Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ҚАУІПСІЗ ӘЛЕМГЕ БІРЛЕСЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУІМІЗ КЕРЕК

Қазақстан жаңа жылдың алғашқы күнінен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық қызметіне кірісті. Осы орайда Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 18 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутерришке, Польша Республикасының Президенті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Дуданы Поль­шаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Сонымен бірге, Кот-д’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гви­нея­ны да биыл Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үмітте­немін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бекітілген күн тәртібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерришке берді.
Ұйымның басшысы Қазақстан Президентіне осындай жоғары дең­гейлі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтып, атқарған еңбегін жоғары бағалады. «Қа­зақ­стан әрдайым ядролық қарудан азат әлем құруды және оны таратпау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының халықаралық бейбітшілік пен қа­уіп­сіздікке зияны жөнінде қарар қабылдаған болатын», – деді А.Гутерриш.

Бас хатшы қазіргі таңда әлемде жап­пай қырып-жою қарулары­нан келетін қауіп-қатерге тоқтал­ды. Се­нім шараларының маңыздылы­ғын атай отырып, Қазақстанның бас­тамаларын қолдайтынын жет­кізді.
Гутерриштен кейін сөз алған Қазақстан Президенті Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.
– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төр­аға­лық қызметімізді әлемдік қоғам­дастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәртебелі қызмет­тегі Орталық Азияның бірін­ші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халық­та­ры­ның «үніне» айналдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмы­сына өткен жылғы қосқан үлесін атап өтті.
– Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ­/­ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эритрея жөніндегі ко­ми­тет­терді басқара отырып, олар­дың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз.
Кеңестің барлық мүше-мемлекет­теріне берік ынтымақтастығы үшін риза­шылығымды білдіремін, – деді Қа­зақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бейбітшілік пен қа­уіпсіздікке қол жеткізу жолын­дағы сенім шаралары шиеленістің ал­­дын алу және маңызды жаһандық про­­бле­­маларды шешу кезінде негізгі рөл ат­қаратынын айтты.
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессия­сы­ның мінберінен Азиядағы қа­уіп­сіз­дік және сенім шаралары жөнін­­дегі өңірлік құрылым құру тура­­лы ұсыныс айтқан болатынмын. Ты­ным­сыз дипломатиялық жұмыс­тың нәтижесінде бұл механизмді құруға қол жеткізілді. Бүгінде Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мем­лекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде. Ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөз сөйлеп тұрмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Менің елім әлемдегі төр­тінші ядролық қару иесінен, ядро­лық қаруды таратпаудың көшбас­шы еліне дейінгі жарқын жолды жүріп өтті. Семейдегі әлемдегі ірі ядролық сынақ полигонын жапқанын өздеріңіз білесіздер. Ядролық қарудан, ядролық держава мәртебесінен бас тарту – біздің саналы, шынайы таңдауымыз, бүкіл Қазақстан халқынан қолдау тапқан ерікті шара болды және мұны әлемдік қауымдастық лайықты бағалады. Сондықтан бүгінгі күні біздің еліміз – ядролық қауіпсіздік саласында­ғы барлық негізгі халықаралық келісім­шарттардың қатысушысы.
Елбасының пікірінше, дәл осы өзара әрекет ету атмосферасы халық­ара­лық ынтымақтастықтың жаңа үлгі­сін қалыптастыруға көмектесуі мүм­кін. Бұл жерде тағы да Қазақстан барлы­ғына үлгі болады. Өткен жылы Қазақ­станда төмен байытылған уран банкінің ашылуы – осындай ынтымақ­тастықтың айқын үлгісі. Осы арқылы Қазақстан бейбіт мақсат үшін уранды қауіпсіз қолдану, оны таратпау тәртібін нығайтуға өз үлесін қосты.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қару­ды таратпау саласын­дағы сенімді нығайта түсуге бағыт­тал­ған бірқатар шараларды ұсынды.
– Біріншіден, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. ҚХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзір­леу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екіншіден, жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қол­данудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің жекелеген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет.
Үшіншіден, жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті не­­месе сәтсіз болуы әлемдік қоғам­дас­тықтың милитаристік анахро­низмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті. «Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жыл­дығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім», – деді Мемлекет басшысы.
Төртіншіден, халықаралық қа­рым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қай­та­ру керек. Іс-қимылды толықтай қам­титын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көпжақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті. Ол күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналды. Осы келісім Қазақстан үлес қосқан сенім ахуалының арқасында жүзеге асты. «Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болады деп ойлаймыз. Корея түбегіндегі қазіргі оқиғалар қарама-қайшылықтың өршіп тұрғанын көрсетіп отыр. Осыған орай мүдделі тараптарды Сол­түстік Корея мәселесін неғұрлым жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге ша­қырамыз. Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңыз­ды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіс­сөз алаңын ұсынуға дайын, – деді Елбасы. – Сенім шаралары бүгінде драмалық оқиғаларды бастан өткеріп жатқан Таяу Шығыс үшін де өзекті болып отыр. Сириядағы шиеленіс аймақтан алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде. Өзара сенімнің Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келе жатқан Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын осы жерде ерекше атап өткен жөн».
Бесіншіден, жаппай қырып-жою қаруларының таралуымен күрес жүр­гізудегі тиімді құралдың бірі – ядро­лық қарудан азат аймақтар құру. «Бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қа­рудан азат аймақ құруға күш-жігер жұмсауды жалғастыру ма­ңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақы­рамын және кейбір елдер арасын­дағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Алтыншыдан, жаңа қауіптерді ескеру. Оның қа­тарында «ғылыми же­тіс­­тіктерді пайдаланып, жан­таласа қару­ланудың жаңа толқынының туындауы» аталды. Осыған орай халық­аралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жаса­луы мен таралуына бақылауды күшей­туге тиіс.
Мемлекет басшысы сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитариза­циялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болатынын ескертті. Қақтығыстарды тиімді шешу үшін әлемдік ядролық державалар арасында өзара түсіністік пен сенім орнатудың маңыз­дылығына назар аударды. Ядролық апаттың алдын алуға қатысты адамзат алдындағы зор жауап­кершілік дәл осыларға тиесілі. «Әлемдік ядро­лық державалар арасындағы өзара түсіністік пен сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шын­дығына айналды. Ядролық апат­ты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктел­ген. Әсіресе ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қы­рып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңе­ге ықпал ете алмайды дегенді білдір­мейді», – деді Елбасы.
– Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Негізгі баяндамадан кейін сөз кезегі жиынға қатысушыларға берілді. Польша Президенті Анджей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйымдастырған Қазақстанға және БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын біл­дірді. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, мұны мемлекет үшін жасалған таңдау екенін айтқаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көр­сетті. Жақында Қазақстанда төмен байы­тылған уран банкі ашылғанын атап өткім келеді. Бұл – ядролық қауіп­сіздікті қолдау жолындағы ма­­ңыз­ды қадам және бейбітсүйгіш мем­ле­кет­тер арасындағы ашық қа­рым-қатынасты нығайтады», – деді А.Дуда.
Сондай-ақ Кеңес отырысы барысында Кувейт Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед Әл-Сабах және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі.
Жиынның қорытындысы бойынша тарихи құжат – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шие­леніс­ті болдырмау жөніндегі мә­лім­­демесі қабыл­данды. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретінде мұндай мәлімдеме тұңғыш рет қабылданып отырғандығын айта кету керек.

Өзара сенім мен түсіністік аясында

Қазақстан Президенті 19 қаңтар­да Нью-Йорк қаласында Аме­рика Құрама Штаттарына ресми сапа­рының қорытындысы бойынша бас­па­сөз мәслихатын өткізіп, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Мемлекет басшысы журналис­термен кездесуде Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарын дамытудың басым бағыттары мен келешегіне тоқталып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қол жеткізілген уағдаластықтар, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне төрағалық етуі және еліміздің әлемде ядролық қаруды таратпау ісіндегі миссиясы туралы айтып берді.
Президент Ақ үйде өткен кездесу­дің маңыздылығына тоқталып, Д.Трамптың жылы қабылдағанын, осы сапар арқылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестіктің нығая түскенін атап өтті. Еліміз тәуелсіздік алған тұста АҚШ-тың көрсеткен қолдауы аса маңызды болғанын еске алды. Мемлекет басшылары қол қой­ған бірлескен мәлімдемеде бірінші кезекте саяси қолдау, бейбітшілік жағ­­дайдағы әріптестікті дамыту мәсе­лелері қозғалғанын атап көрсетті.
Осыған дейін америкалық компаниялар Қа­зақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Қазіргі күні елімізде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жолғы сапар аясында америкалық ірі бизнес өкілдерімен жалпы сомасы 7,5 миллиард доллар көлеміндегі қаржыны құрайтын жиырмадан астам келісім-шартқа қол қойылды.
– АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоғары б­а­ға­лады. Сонымен қатар қазіргі әлем­нің күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер талқыланды. Осы тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткізілген ша­ра­ның маңызы ерекше. Бұрын-соңды еліміз мұндай деңгейдегі ұйым­ға төрағалық еткен емес. Бұл маңызы зор тарихи оқиға, еліміздің мерейлі табысы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға орай Ақ үйдегі Дональд Трамппен кездесуі туралы жан-жақты айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Ол ел басшылығына келгеннен бергі уақытта екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Осыған дейін Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездескен мен, оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын, келіссөздер жүргі­зу мәнері де өзгеше екенін байқадым. Бизнесмен, нақты істің адамы, бос сөзді жақсы көрмейді. Бұл маған да ұнайды. Біздің арамызда өзара түсіністік қалыптасты. Келіссөздер осы түсіністік аясында ойдағыдай өтті. Кездесу барысында талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық», – деді.
Мемлекет басшысы ресми сапар барысында қол қойылған құжаттар ел дамуына айтарлықтай үлес қоса­тынын атап өтті. Алдағы уақытта америкалық бизнес өкілдерінің Қа­зақ­станға келуіне мүмкіндік молая түспек. АҚШ-тың алпауыт компа­­ния­­ларының Қазақстанға келуі саяси және экономикалық тұрғыдан елімізге пайдалы болып, аймақтағы тұрақты­лықтың нығая түсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, әлемді алаңдатқан өзекті мәселелер, Иран және Сол­түс­тік Кореядағы жағдай туралы сөз болғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан тарапы Ауғанстанда содырлармен күресу ісінде АҚШ-қа көмек көрсетуін жалғастыра беретін болады. Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін ел экономикасы тұрақты болуы керек. Бұл тұрғыда Елбасы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық және техникалық көмек жөнінде айтты. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында мыңдаған ауғандық жас оқып, білім алуда.
Мемлекет басшысы ядролық қару­ды таратпау жөніндегі пікірімен бөліс­ті. Қазіргі таңда кейбір державалар өздерінде ядролық қару болғанына қара­мастан, өзгелердің оған ие болуына тыйым салады. Мұндай ұста­ным дұрыс емес. Бұл мәселеде мемле­кеттер арасындағы сенім аса қажет. Сондықтан Ел­басының соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасы тұжырымдалған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде ұсынылғандай, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында әлем ядро­лық қарудан толықтай бас тартуы тиіс. «Егер сол ядролық державалар жаппай қырып-жою қаруынан бас тартатын бағдарламасы туралы мәлім­деме жасаса, басқа елдер солардан үлгі алатын еді. Кезінде Қазақстан ядролық мемлекеттердің кепілін ала отырып, өзінің арсеналындағы оқтұмсықтардан бас тартты. Алайда одан бергі кезеңде Үндістан, Иран секілді бірқатар мемлекеттер ядролық қаруға ие бола бастады. Бүгінде ол қарудың деструктивті бағыттағы топтардың қолына түсу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты Қазақстанда Төмен байы­тылған уран банкі ашылды. Яғни атомды бейбіт мақсатта қолданатын елдер оның қорын бізден алуға мүмкіндігі бар. Осының негізінде мемлекеттер ара­сын­дағы сенім қалыптасады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы келесі кезекте Қытай тарапының бастамасымен қол­ға алынған «Бір белдеу – бір жол» жоба­сына тоқталып өтті.
Н.Назарбаев Ақ үйдегі кездесуде Д.Трамптың сауалына орай аталған жоба туралы кеңірек баяндағанын айтты. Астанада Жаңа Жібек жолы жөнінде Қытай басшысы алғаш мәлімдеген 2014 жылдан бері орасан жұмыс атқарылып, 600 миллиард доллар сомасында қаржы бөлінген екен. Қазіргі күні «Бір белдеу – бір жол» жобасына 67 мемлекет үлес қосуда. Қазақстан аумағынан өтетін халықаралық күрежол арқылы тауар айналымы мен экономикалық даму мүмкіндіктерінің көкжиегі кеңейе түсті. Елбасы осынау іргелі жоба ая­сында инфрақұрылымға салынған қар­жының пайдасын көретін күн де алыс еместігін атап өтті.
Иә, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністікке негіздел­ген сан салалы ын­тымақтастық байла­ныстардың, өз­ара тиімді әріптестік қарым-қаты­нас­­тардың нәтижесі елдің дамуы мен ха­лық­тың әл-ауқатының артуына ықпал етері анық.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Нұрбол
    31.01.2018 at 12:08 pm

    Елбасы сапары аясында алып елдердің көшбасшылары мен саясаткерлері түрлі жағымды пікірлер білдіруде. Бұл Қазақстанның әлемдік деңгейін көрсетсе керек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру