Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

Ауыл өмірі айшықты болуы тиіс

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елді мекендердің жағдайын көріп, жер-жерлерде қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысын саралау мақсатымен аудандарды аралауда. Жуырда әкім өлкедегі айтулы қос мекен – Исатай мен Махамбет аудандарында болып, ондағы әлеуметтік, өндірістік нысандардың құрылысы мен жұмысына ден қойған еді.

Өткен жылы Исатай ауданында әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларда ірі жобалар бастау алды. Солардың бірі – жақын болашақта Каспий теңізінің жағасында тұрғызылатын 500 орындық балалар ойын-сауықтыру лагерінің жобалау-сметалық құ­жат­тамасы әзірленуде. Аудан теңіз жағасында орна­ласқандықтан, лагерь толыққанды демалыс орны ретінде аймақтың туристік тартымдылығын көтеруге де ықпал ететіні сөзсіз.
Сонымен қатар аймақта ауыз сумен қамту мәсе­лесі де біртіндеп шешімін табуда. Облыс басшысы биыл пайдалануға берілетін Жасқайрат, Қызыл­үй елді мекендеріндегі су құбыры құрылысын тек­сер­ді.
Ал Жанбай ауылында Н.Ноғаев полиция бөлімшесінің, мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Одан кейін балық өнімдерін шығаратын цехқа бас сұқты. Мұнда балық аулаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін өндірістің толық кезеңін іске қосу жоспарлануда. Қазір жабдықтар орнатылып жатқан өндіріс орны алдағы сәуір айында жұмысын бастайды. Цех директоры Абдолхасан Ұғыбай балықтың барлық түрінің етін, тартылған етті, кептірілген, қақталған балықты шығару жоспарланып отырғанын жеткізді. Мұнда жергілікті тұрғындардан 80 адам жұмысқа тартылып, алдағы уақытта өнімдер Еуропаға экспортқа шығарылмақ.
Облыс әкімі осындай өндірістерді ашу аймақ экономикасының өсуіне оң әсер ететінін айтып, кәсіпкерлерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетініне тоқталды.
Аққыстау селосында облыс әкімі дене шы­нықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысына назар салды. Нысан құрылысы биыл сәуір айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар мұндай спорт кешендері тағы төрт ауылда салынады.
Нұрлан Ноғаев ауысымына 400 кг макарон өнімдерін шығаратын цехқа да барды. Жуырда ғана ашылған цехтың директоры Зайыпхан Наурызбаева бұл іс бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша қолға алынғанын, бастапқыда екі түрлі макарон өнімі шығарылса, қазір өнім саны жетіге жетіп, сапасы да, бағасы да аудан тұрғындарының көңілінен шығып отырғанын баян етті.
Одан соң аймақ басшысы жақында пайдалануға берілетін, ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызмет көрсетулерді қолжетімді ететін халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын барып көрді.
Исатай ауданында өткен көшпелі мәжілісте белгілі болғанындай, аймақта бизнес әліппесін оқыған 750 адамның 130-ы ғана өзінің кәсібін бас­тап­ты. Кәсіпкерлік және индустриалды-инно­вациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов жас кәсіпкер мектебінде 40 адам, бизнесті әрі қарай дамыту бойынша 110 кәсіпкер оқытылғаны туралы мәлімет келтірді. Сондай-ақ Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Атырау облысында 2017 жылы несиелеуге 927 млн теңге, кепілдік қамтамасыз етуге 97,6 млн теңге, «Бастау Бизнес» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млн теңге бөлінген.
Осы ретте өңір басшысы кәсіпкерлікті жүргізу ісінде бастысы нәтижеге назар аудару керектігін айтты.
– 750 ауыл тұрғынының бизнес туралы білім алғаны жақсы, бірақ солардың ішінен тек 130-ы ғана кәсіп ашқаны оның тиімділігі төмен болғанын көрсетеді. Адамдардың ынталарын, бизнеске бейім­ділігін ескеру керек. Қызылқоға ауданында 253 адам оқытудан өткен, нақты іс бастағаны 22 адам. Қалғандары неліктен тыс қалып қойды? Кәсіпкер болғылары келетін тағы да 231 адамға қандай көмек көрсете аламыз? Барлық жауапты органдар осы бағытта жұмыстануы керек, – деді Нұрлан Ноғаев.
Келесі кезекте Махамбет ауданына ат басын тіреген облыс әкімі мұндағы әлеуметтік, кәсіп­керлік нысандардың құрылысымен танысты. Талдыкөл селосындағы 160 орындық балабақша құ­ры­лысы биыл жазда аяқталады. Қазір алаңда 50 адам жұмыс істеп жатқан нысан магистральды газ, су желілеріне қосылып та қойған. Балабақша пайдалануға берілген кезде жақын маңдағы елді мекендерде мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі толық шешіледі. Осы ретте әкім құрылыс нормативтері мен стандарттарын қатаң сақтау қажеттігін, техникалық қа­дағалау мамандары тарапынан үнемі бақылау болу керектігін баса айтты.
Қазіргі таңда Махамбет ауданында ауыл шар­уа­шылығы кооперативтерін құру жобаларын жүзеге асыру белсенді жүруде. Тұрғындар коопе­ра­циялардың пайдалы тұстарын түсіне бастады. Өйткені, бұл дамуға мол мүмкіндік беретін, өнді­рістің барлық кезеңін қамтуға, субсидия мен жеңілдіктер алуға жол ашатын нақты жол. «Бақсай» коопе­ративінде Жолдас Бегалиевтің басқаруымен 35 адам жұмыс істеп жатыр.
Нұрлан Ноғаев ветеринарларға цех жұмысының қалдықтарын жоюды тапсырды.
– Мұндай өндірістерді ашу аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Облыстың барлық аудандарында ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін құру, мал сою цехтарын ашу жұмыстары жүруде. Бірақ сою цехтарының қалдықтарын кәдеге жарату жайы күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта бірыңғай алгоритм жасап, облыстың барлық аудандарына енгізуіміз керек. Мал сою цехтарының биологиялық қалдықтарын өркениетті түрде жойып, процесті санитарлық нормаларға сәйкестендіруге тиіспіз, – деді әкім.
Сондай-ақ Махамбет ауданына жұмыс сапарында Н.Ноғаев Ақтоғай селосындағы 200 орын­дық мәдениет үйі құрылысын тексерді. Аймақ басшысы Ақтөбе-Атырау-Астрахан автожолының бөлігі болатын Жайық өзені үстіндегі көпір өткелі құрылысын қарап шықты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру