Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Оқушылар квест ойынына қатысты

Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы және Didakt-kz кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығы «Х адамдар: Мамандықтар әлеміне саяхат» атты ауқымды квест ойынын ұйымдастырды. Биыл кәсіби бағдар беру іс-шарасы Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында өтті.

Квест ойыны әр түрлі мамандықтардан құралатын 10 интерактивті стансадан тұрады. Бекеттерде оқушылар стансаның атын ғана емес, мамандыққа қатысты күрделі тапсырмаларды орындауы тиіс. Шараға Талдықорған қаласының 60-тан астам оқушысы қатысты.
«Өткен жылдан бері кәсіби бағыт беру жұмысын жаңаша форматқа ауыстырдық. Ма­мандықтар бойынша дәрістерді қоя тұрып, оқушылар үшін танымдық квест ойынын ойлап таптық. Балалар тәжірибе жүзінде қарапайым кәсіби қабілеттерді бойларында шыңдауына мүмкіндік береді. Шарамызға қаланың жалпы білім беретін мектептерінен 9 топ қатысты», – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарова.
Қатысушыларға арналған бекеттерді құрас­тыруға Алматы облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті, №54380 әскери бөлімі, Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, «Білім» колледжі, Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі, сервис және технологиялар колледжі, агротехникалық колледжі, гуманитарлы-техни­калық колледжі, медициналық колледжі және поли­техникалық колледжі қатысты.
Стансаларда балалардың жылдамдығы, ептілігі мен дәлдігі сарапқа салынды. Мәселен, «Құрыштан жасалғандар» атты бекетте құрастырылымдарды іс жүзінде күйдіріп, дәнекерлеуші мамандығы бойынша сұрақтарға жауап беру керек болды. Ал «Қайнар Құрылыс» бекетінде қатысушылар дайындалған үй макетін бөлшектеп, кейін қайта құрастырды.
«Бұл шара оң әсер мен жарқын сезімдер сыйлады. Ойын болғанына қарамастан, көпшілігіміз үшін болашақ мамандығымызды таңдауға өз көмегін тигізді», – дейді №9 орта мектеп оқушысы Аружан Қадыр.
Квест ойыны қорытындысы бойынша бірінші орынды №9 мектеп иеленсе, екінші және үшінші орындарды №12 мен №17 мектептер бөлісті. Же­ңімпаздарға сертификаттар мен естелік сый­лықтар табысталды. Олар өз кезегінде жалпы ойын­ның финалына жолдама алады.
«Балалардың көздерінен үлкен қызығушылық пен жаңа бастамаларға деген құлшынысты бай­қадық. Бастысы, оқушылар бақылаушы емес, бел­сенді қатысушы ретінде танылды, топ үшін өз­дерінің үлесін қосты. Біздің балалар өмірдегі ең негізгі – болашақ мамандық таңдауды жасай білуі тиіс», – деп қосты Didakt-kz кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығының же­тек­шісі Гүлбарам Адамбаева.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, алдағы уа­қыт­та «Х адамдар: Мамандықтар әлеміне саяхат» квест ойынының қосымша екі іріктеу ойыны өтеді. Жеңімпаздар ойынның финалына қатыса алады.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру