Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Біздің санамызды билеп алған биігіміз!

«Алматы ақшамы» газетінің 11.01.2018. №4(5511) санында, «Жылдың мерейлі даталары» айдарымен тұлғатану үрдісі жалғаса береді тақырыбының: «Өз ой-пікірімен де, іс-әрекетімен де көпшілікке темірқазық бола білетін дара тұлғалардың орны қашан да бөлек. Қоғамдық санаға қозғау салатын да, үлгі-өнегесімен ел-жұртты соңынан ерте алатын да, адамның жанын ізгілендіріп, рухани баюға бағыт нұсқап, жол көрсететіндер де – солар» деп басталатын биссимилласының, биылғы мерейтой иелерінің ішінде 18 ақпанда 80 жасқа толатын мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевке де қарата айтылғаны бізді ерекше сезімге бөледі.

Осындай игі дәстүрдің, университет басшы­ларының игі бастамаларының жалғасын тауып, көпшіліктің көзайымына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық универси­тетінде қалыптасқан дәстүр бойынша шыға­рылып келе жатқан, еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ұстаз, ғалымдарға, Қа­зақстан ғылымы мен білімінің бастауында тұрған тұлғаларға арналған «Өнегелі өмір» атты сериялық кітаптың Кенжеғали Әбенұлы­ның 75 жылдық мерейтойына орай шығарыл­ған 12-шығарылымында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтан­ұлы Мұтанов «Қазақстан ғылымы мен жоғары мек­тебінің тарихында бірінен кейін бірін жал­ғастыра республиканың төрт ірі жоғары оқу орнын және ҚР Ұлттық Ғылым академиясын басқарған адам жоқ. Бұл құбылыс К.Ә.Сағадиевтің асқан кәсіби шеберлігін, ұйымдастырушылық қабылетін көр­сетсе керек» дей келе, К.Ә.Сағадиевтің 2004-2007 жылдар аралығында ҚР үшінші және төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депу­тат­тығына сайланғанын, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болғанын атай келе «Акадкмик К.Ә.Сағадиев мұндай биік деңгейге өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық сирек таланты мен еңбекқорлығының, энциклопедиялық білімінің, ерекше ақыл-пара­саты мен іскерлігінің арқасында қол жет­кізді» дейді.
«Әркімнің шыққан тауы биік болсын» деген қазақтың нақыл сөзінің дәлеліндей, сонау 1972 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының (қазіргі «НАРХОЗ» университеті) табалдырығын аттаған біздің санамызды алғашқы көргеннен билеп алған биігіміз Кенжеғали Әбенұлының ғылым мен білімнің шыңдарын бағындырған әлемдік деңгейде қалыптасқан қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлік тұлғасына куә болып отырмыз. Кенжеғали Әбенұлының 1960 жылы С.М.Киров атындағы ҚазГУ-ді үздік бітіріп, 1963 жылы Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын нәтижелі аяқтап, «Одақтас республикалардағы күрделі құрылыстарды кешенді материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері» тақырыбына диссертация қарғап, осы тақырыптың эконо­микалық тиімділігін арттыру мәселелерін тү­бегейлі зертеп, 1977 жылы 39 жасында доктор­лық диссертация қорғап, 40 жасында профессор атануы, ҚР ҰҒА академиктері С.З.Зиманов, С.Б.Байзақов, Ә.Ә.Әбішев, «К.Ә.Сағадиев ғы­лыми, педагогикалық және қоғамдық қыз­метінің қысқаша очеркі» мақаласында «сол жылдары бүкіл Одақ көлемінде экономист ғалымдардың арасында сирек кездесетін өзгеше оқиға саналды. Кенжеғали Әбенұлы осы бағытың көшбасшысы болды» деп өздерінің мақтаныш сезімдерін білдірген. Кенжеғали Әбенұлы осы мамандық бойынша жоғары білімді кадрлар тәрбиелеудің, аспирантура мен кафедра ашудың басы-қасында болып, бұрын Қазақстан жағдайында ғана емес, Одақта да дами қоймаған материалдық-техникалық жабдықтаудың теориясы мен әдіснамасын жасап, тыңнан түрен салып, өзінің ғылыми мектебін ашқан тұңғыш ғалым. Біздің оқуға түскен, сол оқу орында жұмыс істеп жүрген кезімізде К.Ә.Сағадиевтің мектебі деп аталып кеткен «Материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығына конкурс ең жоғары болды. Одақтың түкпір-түкпірінен ағылып келіп жататын. Өзі басқарған жоғары оқу орындары мен ҚР ҰҒА ұжым мүшелеріне басқарудың жаңа үгісін ұсынып,оны жүзеге асыру жолында өзінің батыл шешімдерімен ерекшеленген, қайсар мі­незді, іскерлік, реформаторлық қабылеті мен табысты ғылыми ізденістерін көпшілік мойындаған дара тұлға.
Кенжеғали Әбенұлының 1992 жылы Қазақ мем­лекеттік экономикалық университетіне (қа­зір­гі «НАРХОЗ» университеті) ректор болып оралған кезеңі республика өмірінде болып жат­қан өзгерістермен сипатталатын. Қазақстан тә­уел­­сіздігін нығайтуға бетбұрыс жасалып, жаңа экономикалық жүйеге көшу – экономикалық кадр­ларды бұрынғыша дайындаудан бас тартып, оған түкпілікті өзгерістер енгізу күн тәр­тібіне қатал талап ретінде қойылды. Алғашқы қадамын арнайы комиссия құрып, профессор-оқытушылар құрамының білім-біліктілігін аттестациялау туралы батыл шешім қабылдап, жүзеге асырып, аттестациялаудың нәтижесін ректорат отырысында, аттестациялаудан өткен және кейбір белгіленген межеден төмен балл жинаған (олардың іштерінде ғылыми атақ-дәрежелері барлары да аз емес-тін) оқытушылардың қаты­суымен талқылап, қабылданған батыл ше­шімнің нәти­жесінде олардың кейбіреулерінің тамыр-таныс жағалап, ел ішіндегі және Ресей, Беларус, тағы басқа да мемлекеттердің оқу орындарына тым-тырағай бас сауғалағанының куәсі болғанбыз. Кенжеғали Әбенұлының қажырлы еңбегінің, табандылығының арқасында университетте оқы­ту­шылардың еңбек ақысы (сол кездегі ешбір оқу орнында жоқ) екі есеге жуық (1,75%) өсті. Бұрынғы факультеттерді жаңадан оқу ғылыми кешені етіп қайта жасақтады. Халықаралық бизнес мектебінің негізін қалады. Оқу орнының қарқынды дамуына жол ашқан Кенжеғали Әбенұлын іле-шала 1994 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық Ғылым Акедемиясының пре­зиденті етіп сайлады. Кенжеғали Әбенұлы, ҚР үшінші және төртінші шақырылымындағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланып, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, еліміздің қарқынды дамуына, мерзімінен бұрын әлемдік дамыған 50 елдің қатарына енуіне сүбелі үлес қосқан, халқын бірлікке, сабырға үндеген абызы. Заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов бәрімізге ортақ болса да, ғұлама ғалым hәм жазушы Зейнола Қабдолов ағамыздың «Менің Әуезовым» эссе романын жазуы, бізді де Кенжеғали Әбенұлын «Біздің Сағадиевымыз» деп айтуға жетелейтін сияқты. «Тау баласы тауға қарап өседі» демек­ші, перзентіңіз ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің де сізге тән бұқ­пантайлауды білмейтін батылдық, қайсар мінезділік, іскерлік пен даралық қасиеттерді бойына сіңіргені қуантады. Кешегі кеңестік керзаманда ұлтының рухын асқақтатып, туын тік ұстаған, дарабоз Әбіш Кекілбайұлы бағалағандай, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің іргетасын қалау­шылардың, азат қазақ ұлтының рухани көсем­дерінің бірі, «…Болмасаң да ұқсап бақ» деп хакім Абай айтқандай Қ.Ә.Сағадиев сынды дара тұлғаның өнегелі ғұмырын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «К.Ә.Сағадиевтануды» айналысқа енгізу өзінің жемісін береді деп ойлаймыз. Сізге деген тілегімді, құрдасыңыз Әбіш Кекілбайұлының 2008 жылы сіздің 70 жыл­дығыңызға арнаған жүрекжарды тілегімен біл­діргім келеді: «Жиырма бірінші ғасырға Тәуелсіз Қазақ Мемлекетінің іргетасын қалаушылардың, Азат Қазақ ұлтының рухани көсемдерінің бірі болып аттап отырсыз. Өкінішіңіз жоқ. Арманыңыз көп. Дегеніңізге жетіңіз! Аға жасындасыз. Баба жасына келіңіз! Асқар таудың басындасыз. Ұш­пақты да көріңіз! Дүние тұрғанша тұрыңыз!»

Мәди БАЙДАУЛЕТОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ «Есеп және аудит»
кафедрасының доценті


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру