Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Жалданып жұмыс істейтіндердің 88,6 пайызы кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған

Британияның Legatum Institute сарапшылары 2017 жылы әлемдегі өркендеуші мемлекеттердің Prosperity Index рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде 2016 жылғы көрсеткішті жақсартып, 82-орынан 72-орынға көтерілген. Бұл рейтингті сарапшылар қауіпсіздік, жеке бас еркіндігі, денсаулық сақтау, білім, кәсіпкерлік мүмкіндіктері, экономика, әлеуметтік әл-ауқат пен басқару белгілерінің бағасына қарай дайындайды.

Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Қа­зақ­стан білім беру бойынша 35-орында, ал эко­но­миканың даму көрсеткішімен 46-орынды алған, іскерлік орта – 53. Ал жеке бас бостандығы – 128, басқару – 99 және қоршаған орта 95-орынға тұрақтаған.
Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан алда. Одан кейін Қырғызстан, Тәжікстан бар. Ресей мен Қытай 101, 90-орындарда тұр. Ал бұл рей­тингтің алғашқы үштігін Норвегия, Жаңа Зеландия мен Финляндия еншілеген. Әлемдік рейтингте Қазақстанның экономикалық көр­сет­кіші – 46-орында. Бұл көрсеткішке жалпы ішкі өнім деңгейі, жұмыспен қамтылу әсер ететіні белгілі. Осының ішінде жұмыссыздық – мемлекетіміз үшін өзекті мәселенің бірі.
Экономикалық теорияда жұмыссыздықтың 3 түрі қарастырылады: Фрикциондық жұмыссыз­дық – адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс іздеумен ауысуын айтамыз; Құрылымдық жұмыссыздық – өндірістік қуаттың жетпеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз; Циклдық жұмыссыздық – өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономикалық циклдың осы фазасымен байланысты.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» Жолдауында «Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тапсырма берді. Сонымен қатар Жолдауда «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деп нақты көрсетілген.
Ал елімізде жұмыссыздық деңгейі, олардың жас ерекшеліктері қандай, қанша азамат тұрақты табыс көзін іздейді деген сынды сауал­дардың жауабын нақты сандар береді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті жүргізген зерттеулер мен есептеуі бойынша, 2017 жылғы III тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,0 млн адам. Республика экономикасында 8,6 млн адам жұмыспен қамтылды немесе 15 және одан жоғары жастағы халықтың 66,4%. Жалдамалы қызметкерлер саны 6,4 млн адамды құрады және 2016 жылғы III тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 34,7 мың адамға (0,5%-ға) артты.
Жалданып жұмыс істейтіндердің негізгі үлесі қәсіпорындарда (ұйымдарда) жұмыспен қамтылды – 88,6% (5,7 млн.адам). Өз бетін­ше жұмыспен қамтылғандар саны 2,2 млн. адамды құрады. Өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандардың негізгі бөлігі өз қызметін ауыл шар­уа­шылығында (42,4%), сондай-ақ сауда саласында (30,3%), көлік қызметін көрсетуде (9,2%) және құрылыста (7,5%) жүзеге асырды.
Сонымен қатар 6,5 млн. адамның жоғары және орта кәсіптік (арнаулы) білімі бар, бұл жұмыспен қамтылған халықтың 75,7% құрайды. Ерлермен салыстырғандағы жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі жоғары.
2017 жылдың III тоқсанында жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге дайын болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 441 мың адам болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% (2016 жылғы III тоқсанда – 4,9%) құрады. 2017 жылдың III тоқсанында ерлердің жұмыссыздар санындағы үлесі – 47,3% (208,7 мың адам), әйелдердің үлесі – 52,7% (232,3 мың адам).
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұ­мыс­­сыздықпен күрес, кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз ету, салалық кәсіпорын­дарға лайықты маман дайындау, дуальді білім беру, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, кәсіпкерлікке баулу мәселесіне аса ден қойып отыр.
«Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі» заң жобасы аясында Ұлт­тық палата жұмыссыз және өзін-өзі жұмыс­пен қамты­ған азаматтарды жұмысқа орналастыруда жеке жұмыспен қамту агенттік­терін тарту бастамасын көтерген еді. Бұл бастама қолдау тапты. Осы мақ­сатты мемлекет атқаратын және аутсорсинге берілетін қыз­меттердің тізімі анықталды.
Аутсорсингке жұмыссыз және өзі-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтарды кәсіби бағ­дарлау, оларды оқытуды ұйымдастыру және жұ­мысқа орналастыру қызметтерін беру жоспарланып отыр. Осы мақсатта 2018 жылға 1,5 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар.
Бүгінде «Атамекен» ұлттық палатасы жеке мен­шік жұмыспен қамту агенттіктері арқылы аутсорсинг аясында жеке агенттік қызметінің тарифына қатысты ұсынысты дайындап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдады.
Мемлекет басшысының Жолдауында «Бір­ыңғай элек­трондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс» деген міндет жүктелген. Ал жаңа заң жобасында еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастыратын «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет-ресурсын заңмен бекіту қарастырылған. Осыған орай ҚР Үкіметінің «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізу туралы қаулысының аясында Ұлттық палата мен министрлік жеке интернет ресурстармен келісілген индикативке (жарияланған түйіндеменің 50%-дан астамы жұмысқа орналасса) жеткенде enbek.kz сайтының профильді емес функцияларын нарыққа беру келісімі жасалды.
Сонымен қатар заң жобасы аясында жұмыс беруші босаған жұмыс орны туралы ақпаратты 3 жұмыс күнінде беру нормасын өзгертіп, ақпарат беруді 5 күнге дейін ұзарту ұсынысын ҚР Парламенті Мәжілісі қолдады. Жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығына жұмыс орны босаған жағдайда 3 күн ішінде еңбек шарты мен төлемі туралы ақпарат беруге міндетті еді, енді жаңа заң жобасында бұл мерзім 5 күнге дейін ұзаруы ықтимал.
«Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту орталық­тарының аутсорсингі аясында жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етуге жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар барлық деңгейде әлеуметтік серіктестік жүйесінің жұмыс істеуі мен оның тиімділігін қамтамасыз ету, «Atameken services» бір терезе» аясында еңбек заңнамасы, әлеуметтік кәсіпкерлік, еңбекті қорғау және оның қауіп­сіздігі бойынша кеңес беру қызметін көрсетуді қолға алмақ.

Қарлыға МЫРЗАЛИМОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру