Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Қазақстан іскер әйелдері – Анкарада

15-16 ақпанда Анкарада Қазақстан мен Түркияның іскер әйелдер бизнес-форумы өтті.

Бизнес-форумға еліміздің іскер әйелдер делегациясын Қа­зақстан Республикасының мем­лекеттік хатшысы, ҚР Пре­зи­денті жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төр­айымы Гүлшара Әбдіқалықова бастап барды.

Бизнес-форумға Түркия Республикасы пре­мьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоглу, Түркияның Сауда палаталары мен сауда биржалары одағының жанындағы Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Рухсар Пекджан және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова қатысты. Қазақстандық делегацияның құрамына еліміздің 50-ге жуық іскер әйелдері қатысты.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан­ның жалпы ішкі өнімінің 40%-ын іскер әйел­дер қалыптастыратынын, олардың отандық бизнес дамуына қосатын үлесі үнемі өсіп отырғанын айтты.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ке­ңес беруші органдардың арасында алғашқы болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрған болатын. Бүгінгі таңда 16 өңірлік кеңес, 170 аудан орталығында филиалдар құрылып, оларды табысты кәсіпкерлер әйелдер басқарып отыр. Осылайша Кеңес Қазақстанның түпкір-түпкірінен табысты, әрі әлеуметтік белсенді қыз-келіншектердің әлеуетін біріктірді. Қазақ­станда жеке кәсіпкерлердің – 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың – 26%-ын, шаруа және фермерлік қожалықтардың – 19%-ын қыз-келін­шектер басқарады», – деді Лаззат Рамазанова.
Лаззат Рамазанова форум қатысушыларына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмы­сы­ның негізгі бағыттарын таныстырды, осы ретте спикер ҰКП құруда құрылықтық модель негізге алынғаны жайында, бірінші кезекте Түркияның Сауда, өнеркәсіп палаталары мен тауар биржалары одағының (ТОББ) озық тәжірибесі үлгі болғанын атап өтті. Еліміздің тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесі жұмыс істейді, 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің іскерлік кеңесі құрылса, 2014 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП және Түркияның Сауда, өнеркәсіп палаталары мен тауар биржалары одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды. 2015 жылы Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесі Түркия Экономика министрлігінің Сыртқы эко­номикалық байланыстар комитеті (DEİK) және Қазақстанның сыртқы палатасы жанынан жаңа форматта қайта жаңғырды. Аталған іскерлік кеңес Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық дамуына үлес қосуда, мұны статистика да айқын дәлелдеп тұр. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстың одан әрі тереңдеуіне былтыр сәуір айында қабылданған Қазақстан-Түркия бірлескен сауда-өнеркәсіптік палатасын құру туралы шешім әсер етті.
«Бүгінгі кездесу екі елдің іскер топтары ара­сындағы өзара тиімді келісімдерді нығайтуға мүм­кіндік береді», – деді Лаззат Рамазанова.
Форум аясында «Қазақстан – цифрландыру дәуірінде инвесторларға арналған дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстан мен Түркияның әйелдер кәсіпкерлігінің даму перспективалары» атты панельдік сессиялар ұйым­дастырылды. Сессияларда Қазақстанның инвестициялық мүм­кіндіктері (оның ішінде Атырау, Қызылорда, Ақтөбе және Жамбыл облыстары кескінінде) және ҚР туризмі келешегі талқыланды. Қа­тысушыларға Астана халықаралық қаржы орта­лығы және Түркия­ның сыртқы экономикалық байланыстар ке­ңесі қызметі таныстырылды. Форум аяғында делегаттар ТОББ университеті, индустриялық аймақ және «Panora» сауда орта­лы­ғын тамашалады.

Қанат Қуанышев


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру