Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Болашаққа бастар жол

Әбдіжапар САПАРБАЕВ

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының дер кезінде қабылданғаны және де экономика салаларына цифрлік технологияларды енгізуді жүзеге асыру мәселесінде біздерге ауқымды жұмыс атқару қажеттігі бүгінгі таңда өте өзекті болып отыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған болатын және ақпараттық технологияларды эконо­миканың бес бағыты бойынша енгізу көзделуде. Олар: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру». Аталған бағыттар бойнша 2018-2022 жылдары аралығында 120 іс-шара жүзеге асырылады.
Еліміздің Президенті биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы да­мудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу қажеттігін қадап айтты. Бұл деген сөз, ел экономикасының түбегейлі жаңғыруы үшін жаңа технологияларды енгізу, өндіріс саласын цифрландыру мәселелеріне назар аудару. Яғни, экономика салаларын цифрландыру – заман талабы. Қазіргі таңда цифрлық технологиясыз жетістікке жеткен кәсіпорынды елестету мүмкін емес, ондай өндірушілер тауарының сапасы мен бағасында ұтылып, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Ойлап қарасақ, өндірісте 10% адами факторға, яғни адамның қателіктеріне байланысты. Цифрлық технологиялар мұндай жағдайды болдырмайды.
Әлем адамзат үшін шын мәнінде бірегей мүмкіндіктер ашатын төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа техно­логиялардың енуі экономикалық ұстанымды, адамдардың өмір сүру салтын, жұмыс күші нарығын түбегейлі түрде өзгертпек. Цифрландыру тұтастай алғанда өркениетті қоғамды және әрбір адамның жеке ерекшеліктерін жаңа сапалық қалыпқа түсіреді. Шынында, әлемде жаһандық ғаламат өзгерістер өту үстінде. Тағдырын сын-қатерлерге торлатып алған елдер де жоқ емес. Бағымызға қарай, Еліміз – Елбасымыздың: «дамыған отыз елдің қатарына кіру», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы», «Индустрияландыру» бағдарламасы, «Цифрлы Қазақстан» жә­не «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейін­гі дамуының кешенді стратегиялық жоспары» ұзақмерзімді мақ­сатты бағдарламаларын ұстанып, жан-жақ­ты қарқынды даму үстінде. Биылғы Жолдау өнеркәсіптік шарықтап даму мен соған бейім­делу және жетістікке жету жолында не істеу қажеттігін айқындайды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының өзек­­тілігі сол, денсаулық сақтаудан бастап өн­діріске дейін барлық саланы қамтитындығы. Сон­дықтан, жобаларды кешенді түрде жүзеге асыру керектігін қажет етеді.

Елбасы Жолдауында ұсынылған ел дамуының басты бағыты – цифрландыру, яғни Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны белсенді енгізу қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің экономика және әлеуметтік салаларындағы күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін аса маңызды 10 міндетті белгілеп берді. Бұл міндеттер – биік белестерді бағындыруға жете­лейтіні сөзсіз.
Индустрияландыру – бұл жаңа инновация­лық технологияларды енгізу. Кәсіпорын­дар­ды жаңғыр­туға және цифрландыруға бейім­дік, өнімнің экс­портқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзір­леп, сыннан өткізу. Инновациялық орта­лық­тар мен технология­лардың қызметін арттыру, ұйым­дастыру және қайта қарау. Экономиканы цифрландыру. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын индустрияландыру та­лаптарына бейімдеу. Ресурстық әлеуетті дамыту. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қар­қынды дамыту мүмкіндігі. Көлік-логистика ин­фра­құрылымының тиімділігін арттыру. Қаржы секторын «қайта жаңғырту» мен құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, міне осылар алдағы кезеңдегі негізгі атқарылар міндеттеріміз болып табылады.
Өткен жылғы басты қорытынды бұл – ел экономикасын қалпына келтіру үдерістерін жандандыру және оның жоғары қарқынмен дамуға қадам басуы болғаны белгілі. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, ЖІӨ 4 пайызға өскен. Өсімге себеп болған негізгі фактор – сауда секторларында өндірісті кеңейту, инвестициялық белсенділікті арттыру және ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі. Сыртқы жағдайлардың оң әсері ретінде мұнай мен металдарға жоғары баға конъюнктурасын, сондай-ақ ЕО, Ресей және Қытай секілді негізгі сауда серіктестер саналатын мемле-кеттердегі экономикалық жағдайдың жақ­саруын айтуға болады. Өткен жылдың 11 айы-ның қорытындысы бойынша аталған елдерге жасал­ған экспорт көлемі де өскен. Мысалы, Ресейге – 33 пайыз, ЕО – 31 пайыз, Қытайға – 34,9 пайыз.
Статистикамен сипаттайтын болсақ, ЖІӨ-нің 4 пайыздық өсіміндегі шикізаттық емес сектордың үлесі – 60 пайыз. Тұтастай алғанда, нақты секторда экономиканың барлық салаларында өндірістің синхрондық өсімі байқалады. Соның ішінде, жоғары көрсеткішке ие болған – өнеркәсіп саласы. Ондағы өсім деңгейі – 7 пайыз. Сонымен бірге, көлік саласында – 4,8 пайыз, байланыс –3,3 пайыз және саудада 3,2 пайыз ілгері жылжу үрдісі бар. Мұнай өндіру көлемінің артуынан тау-кен өнеркәсібінде де озық көрсеткіштер көзге түсті. Өңдеу өнеркәсібі бойынша, Индус­триялан­дыру картасындағы жобаларды іске асырғанның арқасында сектор 5,1 пайызға артқан. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы 850 млрд теңгеге 62 жоба енгізілді және 5,5 мың жұмыс орны ашылды.
Фармацевтика саласы қарқынды дамып келеді, сектордың өнімі 41,8 пайызға артқан. Жеңіл өнеркәсіп те өзге салалардан артта қалмай, 9 ин­вес­тициялық жобаны іске қосуға және жүйе құрушы компаниялардың қазақстандық қамтуының ұлғаюына байланысты өндірісті 7,3 пайызға арттырған екен. Сонымен бірге, химия – 7,2 пайыз, металлургия – 5,9 пайыз, мұнай өңдеу – 5,1 пайыз, тамақ өнеркәсібі 4,1 пайыздық өсім көрсетіп, нарықтағы сұраныстың артуынан аталған салалар серпін алып отыр.
Бұдан өзге, машина жасау саласында 5,6 пайыз ілгерілеу байқалса, ауыл шаруа-шылығында өсім 2,9 пайызды құраған. Соның ішінде, өсімдік шаруашылығының өнімі – 2,2 пайызға, мал шаруашылығы өнімі 3,9 пайызға артқан.
Елімізде өткен EXPO – 2017 халықаралық көрмесі де бөлшек сауда сегменттерінде, мейрамхана, қонақүй бизнесі және бүкіл қызмет көрсету салаларында шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейте отырып, Қазақстанға көптеген туристерді тартты. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың көбеюіне біршама көмектескен.
Сондай-ақ, 2017 жылы негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі 5,5 пайызға артқан. 2017 жылдың 11 айында инвес­­ти­ция­лардың не­гізгі өсімі ауыл шаруашылығы­на бағытталды. Бұл салаға құйылған қаражат 29,3 пайызға артса, саудада бұл көрсеткіш – 21,8 пайыз, құрылыста – 11,8 пайыз, байланыс секторында – 9,5 пайыз және өнеркәсіпте 3,8 пайыз болды.
2017 жылдың 9 айында Қазақстанға $15,7 млрд астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 5,3 пайызға жоғары. Елдің сыртқы сауда айналымы да 25,1 пайызға ұлғайып, жағымды жаңалықтар легін жалғады. Бұл салада айналымда болған қаражат көлемі 69,5 млрд АҚШ долларына жеткен.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарастырылған қаражат 99,9 пайыз немесе 472,3 млрд теңгеге игерілді. Қаражат келесілерге бағытталды: көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту – 325,8 млрд теңге; индустриялық инфрақұрылымды дамыту – 16,3 млрд теңге; ТКШ және тұрғын үй құ­ры­лысы – 51,7 млрд теңге; білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту – 68,1 млрд теңге; Қазақстанның ХҚО-мен бірлескен жо­балардағы үлесіне – 10,4 млрд теңге.
Индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан өнімдерді экспорттау мен технологияларды трансферттеуге баса назар аудара отырып, отандық кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыруға бағытталған жаңа құралдар әзірлеу, сондай-ақ бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлау бойынша қанатқақты жобаларды анықтау және оларды іске асыруға кірісуіміз қажет.
Біздер бүгінгі таңда күллі өмірімізді, жұмыс істеу үрдісімізді және қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертетін революцияның бастау көзінде тұрмыз. Яғни, келешекте жоғарыда айтып өткен экономика салаларын ары қарай дамыта түсу үшін, біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мо­биль­ді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыта түсу қажет.
Цифрлық экономика басқару жүйелері мен үлгі­лерін түпкілікті өзгертуде. Бүгінде біз өзге мемлекеттердің цифрлы технологияларынан бастап, танымал месенжерлері, пошта сервер­лері, браузер, әлеуметтік желілеріне дейін тұты­натынымыз жасырын емес. Осы орайда, элек­трондық өнім мен отандық өндіріс технологияларын жетілдіруге назар беруіміз керек. Міне, сондықтан да біздер жасанды интеллект, роботтандыру, робот-автокөліктер, үш өлшемді принтер, нанотехнология, биотехнология сияқты күллі әлемді өзгертетін ең пәрменді және таңғажайып технологиялық болмыстың куәсі боламыз.
Қазіргі таңда адам айтса нанғысыз ақылды технологиялар өмірімізге дендеп ене бастады. Соның бірі – адаммен деңгейлес ойлай алатын жасанды интеллект жүйесі.
Жасанды интеллект ғылымның жаңа бір саласы ретінде ХХ ғасырдың ортасынан дами бастады. Оның қарыштап ілгерілегені соншалық, қазір барлық салада кеңінен қолданылады. Рас, басында бұл бағдарламалық жүйе адамның еңбегін алмастыратын көмекші құрал ретінде пайдаланылды. Ал қазір адамдардан да асып түсіп, оның ақыл-ойы жете бермейтін жағдайларда көмекке келетін болды. Жақында Қытайдың Хэньян қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллект жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан.
Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған. Жасанды интеллектіні медицинада қолдануды Қазақстан да қолға ала бастады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып жасанды интеллектіні алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізіліп жатыр екен. Бұл жүйенің тиімділігі сол, науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде.
Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқайтын болады.
Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді бі­рік­­тіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолда­ну, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиім­ділігін арттыру қажеттігін тапсырды.
Білім және ғылым мемлекетіміздің әлеу­меттік-экономикалық капиталы дамуының негіз­гі факторы болып табылады. Білім саласын дамыту инновацияны ендіруге септігін тигізіп, эко­номикалық өсудің негізгі қозғалыс күші болып табылатын қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қа­білетті болуға қажетті жастарды керекті білім және дағдылармен қамтамасыз етеді.
Дамыған және дамып жатқан мемлекет­тердің тәжірибесі көрсеткендей, сандық білім беру технологияларын ендіру Қазақстан Республикасы бі­лімінің ақпараттық инфра­құрылымын әлемдік білім беру орталығына біріктіреді. Әлемдік тәжі­ри­бені ескере отырып, білім және ғылым сала­сына сандық инновациялық технологиялар­ды енгізу қажет. Олар келесі мәселелерді ше­шеді: білім беру ұйымдарының қорлары мен инфра­құрылым­дарын есепке алу; кадрларды бас­қару; білім алушылар контингентінің қозға­лысын болжау; қаражатты жоспарлау және бақылауды қамтамасыз ету; гранттарды бөлу про­цесін автоматтандыру; бітірушілерді маман­дығы бойынша жұмыспен қамтуды бақылау; жұмыс берушінің тікелей қатысуымен аймақтық еңбек нарығының жұмысшы кадрларға орташа болжамды сұраныстарын уақытында түзету; жоғары оқу орындары мен кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының студенттері үшін оқытудың өзіндік траекториясын таңдауға мүм­кіндікті ұлғайту; ғылыми жұмыстар бойынша мәліметтерді (дипломдық жұмыстар, диссертациялар, ғылыми мақалалар) электрондық түрде жүргізу; электрондық құжаттың растығын тексеруді қамтамасыз ету.
Білім беру сандық технологияларын енгізу білімнің сапасын, білім беру ұйымдарының нәтижелілігін арттыруға, мемлекеттік қызметті электрондық түрде көрсетудің сауда-процесін автоматтандыруға мүмкіндік туғызады. Білім мәселелері әр уақытта мемлекеттің ең маңызды басымдығы болып қалады. Қазақстанда білімде сандық технологияларды қолдану бағытын іске асыру 2016 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 205 жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» шең­бе­рінде жоспарланған болатын.
Цифрлық технологияны енгізу жалқауға, ерін­шекке, кәсіби деңгейін өсіруге ынтасы жоқ­тарға қиындық туғызады. Себебі, өнеркә­сіп­тік төңкеріс көз алдымызда жүріп жатыр. Бұл үде­рісте ең алдымен жұмыссыздық пайда болады. Кімдер жұмыссыз қалады? Әлгіндей кәсіби деңгейін өсірмейтін, жаңалыққа жоқ, жаңа технологияны үйренбейтін, оқу мен кәсіпке құлқы жоқ жандарға айтарлықтай тұсау салады.
Міне, сондықтан алдымызда мүмкіндіктер мен қиындықтар қатар келе жатыр. Осы тұр­ғыдан қарайтын болсақ, цифрландыру өнер­кәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл мем­лекеттің экономикасы үшін өте пайдалы әрі қажет даму үрдісі болмақ. Өйткені әлем елдері де осы бағытпен келеді.
Цифрлы экономика – болашаққа бастар жол. Сарапшылық бағалау бойынша, Қазақстан таяу 10-20 жылда да экономика өсімі бойынша көшбасшы елдердің санатында болады. Бірақ әлемде жиі айтылып жүрген қазақстандық ғажайыптың мәні одан да тереңде жатыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру