Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Мәртөктің мүмкіндігін пайдалану керек

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулеріне қатысуын жалғастыруда. Осындай әлеуетті мекендердің бірі – Мәртөк ауданында болған облыс басшысы ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына көңіл бөліп, биылғы міндеттерді нақтылады.

Есептік кездесуде сондай-ақ Президент Әкім­ші­лігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков болды. Аудан әкімі Нұржауған Қалауов өткен жылы ауданда әлеуметтік-эконо­ми­калық дамудың тұрақтылығы байқалып, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,5 миллиард теңгеден астам соманы құрағандығын айтып өтті. Негізінен ауыл шаруашылығына басымдық берілгенімен, тоғыз кәсіпорын үздіксіз жұмыс істеп тұрған мекенде 4,9 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылып, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,4%-ке көбірек болды. Мұнымен қатар ауыл шаруашылығы жалпы өнімін өндіруді ұлғайтып, бұл 19,25 миллиардтан астам теңгені құраған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары 100%-ке орындалды. 953,8 миллион теңге инвестиция тартылып, тауар өндірушілерге 500 миллион теңге субсидия берілген. 95,8 мың гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымы себіліп, сапалы өнім алынды. Егіс алқабы 8,6 мың гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін өсіру белсенді қолға алынды. Суармалы жерлер алқабы 11%-ке ұлғайтылып, биыл дәнді және майлы дақылдарды 10 мың гектарға арттыра себу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар 13 кооперативтің белсенді қатысуымен жүзеге асырылуда. Биыл асыл тұқымды ірі қара 20,8%-ке, ұсақ мал 12,3%-ке арттырылады. «Айс» тауарлы сүт фермасында мал шаруашылығы базасы салынып, 5 мың бастық ірі ешкі фермасы іске қосылатын болды. Өткен жылы сүт өңдейтін цех, наубайхана ашылды.
Бүгінгі таңда ауданда еңбекке қабілетті тұрғындардың 40 процентінен астамы шағын және орта бизнеспен айналысып, мемлекеттік бағдарламаларға белсене араласады. Олар жыл ішінде 3 миллиард теңге көлемінде несие алса, соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша марал шаруашылығын дамыту, панто-емдеу орталығы құрылысы жұмыстарын құрайтын 18 жоба іске асырылыпты.
Құрылыс секторында да біршама өсім байқалып, 16,8 мыңнан аса шаршы метр тұрғын үй салынды. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен жекеменшік инвестициялардың арқасында екі мектеп, төрт балабақша, үш спорт ғимараттары мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Жалпы облыстың даму барысы туралы айта келе, Бердібек Сапарбаев осындай есепті кездесулер елді мекендердің өзекті проблемаларын шешуге негіз болуы тиістігін баса айтты. Әрбір тұрғын атқарушы биліктің атқарып жатқан шаруаларынан толық хабардар болуы керектігіне назар аударды.
– Мәртөк – болашағы бар өңірлердің бірі. Сондықтан ауданның тиімді орналасуын, нақты бағыттағы әлеуетін дұрыс пайдалану керек. Мәселен, облысымыз құрылыс бизнесін жүргізу бойынша барынша тиімді өлке саналады. Құрылыс материалдарының 80 процентін өзімізде шығарамыз, сырттан тек цемент пен металды әкелеміз. Сондықтан карьерлерді, қиыршық тастарды, ірі құмдарды пайдаға жаратуға мүмкіндік мол, – деді облыс басшысы.
Б.Сапарбаев автожолдар құрылысына нақты тоқталып, қазіргі уақытта аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ жалпы ауданда мал шаруашылығын дамытып, ет пен сүт өнімдерін өңдеуге назар аударуы керектігін тілге тиек етті. Су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығының рентабельді жұмыс істеуі үшін жерді сауатты игерудің өзектілігін атап айтты. Қазіргі таңда ауданда игерілмей жатқан 20 мың гектардан астам жер мемлекеттік қорға қайтарылды. Өткен жылы 7 млн. гектардан астам жерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 400 мың гектар айналымға енгізілген. Бұл жұмыстар алда да жалғаспақ және ол үшін мәліметтердің электронды базасы құрылады. Алқапта тыңайтқыштарды қолданудың маңыздылығына тоқталған аймақ басшысы мемлекет олардың жарты құнына субсидия жасайтынын, бұл ретте жері құнарлы Мәртөк ауданында нашар өнім алуға болмайтынын атап көрсетті.
Тұрғындар көтерген мәселелер мен сауалдарды мұқият тыңдай келе, Б.Сапарбаев проблема­лар кезең-кезеңімен шешілетіндігін алға тартты. Ол ауыл тұрғындарын ауыл шаруашылығы өндірісінің дәс­түрлі емес түрлерімен белсендірек айналысуға шақырды. Дүкен сөрелерінде тасымалмен жеткі­зілген өнімдердің орнында өз өнімдері тұруы үшін ауылда көкөніс, жеміс-жидек өсіру, қоян, балық, ара шаруашылығын қолға алу қажеттігі сөз етілді. Бұл тұрғыда ауданның барлық тұрғындары ауылдың дамуына белсене қатысуы, еңбектеніп, өз әл-ауқатын жақсартуы қажеттігі айтылды.
Ал аудан басшылығы мемлекеттік-жекемен­шік серіктестікті белсенді өрістетіп, бюджетті толық­тырудың қосымша көздерін қарастыруы, кә­сіпкерлік пен ауыл шаруашылығын, өнер­кәсіп­тің барлық түрлерін, жол бойындағы қызметті дамы­туға бағытталған мемлекеттік бағдарлама­ларды тұрғындар арасында түсіндіруді күшейте түсуі қажет.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X