Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Тұрғын үй құрылысы қарқынмен жүргізілуде

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Құрылыс индустриясы қазіргі экономиканың аса маңызды салаларының сапынан орын тебеді. Өңдеу өнеркәсібінің өркендеуіне орай елімізде құрылыс қар­қыны үдей түсуде. Оған отандық жалпы ішкі өнім үлесінде құрылыс секторы салмағының жылдан-жылға арта түсуі айғақ. Соңғы жылдары индус­трияландыру картасы аясында жаңа жобалар іске қосылып, еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз ететін жүйелік шаралар қабылданды, «цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орай саланы техникалық қайта жарақтандыру жалғасын табуда.
Экономика салаларының ахуалына әр жылдың ақ­паратын алға тарта отырып, салыстыру ар­қылы көз жеткізе аламыз. Бұл орайда әдетте ұлт­тық статистика деректеріне, сондай-ақ салалық министрлік мәліметтеріне сүйенеміз. Мәселен, өт­­кен жылы қаржыландырудың барлық көздері бой­ынша тұрғын үй құрылысына 829,6 млрд. теңге инвес­тиция жұмсалып, жалпы алаңы 10 512,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл мұның алдындағы жылдың көрсеткішімен салыс­тырғанда 117,6 пайызды құрайды. Тұрғын үйді іске қосу жылдық жоспардың 146 пайызына барабар бол­ған. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 1 021,4 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосқан. Меншіктің жеке нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар және тұрғындар есепті кезең ішінде жалпы алаңы 9 140,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген. Республика бойынша 89 385 бірлік тұрғын үй, оның ішінде 35 884 жеке тұрғын үй халық игілігіне жаратылған. Кезектегілерге коммуналдық тұрғын үйді іске қосу жоспары 221 пайызға, жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді іске қосу жоспары 226 пайызға орындалған.
2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызмет еткен кезеңнен бастап 814 629 қатысушымен 407 098,1 млн.теңге сомасында тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісім-шарт жасаған. Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісім-шарттың ең көп үлесі Астана, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарына тиесілі. Тұрғын үй түйткілдерін шешу мақсатында құрылыс аудандарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде бұл мақсатқа 85 086,3 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 7 225,2 млн.теңге; Ұлттық қордан 77 861,1 млн.теңге бөлінген. Экономикалық өсуді ынталандыру және жұмыспен қамту шаралары шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылым салуға арнайы резервтен қосымша 22,814 млрд. теңге аударылған.
Құрылысшылардың биылғы межесі де биік. Үс­тіміздегі жылы құны 1 трлн теңге болатын 150-ге жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Мұның нәтижесінде 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіптік дамудың келесі кезеңі – Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы технологиялық дамудың жаңа сапалы деңгейіне өту мақсатымен биылғы жылы салада цифрлық технологиялардың мүмкіндігін көрсету алаңдарына айналатын жеті модельді цифрлық фабрикалар аудиті бойынша жұмыс басталады. Бұл кәсіпорындар қатарына «Кентау трансформатор зауыты», «Карлскрона», «Химфарм», «Евразиан фудс», «Алматы вентилятор зауыты», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазхром» сияқты алдыңғы қатарлы өндіріс орындары кіреді. Сонымен қатар жүйе құраушы тау-кен металлургия кәсіпорындарында Индустрия 4.0. технологиясын енгізу жобалары іске асырылады. Сондай-ақ биыл цифрландыруды нүктелік ынталандыруға қатысты кәсіпорындардың шығындарын өтеу кезінде олардың түрлерін анықтау, гранттар, қолжетімді несие капиталын беру сияқты қолдау шаралары ішінара қайта қаралады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жүктелген тап­сырмаларға сәйкес жыл соңына дейін «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға бағытталған Ин­дустрияландырудың үшінші бесжылдығы тұжы­рым­дамасы әзірленетін болады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру 2018 жылы өңделген экс­порттың құндық көлемінің өсімін 10,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігін 6 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталын 1 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру тетіктері қайта қаралады.
Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы Жол­дауында жүктелген тапсырмаларды іске асыру аясында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік стандарттарды жетіл­діру жұмыстары басталып та кетті. Тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс және ипотекалық несие беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Коммерциялық банктер биыл құрылыс салушыларға 125 млрд теңгеге субсидияланған несие мен 105 млрд теңге ипотекалық несиелер беретін болады. Банк секторын жаңғырту несие берудің жыл сайынғы көлемін 350 млрд теңгеге дейін жеткізуге және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің экономикалық белсенді салымшыларының үлесін 12 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп күтілуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру