Валюта бағамы: $ 325.75 382.04 5.31 ¥ 51.04

Уақыт пен қаржыны үнемдеудің жолы

Шекаралық байланыс, саудадағы алыс-беріс пен импорт-экспорттың барлығы да кеден арқылы өтеді. Қазақстанда мемлекеттік шекарасын айқындап бекіткен жеке мемлекет ретінде кедендік өткізу-қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Кедендік ақпарат жарияланған keden.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасының Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен шектесетін мемлекеттік шекарасында 30-дан астам өткізу бекеті жұмыс істейді.

Қытай шекарасындағы халықаралық өткізу бекеті Алматы және Шығыс Қазақстан облыста­рының аумағына жатады. Қорғас, Қалжат, Алакөл, Бақты, Майқапшағай, Достық бекеттері Қытай мен Қазақстан арасындағы барыс-келіс пен тауар айналымының қауіпсіздігіне жауапты. Тиісінше Қырғыз Республикасымен арадағы шекаралық байланысты Жамбыл облысы кеден бақылау департаменті 7 кеден бекеті арқылы басқарады. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы бақы­лауды Оңтүстік Қазақстан облысы кедендік бақылау департаменті 8 кеден бекеті арқылы жүргізеді. Ал Маңғыстау облысында Бейнеу, Тәжен кеден бекеттері Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сақтық шараларына жауапты. Ал Түркіменстан шекарасындағы байланысты Темір баба кедендік бекеті жүзеге асырып отыр.
Қазақстанның солтүстік шығысы, сол­түс­тік және солтүстік батыс аймағы түгел дерлік Ресей Федерациясымен шекараласады. Осы ау­мақ­тағы кеден бақылауы және бар. Сонымен қатар, «Ақтау», «Қарашекпен» теңіз порты мен Атырау, Өскемен, Тараз, Шымкент және тағы басқа да қалалардың әуежайы арқылы да кеден­дік бақылау жүргізіледі. Мұның барлығы да елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы, жеткізілетін тауарлардың сапалылығы мен дұрыстығы, елден заңды тауардың шығарылуын қамтамасыз ететіні анық. Бұл бекеттердің барлығынан да жүк қозғалысы бақылауға алынып, оның қауіпсіздігі мен сапалылығын қадағалауда қауырт уақыт ке­те­тіні белгілі. Мемлекет басшысы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Жүк қоз­ғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», деп ерекше атап өтіп, мақсатты тапсырманы жүктеді.
Бұл тапсырманың орындалу қарқыны жаман емес. 2017 жылдың 26 желтоқсанында Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеден­дік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақ­стан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексіне қол қойды, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасын­дағы кедендік реттеу туралы» жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Бұл кодекстің дайындалуына бизнес-қоғамдастық қатысып, 500-ден аса ұсынысы енді.
Кодекстің өзінде адам факторының қаты­суын азайтуға және электронды деклара­ция­лауға басым­дық берілген. Қазақстан бизнес-қоғамдасты­ғы­ның тікелей қатысуымен дайын­далған құжат кедендік рәсімдеу процедураларын жеңілдетіп, уақыт пен қаржының шы­ғынын төмендетуге ба­ғыт­талған. Бұл кодексте электрондық кедендік де­кларациялауға ба­сымдық берілген. Сондай-ақ кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұл­ғаларының қатысуынсыз – ақпа­раттық жүйелерді қолданумен автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте кедендік операцияларды жасауды жылдамдату мақсатында біруақытта бірнеше кедендік операциялар кезінде қолданыла алатын қосымша алдын ала ақпаратты ұсыну қарастырылған. Ал бизнесті жүргізуді оңай­лату мақсатында сыртқы экономикалық қыз­метке қатысушыларға кеден бажын кейін төлеу немесе бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.

Қарлыға МЫРЗАЛИМОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру