Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Жас әдебиетшілердің жетістігі

Алматыда Жастар әдебиеті шеберханасы жұмысының нәтижесінде «Жеке кеңістік»атты әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті. Алматылық ашық әдебиет мектебі, «Шеврон» компаниясы және American Space әлеуметтік алаңының бірлескен жобасының шеңберінде, 2017 жылдың аяғында оқытушылар Дина Махметова және Айжан Ахмет жас авторларға арналған проза жазудың шеберлік сыныбын қазақ тілінде өткізген болатын. Шеберханада шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанған дарынды 16-25 жасар авторлар білім алды.

Тұсаукесерге арналған әдеби кеште жас прозашылар өз шығармаларын оқиды, семинар жетекшілері оларға жинақтың авторлық нұсқаларын сыйлады. Шеберхана жұмысының нәтижесінде «Жеке кеңістік» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Жинаққа оқу кезінде жазылған үздік мәтіндер енген. Алматылық ашық әдебиет мектебі 2009 жылдан бері жұмыс істей отырып, әдебиет теориясынан және жазушылық шеберлігінен 300-ге жуық тыңдаушысына білім берді. 2016 жылы ААӘМ «Орыс сыйлығының» «Ресей Федерациясынан тыс орыс мәдениетінің дәстүрлерін дамытқаны және сақтағаны үшін» ерекше жүлдесін алды.
Дина Махметова, Ашық мектептің оқытушы­сы және шеберхананың жетекшісі: «Қазіргі таңда Қазақстанда дарынды жастарға арналған қазақ тіліндегі жазушылық шеберлік курстары жоқтың қасы. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға ты­рыстық, және Шеберханамыздың жұмысы нә­тижелі болды деп айта аламыз: мәтіндері жи­наққа енген жеті автордың әрқайсысы өзін­дік, сапалы проза жаза алатынын көрсетті. Қазақ тілінде жазатын басқа да жас авторларға қаламгерлік шеберлігін арттыруға мүмкіндік беру үшін осы жобаны әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз», – деп айтты.
Жастар әдебиеті шеберханасында білім алған 16 жасар Ақжан Аманжол оқыту үдерісі туралы: «Шеберханада мен әртүрлі жанрларда әңгімелерді жазуды үйрендім. Осында мен сияқты жазушы болуды армандайтын мүд­делестерді таптым. Атақты қазақ қаламгерлері, ақындары және драматургтері шығармашылық кездесулерге келіп, жазушылық кәсібі туралы көптеген қызықты ойларымен бөлісті».– деп өз пікірін білдірді.
2016-2017 жылдарында Әдебиет шеберханасы төрт рет ұйымдастырылғанымен, осы жолы сабақ алғашқы рет қазақша жүргізілді. Сабақтар тегін аптасына бір рет өткізіліп, әдебиет теориясына ғана емес, шеберханаға қатысушылардың үй тапсырмаларын талқылауға арналған болатын.
Шығармашылық кездесулерде жас авторлар Ардақ Нұрғазы, Қойшыбек Мүбарак, Мақпал Жұмабай, Әннәс Бағдат сынды жазушылармен әдебиет туралы сөйлесуге мүмкіндік алды. Оқу барысында жастар проза жазудың негізгі дағдыларын меңгеріп, психологиялық, шытырман оқиғалы, детективті, мистикалық әңгімелердің жанрлық зандылықтарымен танысып, өз мәтіндерін редакциялауды үйренді.
Дина Махметова – прозашы, драматург, театртанушы, Алматылық ашық әдебиет мек­тебіндегі драматургия семинарының жетек­шісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының оқытушысы. Бірқатар пьесалар, ки­но­сценарийлер, повестердің, драма теориясы туралы ғылыми мақалалардың авторы. Қазір­гі драматургия фестивальдерінің қатысушысы (Қа­зақстан, Өзбекстан).
Айжан Ахмет – театртанушы, театр сыншысы, өнертану магистрі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқыту­шысы.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру