мақтан тұтады. Осы үн­дестік бізге зор сенім жүктейді және алға қойған жоспарларымызды ойдағыдай іске асыруға ынталандырады.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ
агротехникалық университетінің ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру