Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Абылай Мырзахметов Мемлекет басшысының сауалдарына жауап берді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесті қолдау мен дамыту шаралары туралы баяндады.

Басқарма Төрағасының айтуынша мемлекеттің бизнесті қолдаудағы шараларының тиімділігін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының артуынан көруге болады. «Атамекен» Үкіметпен бірлесіп кәсіпкерлікті дамыту үшін талаптарды жақсартуда заң шығару жұмысымен айналысады.
«Рұқсатты үш есе қысқартып қана қоймай, ең бастысы қалқан қойдық. Енді ведомстволар мен министрліктер ешқандай нормативті актілерді қа­былдай алмайды – тек Парламент арқылы. Бұл нор­ма қатаң. Нақты алғанда, былтыр заңнамалық деңгейде бірде бір жаңа кедергі туындамады, себебі жүйелі сүзгі сондай. 100 мыңнан аса кәсіпорын қайта құрылып, нарықта жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.
Мемлекет басшысы Абылай Мырзахметовтен жекешелендіру шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға қаншалықты әсер ететіндігін сұрады.
«Жекешелендіруден көмек бар, оның нәти­жесін таяу жылдарда көретін шығармыз. Жеке­ше­лендірудің ең басты мақсаты – мемлекеттің эконо­микадағы үлесін азайту. Мемлекет пен квази­мем­лекеттік сектордың үлесі азайтылғанда, бизнеске жол ашылатыны түсінікті. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.
Сонымен қатар Ұлттық палата Басқарма Төр­ағасы Үкіметпен бірлесіп бақылау-қадағалау функ­циясын қысқартуға қатысты атқарған жұмыс­ты атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда тексеру санының үштен екісі азайған. Тәуекелді басқару жүйесі енгізілді.
«Жаппай тексеру ауқымын қысқарттық, қа­зір анағұрлым жетік тексеруді – цифрландыруға қа­тысы бар тәуекелді басқару жүйесін қойдық. Енді компьютерлік жүйе қай жерде қауіп аймағы бар: қай жерде ушығып тұр, қай жерде салық аз төленеді, кеден бойынша «сұр аймақтар» қай жерде екенін анықтайды. Жұмыс жүйелі түрде жалғасуда, мұны Үкіметпен серіктесіп атқарып отырмыз», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.
Басқарма Төрағасы кәсіпорындар өздері ұйымға бірігіп, өз стандарттарымен бизнесті дербес реттеп отырған уақытта өзін өзі реттеу жүйесін енгізуге назар аударды. Сонымен қатар, «Атамекеннің» халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша атқарып жатқан жұмысы жайында хабар берді.
«Бастау Бизнес» біз күткеннен де асып түсті. Еліміздің 80 ауданында 15 мың адамды оқыту міндеті қойылған еді. Соның 20% өз бизнесін ашады деп жоспарланған. Алайда нәтижеге көз салсақ, 3,1 мың адам бизнес ашты, 8 мың адам бизнес-жоспар дайындады. Биыл 160 ауданда оқытылады», – деді Абылай Мырзахметов.
Сөз соңында Абылай Мырзахметов бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым жұрт­­шылық та тиімділігін көрсін деп цифрландыру мәселесіне қатысты түсіндіру жұмысына да белсенді қатысып отырғанын айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың барлық басымдығын жүзеге асырудың маңыздылығын атап, әрбір басшының жүзеге асы­рудағы жауапкершілігін нықтап жеткізді.
«Жолдауда мен төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы он нақты тапсырманы қойдым. Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, әкім, «Атамекен» ҚР ҰКП және ұлттық холдингтерге тиісті жұмысты бағыттау керек. Бүгін ескерілуі тиіс бірқатар түйткілді мәселелерді атадым. Атқа­рылып отырған конституциялық реформа мен күр­делі геосаяси жағдайда барлығы белсенді болып, ұйымдасып жұмыс істеу керек», – деп тұжы­рымдады Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру