Валюта бағамы: $ 325.75 382.04 5.31 ¥ 51.04

Шаруашылықтар шоғырлана бастады

Ақтөбеде жұмыс сапарымен болған еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі танымал «Айс» фермасына барды. Мұнда ол сүт өндірудің озық технологиясымен танысып, компаниядағы баға тұрақтылығына қызығушылық танытты.

Нарықтағы бағаның өсіп жатқанына қара­мастан, мекеме құрылтайшылары соңғы үш жылда сүт өнімдерінің бағасын көтермеген. Министрге «Айс» серіктестігінің бүгінгі мүмкіндіктері мен даму жоспары таныстырылды. Сондай-ақ Ө.Шөкеев «Айс» ЖШС айналасында жұмыс жасайтын шағын шаруа қожалықтарының басшыларымен тілдесті.
«Біз осында ірі шаруашылықтардың айналасына шағын кәсіпкерлікті тартуды ұсынып отырмыз. Үлкен фермалардың айналасында жүздеген шаруа қожалықтары болуы керек», – деді сала басшысы.
Қазіргі күні Ақтөбедегі сүт фермасы өзінің қуаттылығын одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Бұрын сүт зауытына 7 500 тонна өнім тапсырылған болса, енді сүт өндірісі 500 тоннаға арттырылмақ.
«2011 жылы Венгрия мен Германиядан 900 сиыр сатып алынды. Қазір фермада тұрған ірі қараның бәрі Ақтөбеде өскен, өз жеріміздің тұқымы. Барлығы 860 бас ірі қара бар болса, оның 720-сы сауынды. Өткен жылы әр сиырдан 8 800 литр сүт алынды. Сүт өз зауытымызда өңделіп, дайын өнім Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарына жеткізіліп жатыр. Бір бөлігі Ресейдің Орынбор облысына тасымалданады», – деді компания құрылтайшысы Марат Итеғұлов.
«Айс» ЖШС-ның аумағындағы асыл тұқымды сиырларға арналған жем-шөптің бәрі арнайы дайындалады. Сиырларға ұнтатылған жүгері де беріледі. Ал жыл сайын асыл тұқымды ірі қараның 150-200-і сатылады. Көбіне Оңтүстік Қазақстан облысы сатып алса, ішінара Батыс Қазақстан облысының тұтынушылары да сұраныс береді.
Ал жобаның екінші кезеңінде тауарлы сүт фермасы салынады. Құны 6 миллиард теңге болатын фермада жылына 11 мыңнан астам сүт өндірілетін болады.
Ө.Шөкеев шаруалардан техника, тұқыммен көмектесу жайын сұрап, ферма жұмысын әрі қарай кеңейтуді тапсырды.
Өңірге сапары барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев министрді республикада теңдесі жоқ қызанақ өсіретін жылыжайға апарды. Қысы-жазы бір температураны ұстап тұруға болатын ерекше жылыжайда ылғалды сақтаудың бірегей әдісі арқылы өнімді арттыруға болады. Әдеттегі жылыжайларда қыста жылы ауа жоғары көтеріліп, оны төмен түсіру мүмкін болмаса, мұнда ауа полиэтилен құбырына сорылып, қайта айналымға ену арқылы реттеліп отырады. Бұдан бөлек, жылыжайда орналасқан газ электр станциясы коммуналдық шығынды екі есе арзандатуға мүмкіндік береді.
Қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнімді құрайтын жылыжайда қызанақтың үш түрі өсіріледі. Өнімнің 70 пайызы экспортталса, қалған 30 пайызы ішкі нарыққа бағытталған. Кәсіпкерлер шаршы метрінен 80 келіге дейін қызанақ алады.
«Жылыжайдың географиялық орны да тиімді. Басқа облыстармен қатар, көрші елге де өнімді жоғары сақтау технологиясымен жеткізіп отырмыз. Өнімнің табиғи түрінде сақталуына көп көңіл бөлеміз. Ресей бізден мың жарым шақырым қашықтықта жатыр. Ондағы нарық та бізге өте ыңғайлы, ол жақтағы сұраныс та жоғары. Тығыз байланыс жасап үлгердік. Біз жылыжай аумағын 100 гектарға жеткізгіміз келеді. Қазір тағы 40 гектар жер алынды. Алдағы уақытта 20 гектар жылыжай салынады», – дейді «ГринХаус Қазақстан» жылыжайының директоры Мүслім Бектеров.
Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі кәсіпкерді қолдайтынын білдіріп, жобаны жүзеге асыруға кірісу қажеттігін айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру