Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Индустрияландыру – экономиканы ілгерілетудің қозғаушы күші

9 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері, Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері, Қазақстан Президентіне тікелей есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырысты ашқан Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамыту барысында өткен жылы қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Елбасы Қазақстанның экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысында 4 пайызды құрап, инфляция 7 пайыз төңірегінде болғанын еске салды. «Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жағынан мен Үкіметтің жалпы жұмысына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр- уақытта жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың орындалуында кемшіліктер бар. Оны, әрине, айтатын боламыз», – деді Президент.
Сондықтан Елбасы бүгінгі жиында өткен жылдың қорытындысы халыққа тағы бір рет жария етіліп, Үкімет алдында тұрған міндеттер айқындалатындығын баса айтты. «Биыл Үкіметтің алдына қойып отырған меже – 4 пайыз аз болады. Одан төмен түсіп кетуіміз де мүмкін. Сондықтан өзіміз алдымызға одан жоғары міндеттер қоюымыз керек. Оның ішінде бағдарламалардың орындалу мәселелері бар, олардың арасында кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде жұмыс істейтін боламыз», – деді Н.Назарбаев.
Басқосу барысында Премьер-Министр Б.Сағын­таев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төр­ағасы Д.Ақышев, Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Қара­ғанды облысының әкімі Е.Қошанов және Қызыл­орда облысының әкімі Қ.Көшербаев баяндама жасады.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бүгінде ел эко­номикасы дамудың тұрақты жолына түсті. Оны Қа­зақстанның дамуына орнықты болжам ұсынып отырған халықаралық рейтингтік агенттіктер де растаған. Мә­селен, өткен жылы ІЖӨ өсімі 4 пайызды құрады. Өсімнің 60 пайызына шикізаттық емес секторлар есебінен қол жеткізілген. Бұл – экономиканың тұрақтылығы мен оның құрылымдарындағы оң өзгерістерді көрсететін өте маңызды мәселе, деді Үкімет басшысы.
Мәліметке сүйенсек, сыртқы сауда айналымы 25 пайызға ұлғайып, 69,5 млрд долларға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5 пайызға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 6,9 пайызға артты. Өткен жылы еліміздің макроэкономикалық ахуалы жақсарды. Айталық, инфляция 7,1 пайызға дейін төмендеді. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығының қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етілді.

Елбасы орындалған міндеттердің нәти­же­леріне тоқталып, баяндамашылардың назарын банк секторындағы проблемаларға, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасының мақсаттарын түсіндіру, бюджет қаражатына бақылауды күшейту, бақылайтын мемле­кет­тік органдардың тарапынан шағын және орта бизнесті тексеру жұмыстарын қысқарту мәселелеріне аударды.
Елбасы жасалған баяндамалардан кейін сыртқы тұрақсыз факторлар жағдайында Үкімет, Ұлттық банк және өңір әкімдерінің елімізді дамыту жөніндегі орнықты көр­сет­кіш­терге қол жеткізу жолындағы жұ­мыс­­тарына оң баға берді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұған дейін қабыл­данған бағдарла­малық құжаттарды іске асырудың және олар­ға бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиім­ділігін арттыру қажет екенін айтты.

Индустрияландыру

Елбасы индустрияландыру жылдары еліміз­дегі өңдеу секторының дамығанын атап өтіп, оның экономикадағы үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы өндіріске озық технологияларды енгі­зіп, кәсіпорындардың экспортқа бағытталу мүмкін­дік­терін арттыру мәселелеріне тоқтал­ды.
– Мемлекеттік қолдау ең алдымен, озық технологияларды енгізетіндер мен экспорттық өнім өндіретіндерге көрсетілуі қажет. Өңдеу өнеркәсібінің озық өсімін қамтамасыз ету үшін неғұрлым белсенді шаралар қабылдау керек, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі арнайы эконо­­ми­калық аймақтардың тиімділігін зерт­­теуді тапсырып, жаңа экономикалық аймақ­тар құ­руға уа­қыт­ша тыйым салды.
Отырыс барысында мұнай-газ секторын­дағы өңдеу және «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қо­рын трансформациялау мәсе­лелері талқы­лан­ды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының нақтыланған стратегиясы мен трансформациялау бағдарла­ма­сы бойын­ша Қорды басқару жөніндегі мәсе­лені Кеңестің күн тәртібіне қоюды тапсырды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы

Елбасы автомобиль жолдарының құры­лы­­сына бөлінетін қаржының тиімді әрі жариялы түрде пайдаланылуын бақылау қа­жет­тігін айтты.
Қазақстан Президенті бірінші кезекке жатпайтын республикалық жолдарға бөлін­ген қар­жы­ны өңіраралық және ауданаралық жол құры­лыстарына қайта бағыттаудың ма­ңыздылы­ғына назар аударды.

«Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасы

Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі тұрғын үй құ­ры­лы­сының нәтижелеріне тоқталып, мем­ле­кет­тік бағдарламаның одан ары жүзеге асырылу механизмдерін қайта қарау керек­тігін атап өтті.
Жиында Елбасы тұрғын үй мәселесіне де тоқталып, бұл салаға мемлекеттен 550 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Дағдарыс жылдарында қолға алынған шаралардың арқасында мемлекет тарапынан қолдаулар болды. Енді қаржыны нарықтық тетіктермен пайдалануға көшу керек, яғни құрылысты банктер қаржыландыруы тиіс. Ал Үкімет, Ұлттық банк, әкімдер баспана құнының арзандауы үшін жағдай жасауы тиіс.
Сондай-ақ Елбасы ескі үйлерді сүру мә­селесін де қозғады. Қала орталық­та­рындағы тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек. Негізінен бұл ауқымды жұмыс мемлекет-жекеменшік әріптестігі ар­қылы жүргізілгені жөн. Елба­сының айтуынша, ескі үйлерді алып тастау – мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, ха­лықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Әлеуметтік жағдайдың осылайша оңалуы жұртшылықтың денсаулығына, көңіл күйіне де жақсы әсер етеді, деді Елбасы.
– Соңғы екі жылда тұрғын үй құры­лысына 550 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі әкімдер айналысып жатқан құрылысты тікелей қаржыландыруға жұм­салды. Дағдарыс жылдарында бұл қадам ақталды. Енді нарықтық механизмдерді пайдалануға көшу керек. Құры­лысты банктер қаржыландырып, ал Үкімет, Ұлттық банк және әкімдер тұрғын үй құнының арзандауы үшін жағдай жасауы қажет, – деді Елбасы.

«100 нақты қадам»
Ұлт жоспарын іске асыру

Қазақстан Президенті Үкіметке импорт бой­­ынша электрондық декларациялауды енгі­зу және тексеруші бақылау-қадағалау орган­да­ры­ның санын қысқарту мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев электр энергиясы құнын төмендету мақсатымен «Бір­­­ыңғай сатып алушы» моделін енгізу және өңірлік электр жүйелері компанияларын ірі­лен­­діру барысына тоқталды.
Елбасы Премьер-Министрге өңдеу саласына трансұлттық компанияларды тарту жө­нін­­­дегі жұмыстарды бақылауға алуды тапсырып, «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» компания­лары­ның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Отырыс барысында агроөнеркәсіп секто­рын­­дағы жобаларды іске асыруға инвестор­ларды тарту мәселесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөнінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайына тоқталып, олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру бағдарламасына қатысу мәселесін атап өтті.
Президенттің айтуынша, денсаулық са­ла­сын­дағы цифрлы теxнологиялар әрбір адам­ның денсаулығын онлайн режімде бақы­лауға мүм­кіндік береді. Соның арқа­сында дәрігерлер қа­ғазбасты жұмыстан құтылады. Сол сияқты кеден мен салық саласын цифрлы технологияға ауыстыру арқылы біраз жұмысты жеделдетуге, жеңілдетуге болады.
Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай цифр­лан­дырудың тиімділігі 2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық сақ­тандыру мәселесін де көтерді. Оның айтуына қарағанда, соңғы бес жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 500 мың адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік жарналарын төлеп жатыр. Дегенмен, «көлеңкеде жүрген» кәсіп­керлерді заңдастыруда әлі де қиындықтар бар. Оның бір себебі Салық ко­дексінде жазылған «700 мың теңгеден төмен табысы бар кәсіпкерлерге тіркеуге тұру міндетті емес» деген талапта жатыр. Осыған байланысты өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкерлерді тіркеудің тәртібіне өзгерістер енгізу қажет.
Міне, осы кедергілерге байланысты мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру жүйесін енгізу 2020 жылға шегерілген. Алайда Елбасының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев Президентке аталған жүйені бір жыл бұрын толығымен іске қосуға уәде беріп, аталған реформа 2019 жылдан бастап енгізілетінін жеткізді.
Жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі медициналық ұйымдардың ақпа­рат­­тық жүйелермен, компьютерлік техникалар­мен қамтамасыз етілуі жайын сынға алып, бұл саладағы кемшіліктер электронды денсау­лық паспортын енгізу секілді қызметті іске қосуға кедергі келтіріп отырғанын айтты. «Медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйе­­лермен жабдықталу деңгейінің ең төмен көр­сеткіші Шығыс Қазақстанда тіркелген. Онда небәрі – 21 пайыз. Ақтөбеде облысында – 37 пайыз, Астанада – 31 пайыз», деген Елбасы облыс әкімдерінен оның себеп-салдарын сұрады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақта денсаулық сақтау мекемелерін компьютерлермен қамта­масыз етуге 1 млрд теңге бө­лінген. Алайда барлық техниканы Қаржы ми­нистрлігіне қарасты сатып алулар комитеті ғана сатып алуға тиіс болғандықтан жұмыс кешеуілдеп тұр.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев компьютерді сатып алуға ақшаны толығымен бөлгенін жеткізді. Астана әкімі Әсет Исекешев те алдағы уақытта өзіне жүк­телген міндеттерді орындауға уәде етті.
Ал электронды денсаулық төлқұжатын ен­гізу туралы Елбасының алдында есеп берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов биыл маусым айынан бастап бұл құжат қанат­қақты жоба ретінде енгізілетінін атап өтті. «Егер жылдың аяғына дейін бар­лық аймақтар ақпараттық жүйелерін ретке келтірсе, келесі жылдан бастап денсаулық саласының басым бөлігі электронды режімде жұмыс істейтін болады», деді министр.

Қоғамдық  сананы жаңғырту

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердегі кейбір бас­шылардың бұл бағдарламаны іске асыруға сал­ғырт қарап, оған жүйелі әрі тыңғылықты кіріс­пей отырғанын атап өтті.
– Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін өзінің бар мүмкіндігін пайдаланбай отырған өңірлер бар. Қоғамдық сананы жаңғырту бір жылмен шектелмейді. Бұл жүйелілікті, үнемі жаңа тәсіл іздеуді талап ететін ұзақ мерзімді жұмыс, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ жиында қазақ тілінің латын қар­піне көшу мәселесі де талқыланды.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күрес

Елбасы мүдделі мемлекеттік орган­дарға қыл­­мыстық процестегі асыра қудалау­шы­лық­ты бә­сеңдетіп, оны ізгілендіру бағытын жал­ғас­­ты­руды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқор­лық­пен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс екенін айтты.
– Соңғы 2 жылдың ішінде ғана сыбайлас жемқорлық үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Солардың арасында министрлер де, түрлі деңгейдегі әкімдер де, ведомство басшылары да бар. Атап айтқанда, бұрынғы ұлттық экономика министріне, «Қазақ­автожол» кәсіпорнының бас директорына қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түр­де қабылдау басты міндет болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Елбасы биылғы Жолдаудың бар­лық басымдықтарын іске асырудың маңызды­лығы­на тоқталып, оларды орындау үшін әрбір басшы­ға жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
– Жолдауда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында атқарылуға тиіс 10 нақты міндет белгіледім. Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, әкімдер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ұлттық холдингтер тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Бүгін мен ескерілуге тиіс тағы бірқатар мә­селені айқындадым. Жүргізіліп жат­­­­қан конс­титуциялық реформа мен күрделі гео­сая­си ахуал жағдайында барлығымыз белсен­ді әрі жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Аманкелді Шопан


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру