Валюта бағамы: $ 360.12 409.67 5.33 ¥ 52.34

Алтын күн, Адуын жел – қуат көзі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ  кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ғасырдан астам уақыт бойы ғаламдық экономиканы өрге сүйреген «қара алтын» – мұнай қоры бүгінде түгесілуге таяу. Қоршаған ортаны ластай­тын әрі адам денсаулығына зиян келтіретін өндіріс «наны» – көмір өндіруге дамыған елдерде тиым салынды. Міне, осындай алмағайып ахуалда сене­ріміз «жасыл экономика», яғни күннің нұры, жел мен судың қуаты болатын жағдайға жеттік. Халықтың жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін, қазіргі және болашақ ұрпақ мүдделеріне, халықаралық экологиялық міндеттемелер – Рио-де-Жанейро қағидаттарына, Йоханнесбург жоспарына және Мыңжылдықтар декларациясына орай табиғи ресурс­тар ұқыпты да ұтымды пайдаланылатын мұн­дай экономика еліміздің орнықты дамуына жол аша­тын маңызды тетіктердің бірегейі болып табылады.
Бұл орайда «Жасыл экономикаға» көшу әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде алға қойылған мақсатқа қол жеткізер баспалдақтың бірі екендігін атап өтуіміз керек. Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар жалпы ішкі өнімді 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызметтердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халықтың сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда «жасыл экономикаға» көшуге қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын жалпы ішкі өнімнің шамамен 1 пайызын құрайды, бұл жылына 3-4 миллиард АҚШ долларына тең. Қазақстанмен шектес Моңғолия, Қытай және әріптес Оңтүстік Корея елдері бұл саладағы өзіндік жоспарларын жүзеге асыра бастады. Айталық, Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын инвестициялайды, ал Қытай инвестицияларды жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына дейін ұлғайтуды межелеп отыр.
Өткен жылы Астанада өз жұмысын толайым табыспен түйіндеген «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі еліміздің «Жасыл экономикаға» бет бұруы­ның басты көрінісі болды десек, қателеспейміз. Осы ретте тақырыпқа қатысты бірқатар дерек пен дәйекті келтіре кету де артықтық етпес. Айталық, энергетика мекемелерінің мәліметтеріне сәйкес таяудағы 20 жыл ішінде инфрақұрылым айтарлықтай жаңартылып, аталған активтердің жалпы көлемінде ғимараттардың 55 пайызы мен электр станцияларының 40 пайызы 2030 жылға қарай жаңадан салынады. Сонымен қатар автокөлік паркінің 80 пайыздан астамы 2030 жылға қарай жаңартылады. Сөйтіп, ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туындайды. Баламалы энергетиканың көптеген технологиялары таяу болашақта дәстүрлі көздермен салыстырғанда электр энергиясы өндірісінің неғұрлым шығынсыз тәсілдерін ұсынатынын ескере келіп, ел дамуының стратегиялық бағдарламаларында электр энергетикасында баламалы және жаңартылатын электр энергиясы үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу, энергия тиімділігінде жалпы ішкі өнімнің энергияны қажетсінуін 2020 жылға қарай 25 пайызға кеміту көзделген. Аталған мақсаттарға қол жеткізу ел экономикасын дамытудың қазіргі бағытын айтарлықтай өзгертуді талап етеді, соның нәтижесінде 2030 жылға қарай табиғи капиталды пайдалану тиімділігінің орташа көрсеткіштері жағынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы елдермен иық теңестіре аламыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екені атап көрсетілген. Үстіміздегі жазда «Электр энергетикасын дамыту және энергияны үнемдеу институты» акционерлік қоғамы негізінде жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамытудың «Болашақ энергиясы» халықаралық орталығын ашу жоспарланып отыр. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің мұрасы ретінде құрылатын және Көрмедегі үздік тәжірибелер аймағында орналасатын орталық ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін қалыптастырумен, жобаларды іске асыру үшін индустриялық-инновациялық қызмет нысандарына технологияларды пайдалану саласында ұсыныстар берумен және сараптамалық қорытындылар жасаумен айналысады. Орталық мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «жасыл жобаларға» арналған мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру шараларын әзірлейтін болады.
Сондай-ақ Жолдауға сәйкес экологиялық кодексті жаңарту мәселесі де кезек күттірмейді. Бұл үшін қолданыстағы экологиялық кодекске елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Кодекс жобасын 2019 жылдың желтоқсан айында республика Парламентіне ұсыну жоспарланып отыр. Сонымен қатар бизнестегі әкімшілік жүктемені азайту тұрғысынан ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы тегеуріндер деңгейін бағалау жүйесі енгізілді, бұл табиғатты пайдаланушылар қызметінің сипатын ескере отырып, тексерістер санын екі есе қысқартуға мүмкіндік берді, сөйтіп, әкімшілік бақылау және қадағалау 30 пайызға қысқартылды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру