Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Экономикалық саясат қандай болады?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары баяндалды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жайы, бәсекелестікті дамыту мәселелері қаралды.

Экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ұлттық банктің басқарма төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Т.Сүлейменовтің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдеме жобасы еліміздің макроэкономикалық және ақша-кредит саясатының 2018 жылға арналған басымдықтары туралы жалпақ жұртты ақпараттандыру мақсатында әзірленген. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету, экономика салаларын цифрландырумен дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту биылғы іс-қимылдардың негізгі бағыттары болмақ.
Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясат ағымдағы жылы инфляция деңгейін 5,0-7,0% дәлізінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл мақсатты қамтамасыз ету инфляцияны 2020 жылдың соңына қарай 4%-ке дейін біртіндеп төмендетуге жағдай туғызатыны болжанған.
Сонымен қатар Үкімет азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағаларының, монополистер қызметтері тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуді назарда ұстап, жасанды тапшылық, бағаға уағдаласу және жосықсыз бәсеке құру мүмкіндігін жоюға күш салады.
Биыл бюджет саясаты экономиканың өсуіне, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға және мемлекеттік қаржы тұрақтылығын сақтауға жәрдемдесуге бағытталады. Бұл ретте мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалатын болады. Экономика салаларын цифрландырумен дамыту мақсатында Индустрияландыру картасы жобасының жобалық қуатына шығуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары технологиялы өндірістер үлесін ұлғайту арқылы индустрияландыру саясаты жалғасатын болады. 3D-принтинг, Big data және бұлтты технологиялар сияқты «Индустрия 4.0.» элементтерін енгізуді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
2018 жылы инновацияларға, технологиялардың трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға жәрдем беруге назар аудара отырып, «цифрлы дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу басталады.
Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту есебінен, егіс алаңдары құрылымының әртараптандырылуын және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымның одан әрі дамуына «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыру ықпал ететін болады.

Елімізде агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру барысы туралы баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтып өткен­дей, АӨК-ті цифрландырудың мақсаты – цифр­лық технологияларды енгізу және бизнесті ауыл шар­уашылығына арналған АТ-шешімдерді дамы­туға тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру.
Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру кеңсесін құрған. Қазіргі уақытта ветеринарлық және фитосанитарлық қауіп­сіздік, астық қолхаттары, несиелік өтінімдерді жинау және басқару жүйесі, ауыл шаруашылығы тех­ни­касының есебі, малды, оның ішінде асыл тұқым­ды малды есепке алу, су және жер ресурстарын басқару процестері автоматтандырылған. Жалпы алғанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі 101 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде бүгінде 62 мемлекеттік көрсетілетін қызмет ішінара автоматтандырылған. Алдағы екі жылда 89 мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылатын болады.
Өткен жылы несие мен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асыры­лып, өтінімдерді уақытылы қарауды бақы­лау қам­тамасыз етілген. Биыл бұл сервис ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін сатып алу және кепіл­дендіру құрал­дары үшін іске асырылатын болады. Сондай-ақ ағымдағы жылы субсидиялаудың 10 бағыты бойынша, 2019 жылы қалған бағыттар бойынша толық автоматтандыру іске асатын болады. Бұл өті­німдерді қарау мерзімін орта есеппен 2,5 есеге қыс­қартып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмен­детеді.
А.Евниевтің айтуынша, цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнама­лық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электрондық аграрлық қолхаттар ен­гізіледі. Ағымдағы жылы жүйені дамыту аясында қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг жүйелері енгізілетін болады. Бұдан өзге, 2019 жылы АӨК өнімдерін қадағалаудың «танаптан үстелге дейін» жүйесі іске қосылады. Министрлікте 2020 жылдан бастап электрондық сауданы толық форматта енгізу жоспарланып отыр.
Жиында саланы цифрландыру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Министр 2021 жылға қарай 19 970 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1 249 елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлім етті. Ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық технологияларды енгізуді жылдамдатудың өзектілігі артқандықтан, бұл бағыттағы оң қадамның бірі – ауыл шаруашылығы үшін мамандарды цифрлық технологиялар бойынша жаппай оқыту болатыны сөзсіз.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру барысын өз баяндамаларында «ҚазАгро» холдингі басқармасының төрағасы Нұрлыбек Мәлелов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Амиран» Қазақ тағамтану академиясы зауытының бас директорының орынбасары Жангелді Әбжаппаров, «Атамекен Агро» АҚ директоры Кентал Исламов өрбітті.
Сала алдындағы жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық, инновациялық секторға айналдыру керек. Осыған орай Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев АӨК-ті цифрландырудың тиімділік көрсеткіштерін қайта қарауды, 2020 жылға қарай «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жол картасына енгізілген ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Жалпы цифрландыру жұмысын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары А.Жұмағалиевқа, салаға бақылау жасау Премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашы­лығы министрі Ө.Шөкеевке жүктелді.
Елімізде бәсекелестікті дамыту туралы баян­да­ған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов­тің мәліметінше, өткен жылы бәсекелестікке кедер­гі келтіретін нормаларды анықтау тұрғысынан 108 заң мен 972 заңға тәуелді актіге ревизия жүргізіл­ген. Көрсетілген заңнамалық актілерге жүргізілген ревизия нәтижесінде бәсекелестікке кедергі келтіретін 144 норма анықталды.
2016 жылы Қазақстанның монополияға қарсы органы ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комите­тіне қатысушы ретінде қабылданды. Биыл мо­но­по­лияға қарсы заңнамасына енгізілген өзгеріс­тер­дің практикалық қолданылуына талдау жүргізу мақ­сатында елімізге ЭЫҰД сарапшылары­ның сапары жоспарланып отыр.
Талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өз пікірімен бөлісті.
Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаевқа Мемлекет басшысының бәсекелестікті дамыту бойын­ша тапсырмаларын орындауды жұмыс дең­гейінде бақылау тапсырылды.
Отырыста мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIІІ қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, ұлттық құраманың алдағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрі бойынша 57 лицензиясы бар.
«Олимпиадалық делегация алдындағы міндет – Сочидегі Олимпиада ойындарының қорытынды­сынан төмен нәтиже көрсетпеу», деді сала министрі.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X