Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Желден жүйрік желаяқтардың сайысы

Иран астанасы Тегеран қаласында жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.

Бұл біріншілікте аруларымыз жарады. Жеңіп алған жүлдеміздің көбісін нәзік жандылар иеленді. 400 метрге жүгірген Светлана Голендова (Жамбыл облысы) мен Элина Михина (ШҚО) алтын мен күмісті өзара бөлісті. 24 жастағы С.Голендова мәреге 53.28 секундта жетті. Э.Михина өз кезегінде 53.49 секундпен күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола жүлде Шри-Ланка спортшысына бұйырды. Ал 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Әйгерім Шыназ­бекова қазақ қыздары арасынан алғаш болып, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Әйгерім Тегранда аталған қашықтықты 8.32 секундта жүгірді. Үшінші алтынға сырықпен секіруші Анастасия Ермакова ие болды. Ару қызымыз 3,70 метр биіктікке секіріп, соның арқасында чемпион атанды. Екінші орындағы Иран спортшысы 20 сантиметрге қалып қойды. Анастасия бұған дейін Өскеменде өткен Қазақстан кубогында 3.81 метрге секіріп, жастар арасындағы Қазақстан рекордын жаңартқан еді. Тағы бір күміс 60 метрге жүгірген Виктория Зябкинаға бұйырды. Алматылық 25 жастағы атлет финалда 7,39 секундпен мәреге екінші келді. Бас жүлде қытай қызы Лиан Сяочжиға (7,20) бұйырды. Қытай спортшысы жабық кешендегі Азия чем­пионатының рекордын жаңартты. Ол рекорд бұған дейін Виктория Зябкинаға тиесілі болатын. Виктория 2016 жылы Катар астанасы Дохада дәл осы қашықтықты 7.27 секундта жүгірген еді. Өкінішке қарай, Рима Кашафутдинова финалда жоғары нәтиже көрсете алмады. Қарағанды облысының атлеті 7.50 секундпен бесінші орынды қанағат тұтты.
Жеңіл атлетикадан жабық кешенде өт­кен чемпионаттың қорытындысында 20 алтын, 18 күміс және 21 қола барлығы 59 жүлде жинаған атлеттеріміз командалық есепте екінші орынға жайғасты. Қытай құрамасы 40 алтын, 22 күміс және 19 қола жүлдемен биік шыңды бағындырды. Алаң қожайындары Иран құрамасы (14 алтын, 21 күміс және 23 қола жүлдемен) алғашқы үштіктің қатарынан көрінді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру