Валюта бағамы: $ 325.75 382.04 5.31 ¥ 51.04

Қазақстанның газ саласы – посткеңестік елдер арасында ең үздігі

Neftegaz.RU ресей іскерлік басылымы өз сайтында бұрынғы Кеңестер Одағы елдерінің газ тасымалдау жүйелеріне салыстырмалы талдау келтірілген сараптама жариялады. Мамандар газ саласын дамытудың ең сәтті серпіні Қазақстан Республикасында деген пікірге келді.

Жарияланымда ірі газ кен орындары бұ­рын­ғы одақтың түкпір-түкпірінде молынан ашыл­ғандығы атап өтілген. Газ құбырларының және ілес­пе технологиялық инфрақұрылымдар­дың құ­рылысы қарқын­ды жүргізілді. Бұл көмір­суте­гіне бай республи­калардың, ол кездегі же­текші технологиялар мен жабдықтар құрылысы пайдала­нылған магистральдық газ құбырларымен (МГҚ) және жер асты сақтау қоймаларымен (ЖАСҚ) өркендей түсуіне әкелді. Бірақ КСРО құлағаннан кейін бұрынғы одақ республикаларына газ тасымалдау жүйелерін (ГТЖ) дербес дамытуға тура келді.
Бұл ретте мақала авторлары бұрынғы одақтас елдердің барлығы бірдей осы салада сәтті жұмыс істеп кете алмағанын атап өткен. Оған себеп–ішкі проблемалар, қаржыландырудың жетіспеушілігі, сыртқы нарықтағы өте жоғары бәсекелестік, экспортқа бағдарланған инфрақұрылымның болмауы.
Сарапшылар Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения және Молдова сияқты мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерін салыстыра бағалайды. ГТЖ-ны салыстыра отырып, мамандар газ құбыр­ла­ры­ның тозу дәрежесін, жүргізілген жаң­ғыртуды және газ саласындағы меншікті жобаларды іске асыруды есепке алды.
Ресейлік талдамашылардың пікірі бойынша тұрақтылық және ұзақмерзімдік оң серпін Қазақстанда ғана байқалады. Бұл жерде газ саласы толықтай «апгрейдке» ұшыраған және газ тасымалын дамыту жөніндегі көптеген жобалар іске асырылған, саланың негізгі қорлары толықтай жаңартылып, барлық газ құбырлары бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктірілген. ҚазТрансГаз мемлекеттік компаниясы 55 мың шақырымнан астам газ құбырларын басқарады, оның 19 мың шақырымы – магистральдық желі. Әрі олар­дың ұзындығын 1/3 ұлғайту соңғы 5-6 жылда атқарылды. Осының өзі ірі жетістік. Елдің ГТЖ-нің жай-күйі өте жақсы қалыпта және жылына 85 млрд м3 дейін газ өткізуге қабілетті, перспективада газ айдау көлемін жылына 120 млрд м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Мысалы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында Қазақстан 3 маңызды міндеттің шешімін тапты – оңтүстікке тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету, газ тасымалдаудың бірыңғай жүйесін құру және экспортты ұлғайту.
Осылайша, ҚазТрансГаз, сарапшылардың ба­­ғасы бойынша Орта және Орталық Азияда газ ағын­дарының маңызды және технологиялық аса қуатты операторына айналды. Мақалада оның ТМД газ компаниялары арасында ең жылдам дамып келе жатқан компания екендігі айтылған.

Бекет Көкенайұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру