Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Туризм мемлекеттік деңгейде басқарылады

Президент биылғы Жолдауында атап көрсеткендей, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс. Бұл тұрғыда өңір үшін тиімді табыс көздерінің бірі – туризм.

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен конференция Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» 8-ші бағыты аясында туризмді дамыту мәселелеріне арналды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл бағыттағы жұмыстарға кеңірек тоқталды. Министрдің айтуынша, туризмнің алдындағы межелі міндет – ІЖӨ-дегі сала үлесін 2016 жылғы 1%-тен 2025 жылға қарай 8%-ке дейін арттыру. Алға қойылған міндетке жетуге өткен жылы біраз жұмыс бағытталған.
– 2017 жылы Қазақстанның даму тарихындағы жаңа кезең болды. Мемлекет басшысының жеке қатысуы және «ЭКСПО-2017» көрмесін табыс­ты өткізудің арқасында әлем Қазақстанды Батыс және Шығыс мәдениетінің қиылысқан жерінде орналасқан жаңа туристік дестинация ретінде таныды. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет Қазақстан әлемдік туризм картасында айқын кескінге ие болды, – деп атап өтті А.Мұхамедиұлы.
Бүгінгі таңда Туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы қабылданды, онда кластерлік қағида туризмді еліміздің қазіргі экономика саласына табысты трансформациялау үшін негізгі болып айқындалды. Туризмді дамыту тарихында алғаш рет өңірлер мен Мәдениет және спорт министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұдан бөлек, қазақстандық туризмді дамыту тарихында алғаш рет дамыған мемлекеттердің ең үздік тәжірибесі бойынша мемлекеттік деңгейде туризмді басқару жөніндегі кеңсе – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы атынан «Destination management office» құрылды.
Ең маңызды тұсы, post-Экспо кезеңінде туризмді дамыту үшін іргетас қаланды. Астана мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымын дамытудың бағдарламалық құжаттары қабылданды. Сонымен қатар визалық-көші-қон режимі саласында маңызды жылжулар болды. Бірегей визасыз режим енгізіліп, ол 2018 жылдың соңына дейін Алматы мен Астана қалалары арқылы өтетін ҚХР азаматтары үшін 72-сағаттық транзиттік жоба ұзартылды. Жалпы, Қытай туристері үшін енгізілген 72 сағаттық визасыз режим өзім тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, ЭКСПО өткен үш айдың ішінде 4,5 мың қытайлық турист келіп, еліміздің экономикасына әрқайсысы 250-300 доллардан қалдырған. Таяу уақытта мұндай режимді бүгінде экономикасы қарқынды даму жолына түсіп, халқы туристік сапармен жиі шыға бастаған Үндістан азаматтарына да енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы мемлекеттік органдармен келісілу үстінде.
Қазірде Үкімет туризмді ұлттық экономиканы әртараптандырудың алтыншы қозғаушы күші ретінде «Олимпиада трассасына» енгізді. Тағы бір атап өтерлігі, туризмді ұлттық, сондай-ақ шетелдік туристерді тартуға қабілетті Қазақстанның толыққанды бәсекеге қабілетті саласына экономикалық трансформациялау мақсатында заңнамалық өзгерістер үдерісі басталды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ішкі туризмді дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ішкі туризммен келушілер саны 25%-ке артып, 3,5 млн адамды құрады.
Табысты даму бағытында биыл туристік саланы басқаруға ЭЫДҰ халықаралық стандарттарын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ келетін туристердің ағымын арттыру үшін электронды визаны енгізу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы ішкі туризмді дамытуды ынталандыруды жалғастыру, саланы дамытуға халықаралық стандарттарды енгізу арқылы барлық орналастыру орындарында туристік қызметтер ұсыну сапасын жақсарту, ішкі және кірмелік туризмді дамыту үшін ауқымды ақпараттық науқанды іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, әлемдегі үздік туристік климат қалыптастырудың маңызы үлкен.
Сонымен қатар министр туристік өңірдегі ахуалды түзеп, келушілердің үлкен легін тарту үшін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың түбегейлі жаңа әдісі қабылданғанын айтты. Бірінші кезекте ішкі және жол бойында көрсетілетін қызметтер жақсартылатын болады. Бурабайда туристер үшін жайлылықты қамтамасыз ететін жаңа нысандар салынады. Бұдан бөлек, Бурабай көліне қарағанда туристер арасында кеңінен танымал емес Үлкен және Кіші Шабақты көлдерін абаттандыру жоспарланған.
Министрдің дерегінше, соңғы 10 жылда туризм жылдам қарқынмен дамып, әлемдік экономикадағы ең серпінді, өрлей түскен салалардың біріне айналды. Бүгінде туризм әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 процентін құрап, әрбір 10-шы жұмыс орнын құруда. Дүниежүзінде туризм саласына құйылатын инвестиция көлемі 800 млрд долларға жетіп отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X