Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

«Оскар» сыйлығы табыс етілді

Алматыда тәуелсіз «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылар қазіргі заман әдебиетінің, кітап нарығының дамуына үлес қосқан жандарға арнайы сыйлық табыс етті. Шара барысында авторларға алғаш рет әдеби «Оскар» сыйлығы табыс етілді.

«Алтын қалам» әдеби сыйлығын ұйым­дастыру комитетінің мүшесі Кенже Жұман әдеби «Оскарға» лайық деп танылған адамдар қалай іріктелгенін айтты. «Алтын қалам» әдеби байқауын біз 2017 жылы 6-шы рет өткіздік. Келесі байқауға дейін жұрттың назарын әдебиетке бұру үшін тағы да қосымша шаралар ұйымдастыруды жөн көріп, осы әдеби «Оскарды» ойластырдық. Мақсатымыз – 2017 жылды қорытындылау. 2017 жылы қандай кітап, қандай баспагер, қандай меценат әдебиеттің дамуына үлес қосты, соны анықтап, марапаттағымыз келді. Біз үздіктерді таңдау үшін әлеуметтанушылардың қызметіне жүгіндік. Олар қаңтар айы бойы сараптама жасап, ең үздіктерді анықтап берді. 5 аталым бойынша 5 тұлғаны әдеби «Оскарға» лайық деп таптық», – деді К.Жұман.
Әдеби «Оскар» 5 аталым бойынша 5 адамға табыс етілді. Оны «Алтын қалам» ұйымдастыру комитетінің мүшелері: Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Нұржан Жалауқызы, Досым Сәтпаев, Қуат Домбай сынды әр саланың белгілі мамандары іріктеген. Сонымен, 2017 жылдың ең үздік «Жыл баспагері» сыйлығына Мереке Құлкенов лайықты деп танылды. Сондай-ақ, «Жылдың әдеби дебюті» аталымы бойынша «Чёрная кровь Казахстана. Нефтяная история независимости» кітабының авторы Олег Червинский марапатталса, оқырман таңдауы бойынша үздік кітапқа арналған «Кітап лайк» аталымына Зира Наурызбаеваның «Четыре облака» кітабы, «Жылдың үздік меценаты» сыйлығына кәсіпкер Бауыржан Оспанов лайық деп танылды. Сонымен қатар, саясаттанушы Ерлан Қариннің америкалық сарапшы Джейкоб Зеннмен бірлесіп жазған «Между ИГИЛ – Аль-Каидой: Центральноазиатские боевики в сириской войне» кітабы «Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап» аталымы бойынша оқырман үшін маңызды кітап деп аталды. Әдеби сыйлыққа «Оскар» мүсіншелерін мүгедек балалар әзірлеген. «Жеңімпаздарға тапсырылған мүсіншелер «Эльдани» қайырымдылық қорының «Сәндік қолданбалы өнер шеберханасында» жасалған.

Қайрат ӘЛІМЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру