Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

«Атамекен» кәсіпке ерте мамандануды ұсынады

Мұндай шара оқушыларды жеке даму жоспарын құруды көздейді және олардың мамандықты дұрыс таңдауына жол ашады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев хабарлады.

Бүгінгі таңда еңбек нарығында «дипломды жұмыссыздық» белең алып, теңгерімсіздік орын алған және білім беру бағдарламалары­ның мазмұны жұ­мыс берушілердің қажеттілі­гі­не сәйкес келмейді, осының салдарынан қазір­гі заманғы мамандардың даму сатылары жеткілікті қосымша құнды қамтамасыз етпей­ді, деп санайды Ұлттық палата өкіл­дері.
«Жыл сайын 354 мың оқушы мектеп бітіреді, 21 мыңдай азамат орта мектепті бітірген соң не коллеждге, не жоғары оқу орнына түспейді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде барлық оқушылардың 55%-ын ғана жұмыспен қамтиды. Орта есеппен мұндай мамандар жоғары жалақы алмайды. Дәл осындай жағдай жоғары оқу орындарында да бар», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Мәселені шешу мақсатында «Атамекен» мектеп білім беру бағдарламасында адами капиталды ұтымды пайдалануды ұсы­нады. 7-сыныптан бастап, балаларды кә­сіби бағдарлап, олардың бойында қандай қабілет болса, соған қарай бағыттау керек. Осылайша оқу үдерісінде балада өзінің жеке даму жоспары пайда болып, бала болашақ мамандықты саналы түрде таңдайды.
«7-сынып оқушыларының ерте кәсіби мамандануы диагнозын анықтау бойынша пилоттық жобасын жүргізу бастамасы Бі­лім және министрлігінде талқыланды, бұл жобаның іске асырылуында белсенді атса­лысуға дайынбыз. Біз осы тақырып аясында пікірталас барын сеземіз, әрі бұл жұмыстың қажет екенін дәлелдеуге әзірміз», – деді Эльдар Жұмағазиев.
«Атамекенде» оқушылар әлеуетінің терең дамыту құралы ретінде 10 және 11 сы­ныптарына арналған High School жүйесін қарастырады (мәселен, физика және математикалық, биохимиялық, экономикалық, гуманитарлық, лингвис­тика­лық бағыт). Өз кезегінде кәсіпкерлік сектор мұндай мектептерді ашуға Құрылыс нормалары мен ережелері және Санитарлық нормалар мен ережелерді ырықтандыру жағдайында атсалысуға, сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға дайын. Кәсіби диагностика және High School жүйесі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын түбегейлі өзгертуі мүмкін, алайда Ұлттық палата оң әсер болатынына сенімді.
Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, кол­ледждер бойынша бүгінде 489 мың студент­тің 5%-ы ғана дуальді формада оқиды. Дуальді білім беруді жаппай енгізудегі ке­дергілер экономикалық ынталандырудың болмауынан және түлектерді жұмысқа орналастыру мониторингінің ашық жүр­гі­зілмеуінен туындап отыр. Тура осындай жағдай жоғары білім беру жүйесінде де орын алған. Мәселен, 2017 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдары мен ветеринария саласын бітірген түлектер саны 2 345 адамды құрады, ал 2020 жылға дейін бұл мамандарға деген қажеттілік небәрі 2 614 адамды құрайды.
«Яғни, бір ғана жылы бітірген студенттермен қажеттілікті толығымен жабуға болады, бірақ гранттағыларды жұмысқа орналыстыру 42 пайызды құрайды (983 адам) және түлектердің көбі ауылға жұмыс істеуге бармайды. Біз сапалы білімге қажетті шығындарды толығымен қамту үшін грант құнын жоғарылатуды сұраймыз. Бюджеттік мүмкіндіктер шек­теулі екені түсінікті, сондықтан грант құнын гранттар санын азайту арқылы көтеруге болады», – деді спикер.
Жоғары білім берудегі тағы бір сын-тегеурінді «Атамекен» ҰКП жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында, сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жүйесінде көріп отыр.
«Осы екі сын-тегеурінге әсер етудің құралы ретінде «Атамекен» нұсқасы бойынша дайындалған жоғары оқу орындары рейтингін айтуға болады. Бұл рейтинг негізінде түлектердің жұмысқа тұру мен орта еңбекақысы деңгейі, сонымен қатар жұмыс берушілердің оқу бағдарламаларын бағалауы жатыр. Рейтинг мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің тиімді құралына айналып, университеттер мен талапкерлерге және жұмыс берушілерге арналған пайдалы нұсқаулық болады», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Өз кезегінде білім және ғылым минис­трі Ерлан Сағадиев «Атамекен» Ұлттық кә­сіпкерлер палатасына ІТ маман­дығы бойынша жоғары оқу орындары рейтингін анықтауда атқарылған қыруар жұмыс үшін алғыс білдірді. Министр Ұлттық палатамен бірлескен жұмыс білім беру жүйесін жетілдіруге жол ашатынын айтты.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру