Валюта бағамы: $ 360.12 409.67 5.33 ¥ 52.34

Балалар алаңқайын салып берді

Алматы облысының Текелі қаласында жергілікті кәсіпкер Қуанышбек Ерғожанов балалар алаңқайын тегін салып берді. Бизнесмен тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесіп отырады.

Текелі қаласы арбат маңындағы көп қабатты үй алдындағы абаттандырылған алаңда бет шымшыған аязға қарамастан қара құрым адам. Жеткіншектер мен бүлдіршіндер үшін жасалған ойын алаңына балалар, қарт кісілер мен жас балалары бар аналар да шыққан. Бұған дейін мұндай балалар алаңы болмаған.

Бүгінде бұл жерді жергілікті кәсіпкер Қуанышбек Ерғожанов адам танымастай өз­герт­ті. Ол жеке қаражатына аумақты абат­танды­рып, құмсалғыш, әткеншектер мен турник­тер салып берген. Кәсіпкердің көптің игі­лігіне айналған бұл ісіне үй тұрғындары ғана емес, жалпы текеліліктер мен қала басшылығы дән риза. Балалар алаңының құрылысын кәсіп­кер президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға бағытталған «Атамекенім» рес­пуб­ликалық акциясы аясында бастады.
– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, бизнесмендерді қоғамға пайда әкелуге, оны ең алдымен туған жеріңе көмек көрсетуден бастауға шақырды. Бүгінгі таңда әлеуметтік жауапкершілік кәсіпкерлік қызметтің ажырамас бөлігіне айналу керек деп ойлаймын. Сондықтан, меніңше әр адам бизнесте болсын, басқа салада болсын, өзінің қолындағы, бойындағы бар мүмкіндіктеріне қарай айналасына көмек-қолдау жасап отыруы тиіс, – дейді Қуанышбек Ерғожанов.
52 жастағы Қуанышбек Ерғожановтың кәсі­бі металл құрастырылымдарын шығарумен байланысты. Текелідегі цехында металл мен түрлі қорытпадан бұйымдар дайындайды. Бұл балалар алаңқайы кәсіпкердің алғашқы қайырымдылық жобасы емес. Ол тұрақты түрде аз қамтылған жанұяларға жәрдемдесіп, ағаш пен металлдан жасалған жиһаздарды сыйлап отырады.
– Текелінің бизнес қоғамдастығы барлық бағыт бойынша әлуметтік жауапкершіліктерін көрсетіп келеді. Мысалы, Жаңа жыл алдында іскер әйелдер «Текелі Асар» қайырымдылық жобасын бастаған болатын. Аталған жоба аясында адамдар сатып алған заттарын қала дү­кен­дерінде арнайы жасалған сөрелерге қойып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға көмектесе алады. Сонымен бірге, кәсіпкерлер жас спортшыларды үнемі қолдап, рспубликалық және халықаралық бірінші­лік­терге қатысуға демеушілік танытып отырады, – дейді Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов.
Сонымен қатар, Т.Жұмаділов атап өткен­дей, текелілік кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі балаларды өз қамқорлықтарына алған.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру