Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

Экологияны қалай жақсартамыз?

Экологиялық кодекстің жаңа үлгісі әзірленіп жатыр, «Атамекен» құжатқа нақты жұмыс істейтін өзгертулер ұсынбақ.

Биылғы жыл өнеркәсіптік, жер қазба байлық­тарына бай, әйтсе де тарихында зиянды реак­тивтер сыналған ядролық полигоны болған Қазақстан үшін экология жылы болып бекітіліп отыр. Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын­да экологияның маңыздылығы ерекше айтыл­ған. Атап айтқанда кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыс­тары­ның эко­логиялық тазалығы мен тиім­ділі­гіне қойылатын талаптарды арттыру керек. Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энер­гия­сының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.
«Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді.Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды» делінген. Сонымен қатар Экологиялық кодекске өзгертулер енгізу тапсырылды.
Жер қойна­уындағы байлықты игеру басында орта және ірі кәспорындар тұр. Өндірістік қала­лар, өңдеу зауыттары – ел экономикасының басым­дыққа ие салалары. Алайда ірі өндірістің адамзат­қа әкелетін пайдасымен қатар зияны да көп. Қазақстан өңіріндегі өндірістік қалалардың экологиясы құлдырап барады. Жергілікті халық та қоршаған ортаның лас­тануына наразы, балалар­дың денсаулығына алаң­дайды.
«Атамекен» ҚР ҰКП төралқасында эко­номи­ка­ның әр саласын қамтитын өндірістік комитеттер өздерінің 2018 жылға құрған жұмыс жоспарларында экологияға ерекше мән беріп отыр. Биыл өндіріс саласына, сонымен қатар заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік туып, жаңа Экологиялық кодекс қабылданбақ. Бұл кодексте қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан кәсіпкерлер мүддесі де ескерілуі тиіс.

Көмір генерациясы

Қазақстанда тас және қоңыр көмірдің мол қорлары бар. Республикада 200-ге жуық көмір кен орыны барланған. Қазақстан көмірінің жалпы геологиялық қоры 164,4 млрд. тонна шамасында бағаланады, оның ішінде: тас көмір 17,6 млрд. тонна, қоңыр көмір 92,8 млрд. тонна. Барланған қорлар 60 млрд. тонна шамасында, баланстан тыс қорлар 19,3 млрд. тонна. Олардың 63%-ы тас көмір (оның кокстелетіні 17%), 37% – қоңыр көмір. Республикадағы ең ірі көмірлі алаптар Орталық Қазақстанда орналасқан (Қарағанды, Екібастұз, Май­көбен). Қазақстанның энергетика саласы 80%-ға көмір генерациясына негізделген. Демек, республика бойынша 38-ге жуық электр мен жылу станциялары қуатты көмір отынынан алады. Ал көмірден бөлінетін улы заттар ауаны ластайды. Әзірге басқа баламаға көшу мүмкін емес.
«Біз бір күнде көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз. Қоршаған ортаны жақсартуда басқа тетіктерді қарастыру керек. Мәселен республика бойынша жұмыс істеп тұрған 38 біріктірілген станция тозығы жеткен, барлығы дерлік 50-60 жылдары салынған. Әрқайсының жұмыс істеу мерзімі 45 жылдан асып кеткен. Қазір оларды қалай алмастырамыз. ҚР Энергетика министрлігі осыған мән беруі керек», – деді Қазақстандық Электр энергиялық қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразалинов.
Бір қызығы, Қазақстан ТМД елдері арасында «Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету туралы» заңы жоқ жалғыз мемлекет. Бұл заң ауа райының төрт мезгілі анық сезілетін Қазақстан климаты үшін қажет.

Кәсіпорындардың жауапкершілігі қандай?

Қазақстан қазба байлығы мол мемлекет болған­дықтан, келешекте кен орындағы өндіріс, өнеркәсіп саласы дамып, ұлғая береді. Демек, өндірістен ауаға улы газдар бөліне береді. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға келтірген залалдардың алдын алу үшін бюджеттке міндетті төлемдер жасайды.

Әлемнің экологиянықорғаудағы талаптары

Жер шары бәрімізге ортақ болған соң эколо­гиялық мәселелер – бүкіл адамзаттың мәселесі. Осы мақсатта түрлі дүниежүзілік ұйым­дар қор­шаған ортаны қорғауда мем­лекет­аралық келісім­­дер арқы­лы ықпал ете алады. Мәселен, ЕАЭО заңна­ма­­ла­рына сәйкес Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаң­тарында полигондарда құрылыс және азық-түлік қал­дық­тарын көмуге тыйым салынады. Ал бұл әрекет өнеркәсіппен айналысатын барлық кәсіп­орындар мен ком­паниялардың жұмысын те­жейді. Қал­дық­тарды өңдейтін зауыттар жоқ, оларды қайда жібереміз?
Париж келісімі – халықаралық келісім. Кли­мат­тың жаһандық өзгеруімен күрес сала­сындағы негізгі үміттер осы құжатпен байланысты.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, Ке­лі­сім 2015 жылы 12 желтоқсанда Парижде кли­маттың өзегруі туралы Негізде­мелік конвен­ция­ның (КӨНК) 21-ші конфе­рен­циясы­ның қоры­тындысы бойынша қабыл­данған болатын. Париж келісімінің пәрмені 2020 жылы аяқталатын Киото хаттамасының орнына келуі тиісті. Құжаттың күшіне ену шарты ауаға шығарылатын парниктік газдардың жалпы әлемдік көлемінің кем дегенде 55% келетін 55 елдің ратификациялауы болатын. Қазіргі сәтке құжатқа 190 ел қол қойып, 96 мемлекет ратификациялады. Айта кетелік, 2 тамызда Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойды. ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдрысовтың айтуынша, құжатты жыл соңына дейін ратификациялау жоспарланып отыр. 27 қазанда Қазақстан Парламенті «Париж келісімін ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Экология кодексі табиғатты жақсартуға атсалыспай ма?

Жылыжай газдардың көлемін азайту мақ­сатында «Жылыжай газдар туралы» заң жоба­сы әзірленуде. Алайда мамандардың айтуынша бірінші кезекте «Бюджеттік төлемдер туралы» заңға өндіріспен айналысатын ірі кәсіп­орындар төлейтін қоршаған ортаны жақ­сар­туға арналған эмиссиялар тікелей табиғатты қорғауға жұмсалу керек. Осы туралы «Бюд­жет туралы» заңда бір сөйлем жазылуы тиіс. Қазіргі таңда кәсіпорындар төлейтін эмис­сия­лар бюджетті толтыруға жұмса­лып отыр.
«Экология мәселесі – 2018 жылдың басты мәселесі болады. Менің ойымша кәсіпорындар өтейтін экологиялық төлемдерді қазыналық ретінде пайдалануды доғару керек. Сондықтан бүгін жұмыс жоспарын мақұлдап қана қоймай, онымен тура жұмыс істеуді ұсынамын. Бірінші кезекте бюджет кодексін қайта қарау керек», – деп ұсынды Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының рес­пуб­ликалық қауым­дастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.
Қазақстандық Электр энергиялық қауым­дас­­ты­ғының төрағасы Шаймерден Оразалинов эко­ло­гия­лық ахуалды қолға алудың жолдарын айтты.
Рас, экология тақырыбы дүниежүзі бойынша күрделі мәселе. «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының өндірістік комитет­тері бір ауыздан биыл экология жылын бел­гілеп отыр. Биыл Экологиялық кодексі жобасы қаралып жатқанда бұл орынды қадам. Бизнес-қоғамдастық, комиттеттер мүшелері жаңа құжатты әр тарапқа тиімді жасауға атсалысады. Кодекс бірінші кезекте табиғатты жақсартуға, оңтайлы шешімдерге бағыттауға жұмыс істеу керек. Осы бағытта бір жыл бойына жүйелі жұмыс жоспары бекітілген.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру