Валюта бағамы: $ 340.27 396.31 5.39 ¥ 52.39

Тапсырмалар қалай орындалуда?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шаралары қаралды. Сонымен қатар жиында биылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындылары сөз етіліп, Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қабылданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының 9 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты жоспарлар туралы баяндады.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, салық саясатын іске асыру шаралары 2025 жылға дейін ішкі жалпы өнімнен түсетін салық түсімдерін 25 процентке дейін жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынып, аталған мәселені шешу үшін жыл соңына дейін Ұлттық қор тұжырымдамасына қарыз индикаторлары есебінен Үкіметтің ішкі қарызын алып тастау тұрғысынан өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізіледі.
Министр атап өткендей, елдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті өндірісі мен экспорттық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бұл бағытта мемлекеттік қолдауды талдау шаралары жүргізіледі. Сөйтіп, оның қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті экспорттық өнімдерді шығаратын «ұлттық чемпиондар» санын көбейту үшін қызметтер алгоритмі мен шараларды іске асыру бойынша ұсыныстар жасалатын болады.
Сондай-ақ жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар аясында 100 нақты қадам Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсу» үшінші бағытын іске асыру тұрақты бақыланады.
Министрлік Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырады. Аталған бағыттағы жұмыстарды бағалау мақсатында биыл жалпы экономика, мемлекеттік бюджет пен бизнеске жекешелендіру әсерін есепке ала отырып талдау жасалады.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Президент тапсырмаларының өзі жауапты блокта орындалу барысы туралы есеп берді. Ол алдағы 28 ақпанда Қаржы министрлігі сынақ режимінде «Астана-1» ақпараттық жүйесін іске қосатынын айтты.
Кедендік рәсімдерден өту және электрондық өзара әрекеттесуді жалғастыру кезінде «Бірыңғай терезе» қағидатын енгізу үшін ASYCER платформасында сәйкестік, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық, ауыл шаруашылығы салаларында тоғыз рұқсат құжатын автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл сондай-ақ ЮНКТАД жүйесінің платформасында да жүзеге асырылуда.
Кедендік тазарту үшін қажетті қалған 42 рұқсат құжаты бойынша, «Астана-1» жүйесі «E-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасымен біріктіріледі.
Қаржы министрінің айтуынша, Дүниежүзілік банк жобасының аясында қолданыстағы «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі базасында «Виртуалды қойма» модулі іске асырылуда. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық өнімдер бойынша модульді толығымен іске қосу көзделген.

Сонымен қатар «ИТП» ДКҚ, «IBM» және «PWC»-мен ынтымақтастықта блокчейн-технология­ларды пайдалану арқылы ҚҚС басқарудың жаңа әдістерін енгізу бойынша жұмыс атқарылуда.
Б.Сұлтанов өткен жылы салықтық және кедендік тексерулер саны 45 процентке қысқарғанын айтып өтті.
Қаржы министрлігінің басшысы елдің мемле­кеттік қарызына қатысты АХҚО биржасында Euro­clear жүйесі арқылы еурооблигацияларды теңгеде шығару жоспарланып отырғанына, бұдан өзге, қарыз алу көздерін әртараптандыру мақсатында ислам­­дық сукук облигацияларын шығару көзделіп отыр­­ға­нына тоқталды.
«Ұлттық қорды толтыру мәселесі бір жыл бұрын болжанып отыр, яғни, 2019 жылы біз болашақ ұр­пақ үшін қаражат жинақтау саясатына ораламыз. Бұған кепілдендірілген трансфертті кезең-кезеңмен қысқарту және биылдан бастап мақсатты трансфертті тартудан бас тарту арқылы қол жеткізілетін болады», деп қорытындылады Б.Сұлтанов.
Өз кезегінде инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек биыл индустрияландыру бағдарламасы аясында экспортқа бағытталған сектор­ларды ынталандыру мен еңбек өнімділігін арттыруға баса назар аударумен өңдеу өнеркәсібін қолдауға көңіл бөлінетінін айтты. Сонымен қатар биыл ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру үшін қажетті жүйелік шаралар қабылданбақ. Бұған қоса Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаларды іске қосу жалғасын табады. Мысалы, биыл құны 1 трлн теңге болатын 150-ге жуық жобаны іске қосу, онда 15 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіптік дамудың келесі кезеңі – Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы технологиялық дамудың жаңа сапалы деңгейіне өту. Өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген цифрлық технологияларды енгізу үшін экожүйе құруға бағытталған негізгі өнеркәсіп салаларын техникалық қайта жарақтандыру шаралары әзірленді.
Ағымдағы жылы Инвестициялар және даму ми­нистрлігі цифрлық технологиялардың мүмкіндігін көрсету алаңдарына айналатын жеті модельді цифр­лық фабрикалардың аудиті бойынша жұмысты бас­тауға ниетті. Олар: «Кентау трансформатор зауыты», «Карлскрона», «Химфарм», «Евразиан фудс», «Ал­маты вентилятор зауыты», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазхром». Сонымен қатар жүйе құраушы тау-кен металлургия кәсіпорындарында Индустрия 4.0. технологиясын енгізу жобалары іске асырылады.
«Жалпы жоспарланған іс-шараларды іске асы­ру ағымдағы жылы өңделген экспорттың құн­дық көлемінің өсімін 10,3 процентке, өңдеу өнеркәсі­бі­нің еңбек өнімділігін 6 процентке, өңдеу өнер­кәсібі негізгі капиталының 1 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ биыл «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру тетіктері қайта қаралады.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жүк­телген тапсырмаларды іске асыру аясында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік стандарттарды жетілдіру жұмыстар бас­талған.
Биыл қабылданған шаралардың нәтижесінде 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бері­леді деп күтілуде.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәселе­лер Президенттің ерекше бақылауында екенін, тапсырмалардың барлығы сапалы және нақты мерзімде орындалуы тиістігін айтып, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар­мен бірге жуық арада 2018 жылға арналған Үкімет­тің өзектендірілген жұмыс жоспарын енгізуді тап­сыр­ды.
Отырыста ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ағымдағы жылғы қаңтардағы Қазақ­станның әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, өткен жылғы экономика­лық дамудың жоғары қарқыны ағымдағы жылдың басында да тұрақты сақталып отыр. 2018 жылғы бірінші айдың қорытындылары бойынша ІЖӨ өсімі 4 процентті құрады. Өткен жылы қаңтарда өсім 2,4 процент болған еді.
Оның айтуынша, өсімнің негізгі көздері өнер­кәсіп секторындағы шығарылатын өнімдердің ұлға­юы, инвестициялық сұраныстың артуы және ішкі тұ­тынудың тұрақты түрде қалпына келуі болып отыр. Соның нәтижесінде жыл басындағы инфляция 0,6 процентті құрады. «Ағымдағы жылдың бірінші айында елдің халықаралық қоры 1,1 процентке артып, 90,1 млрд долларға жетті. Оның ішінде алтын-валюта қоры 3,2 процентке көбейіп, 31,7 млрд доллар болды. Ал Ұлттық қор активтері өткен жылғы деңгейде сақталды», деді Т.Сүлейменов.
Жиында сондай-ақ Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасының жобасы мақұлданды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, негізгі жоспарлау осьтері бойынша Сарыағаш, Арыс және Тұрар Рыс­құлов секілді ірі елді мекендердің базасында контрмагнит қалаларды қалыптастыру ұсынылады.
Жобалық ұсыныстарды іске асыру агломерация аумағын кешенді және үйлесімді дамытуға, экономикалық өсім орталығын және қолайлы қала ортасын қалыптастыруға, халықты жұмылдырып, тір­шілікті қамтамасыз ету жүйелеріне тең деңгейде қол жеткізуін қамтамасыз етуге, аумақтың экология­лық жағдайын жақсартуға жол ашады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру