Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Сенімді серіктестіктің жаңа дәуірі

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарихындағы тұңғыш мәлімдеме

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 қаңтарда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына қатысуы Қазақстанның жаңа жылдың алғашқы күнінен басталған осынау мәртебелі ұйымға төрағалығы кезеңіндегі тарихи оқиға болды.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев­­тың саяси күш-жіге­рі­­нің нәтижесінде тоқса­­нын­шы жылдары әлемге ядро­лық қарусыздану жөнін­дегі жаһан­дық қозғалыстың көшбас­шы­ла­ры­ның бірі ретінде танылған Қазақстанның бейбітшіліксүйгіш миссиясы дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Мемлекет басшысының осы уақыт ара­лығындағы көреген саясаты­ның арқасында Қазақ елі әлем халықтарының жоғары мәртебелі мінбері төрінен төрткүл дүниеге төрелік айту құқына ие болды.
Нью-Йоркте Елбасының төр­аға­лы­ғымен өт­кен алқа­лы жиын­ға Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутерриш қатысып, баяндама жасады.
Ұйымның басшысы Қазақстан Президентіне осындай жоғары деңгейлі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтып, атқарған еңбегін жоғары бағалады. «Қазақстан әрдайым ядролық қарудан азат әлем құруды және оны таратпау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік таныт­қан Президент Нұрсұлтан Назарба­евқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының халықаралық бей­бітшілік пен қауіпсіздікке зияны жөнінде қарар қабылдаған болатын», – деді А.Гутерриш.
Бас хатшы қазіргі таңда әлемде жаппай қырып-жою қаруларынан келетін қауіп-қатерге тоқтал­ды. Сенім шараларының маңыз­ды­лығын атай отырып, Қазақстан­ның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
БҰҰ Бас хатшысынан кейін сөз алған Қазақстан Президенті Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.

– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төр­ағалық қызметімізді әлемдік қо­ғам­дастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәр­тебелі қызметтегі Орталық Азия­ның бірінші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйым­ның бұл маңызды органын­дағы өңір халықтарының «үніне» айналдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұ­мысына былтырғы жылы қосқан үлесін атап өткен Мемлекет басшысы, бейбітшілік пен қа­уіп­сіз­дікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһан­дық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратынын айтты.
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Бас Ассам­блеясының 47-ші сессиясының мінбері­нен Азия­дағы қауіпсіздік және сенім шара­лары жөніндегі өңірлік құры­лым құру туралы ұсыныс айт­қан болатынмын. Тынымсыз ди­пло­­матиялық жұмыстың нәтиже­сінде бұл меха­низмді құруға қол жеткізілді.
Бүгінде Азиядағы өзара ықпал­дастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде. Ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөз сөйлеп тұрмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Менің елім әлемдегі төртінші ядро­лық қару иесінен, ядролық қаруды таратпаудың көш­бас­шы еліне дейінгі жарқын жолды жүріп өтті. Семейдегі әлемдегі ірі ядролық сынақ полигонын жапқанын өздеріңіз білесіздер. Ядролық қарудан, ядролық держава мәртебесінен бас тарту – біздің саналы, шынайы таңдауымыз, бүкіл Қазақстан халқынан қолдау тапқан ерікті шара болды және мұны әлемдік қауымдастық лайықты бағалады. Сондықтан бүгінгі күні біздің еліміз – ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық негізгі халықаралық келісім­шарттардың қатысушысы.
Елбасының пікірінше, дәл осы өзара әрекет ету атмосферасы халық­аралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға көмекте­суі мүмкін. Бұл жерде тағы да Қа­зақ­стан бар­лығына үлгі болады. Қазақстанда төмен байытылған уран банкінің ашылуы – осындай ынтымақ­тастық­тың айқын үлгісі. Осы арқылы Қа­зақстан бейбіт мақсат үшін уранды қауіпсіз қолдану, оны таратпау тәртібін нығайтуға өз үлесін қосты.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау сала­сын­дағы сенімді нығайта түсуге бағыт­талған бірқатар шараларды ұсын­ды.
Мемлекет басшысы сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитариза­ция­лаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болатынын ескертті.
– Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Жиынның қорытындысы бойын­ша тарихи құжат – БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жө­нін­дегі мәлімдемесі қабылданды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретінде мұндай мәлімдеме тұңғыш рет қабылданып отырғандығын айта кету керек.

Жаңа жобалар, жаңа мүмкіндіктер

Биыл қаңтар айында Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастар­дың орнағанына 26 жыл толды. Мемлекет бас­шысының бұл жолғы сапары Құрама Штат­тарға осы жылдар ішіндегіні есептегенде 11-рет болып саналады. Осы кезеңде ел басшылығы Ақ үй әкімшілігінің қай-қайсымен де өзара іс-қимылдың бар бағытында, экономика мен қауіп­сіздіктен бастап, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыта отырып, сындарлы және достық қарым-қатынасты қалыптастыра білді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдан берідегі америка басшылығында болған президенттердің әрқайсымен жеке кездескендігін атап өткен жөн.
Елбасының АҚШ-қа осының алдындағы сапары бұдан 12 жыл бұрын, 2006 жылы болғандығын ескерсек, бұл сапардың жөні бөлек екені түсінікті. Сапар қорытындысы күткен нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетті. 19 қаңтарда Нью-Йорк қаласында Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізген Елбасы Ақ үйде өткен кездесудің маңыздылығына тоқталып, Д.Трамптың жылы қабылдағанын, Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарын дамыту­­дың басым бағыттары мен келешегі, халықара­лық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қол жеткізілген уағдаластықтар, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға­лық етуі және еліміздің ядролық қаруды таратпау ісіндегі миссиясы туралы кеңінен айтып берді.
Құрама Штаттар – біздің бұрыннан, еліміз тәуел­сіздігін алған кезден бергі стратегиялық әріп­тесіміз. Елбасының Вашингтонға осы жолғы сапары нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық­ты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңге­йіне көтеруге қол жеткізілді. АҚШ – Қазақстан­ның ірі сауда-экономикалық, инвестициялық әріп­тесі. Осыған дейін америкалық компа­ния­лар Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Қазіргі күні елімізде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жолғы сапар аясында америкалық ірі бизнес өкілдерімен жалпы сомасы 7 миллиард дол­ларға жуық көлеміндегі қаржыны құрайтын авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфра­құрылымды дамыту саласындағы жобаларды жү­зе­ге асыруға бағытталған инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылып, 3 үкіметаралық келісім жасалды.
Сапар барысында қол қойылған құжаттар ел дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады. Алдағы уақытта америкалық бизнес өкілдерінің Қазақстанға келуіне мүм­кіндік молая түспек. АҚШ-тың алпауыт ком­панияларының Қазақ­станға келуі саяси және экономикалық тұр­ғыдан елімізге пайдалы болып, аймақ­тағы тұрақ­тылықтың нығая түсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, әлемді алаңдатқан өзекті мәселелер, Иран және Солтүстік Кореядағы жағдай туралы айтылды.
– АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоғары ба­ғалады. Сонымен қатар қазіргі әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер талқыланды. Осы тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткізілген ша­ра­ның маңызы ерекше. Бұрын-соңды еліміз мұндай деңгейдегі ұйымға төр­ағалық еткен емес. Бұл ма­ңызы зор тарихи оқиға, еліміздің мерейлі табысы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Вашингтондағы жүздесуге дейін де Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп арасында телефон арқылы сөйлесулер мен Эр-Риядтағы саммит алаңындағы кездесулер барысында байланыс қалыптасқан болатын. Ақ үйдегі бұл жолғы келіссөздер екі елдің көшбасшылары арасында өзара түсіністік барлығын, олар елдеріміз арасында қалыптасқан қатынастарды жоғары бағалайтындығын және ынтымақтастық байланыстарды нығайта түсуді қалайтындығын көр­сетті. Осы тұрғыда журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға орай АҚШ президентімен кездесуі туралы жан-жақты айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Дональд Трамп ел басшылығына келгеннен бергі уақытта екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Осы­ған дейін Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездескен мен, оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын, ке­ліссөздер жүргізу мәнері де өзгеше екенін байқадым. Бизнесмен, нақты істің адамы, бос сөзді жақсы көрмейді. Бұл маған да ұнайды. Біздің арамызда өзара түсіністік қалыптасты. Келіссөздер осы түсіністік аясында ойдағыдай өтті. Кездесу барысында талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағ­даластық», – деді.
Кездесулер қорытындысы көрсеткендей, Қазақ­стан тарапы Ауғанстанда содырлармен күресу ісінде АҚШ-қа көмек көрсетуін жал­ғас­тыра беретін болады. Ауғанстандағы жағ­дайды тұ­рақ­тандыру үшін ел экономикасы тұ­рақты болуы керек. Сондықтан Ау­ғанстанды экономикалық және сауда байланыстарына тарта отырып, сауықтыру және осылайша бұл елді өңірдегі көршілері үшін ашық әрі прагматикалық ету қажет. Бұл тұрғыда Елбасы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гумани­тар­лық және техникалық көмек жөнінде айтты.
Қазіргі таңда кейбір державалар өздерінде ядролық қару болғанына қарамастан, өзгелердің оған ие болуына тыйым салады. Мұндай ұста­ным дұрыс емес. Бұл мәселеде мем­ле­кеттер арасындағы сенім аса қа­жет. Сондықтан Елба­сының со­ғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасы тұжырымдалған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде ұсынылғандай, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында әлем ядролық қарудан толықтай бас тартуы тиіс.
Қытай тарапының бастамасымен қолға алын­ған «Бір белдеу – бір жол» жобасына тоқта­ла келіп, Елбасы Астанада Жаңа Жібек жолы жө­нінде Қытай басшысы алғаш мәлімдеген 2014 жылдан бері орасан жұмыс атқарылып, 600 миллиард доллар сомасында қаржы бөлінгендігін атап өтті. Қазіргі күні «Бір белдеу – бір жол» жобасына 67 мемлекет үлес қосуда. Қазақстан аумағынан өтетін халықаралық күрежол арқылы тауар айналымы мен экономикалық даму мүмкіндіктерінің көкжиегі кеңейе түсті. Олай болса, осынау ірге­лі жоба аясында инфрақұрылымға салынған қаржының пайдасын көретін күн де алыс емес.

 СЫРТ КӨЗ – СЫНШЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын, Вашингтонда өткен келіссөздер мен кездесулердің қорытындысын, жалпы мән-маңызын сарапшылар қауымы да жоғары бағалап жатыр.

Дэниел РУНДЕ, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының жобалар жөніндегі директоры:

– Президент Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының маңызы зор. Сапардың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы байланыс одан әрі жетіле түседі.
АҚШ тарапы Қазақстанмен тауар айналымын әртараптандырып, инвестиция көлемін ұлғайту керек деп есептеймін. Қазақстан билігі де бұған маңыз беріп отырғаны белгілі. Бұдан бөлек Қазақстанда білімді қоғам қалыптасты. Тіпті әлемде ең білімді, денсаулығы мықты, бай елдердің қатарында деп айтар едім.
Қазақстанмен саяси және қауіпсіздік жөніндегі байланыстың да маңызы ерекше. Елдеріңіз Қытай және Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы тұрғыдан алғанда да АҚШ Қазақстанмен әріптестік орнатуға мүдделі. Бірнеше жыл бұрын сіздер әлемдік сауда ұйымы қатарына ендіңіздер. Бұл ел экономикасына өте тиімді болғаны анық.
Қазақстанда бизнеске жасалып жатқан қолайлы жағдайды ескерсек, кәсіп істеймін дегендерге энергетика, қазба жұмыстары, ауыл шаруашылығы, ғылым мен технология, білім салаларында мүмкіндік мол.

Люк КОФФИ,
«Мұра» қоры Дуглас пен
Сара Эллисон атындағы
сыртқы саясат орталығының
директоры:

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйде Дональд Трамппен өткізген кездесуін жоғары бағалаймын. Мұндай жоғары деңгейлі келіссөздер Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Қазақстан – АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды әріптесі. Екі елге ортақ сын-қатерлер жетерлік, бірақ ортақ мүмкіндіктеріміз одан да көп. Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ-тың жаңа кезеңге шыққан, ұзаққа созылатын қарым-қатынасының алғашқы қадамы.
Екі ел әріптестігінің өрісі кең. Әсіресе энергетика саласына қызығушылық ерекше. Келіссөздер Қазақстанның мұнайы мен газын жаңа нарыққа шығарып, ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Елдің Орталық Азия­мен экономикалық байланысы да тереңге кеткен. Осы орайда өңірдегі көшбасшы мемлекет ретінде Қазақстан Ауғанстандағы экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыруға қол ұшын созады. АҚШ үшін Қазақстанның көрші мемлекеттермен, өңірдегі елдермен достық қарым-қатынаста болғаны тиімді. Келіссөздер біз күткеніміздей табысты болды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X