Валюта бағамы: $ 325.75 382.04 5.31 ¥ 51.04

Отыздыққа жетелейтін он басымдық

Ақтөбе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған он міндетті орындауға кірісті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен мәслихат депутаттары, мемле­кеттік органдардың, кәсіпорындардың, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің басшылары елдік құжатты талқылауға жиналды.

– Біз Мемлекет басшысы белгілеген ау­қымды міндеттерді жүзеге асыру жолдарын, стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарын талқылау үшін жиналып отырмыз. Президент алға қойған маңызды мақсат – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену. Ақтөбе облысы осы бағыттағы тапсырмаларды орындау үшін белсенді жұмыс жасауда. Бұл істер оң нәтиже беріп, өңіріміздің экономикалық өсімі өткен жылы 5 процентті құрады. Бұл көрсеткішті биыл одан әрі арттыра түсуіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Президент белгілеген барлық он міндетке төртінші өнеркәсіптік революция әлемінде жемісті бейімделу үшін қажеттілік ретінде тоқталды. Ол биыл өңірде экспорттауға бағдарланған кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру жұмыстары күшейтілетінін айтты. Осы жылы инвестиция сомасы 20 млрд теңге болатын кем дегенде 10 кәсіпорын жаң­ғыртылуы қажет. Бұдан басқа, ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, баламалы энергетика саласындағы әлемнің 18 үздік технологиясын трансферттеу жоспарланған. Жаңа технологияны енгізу мен автоматтандыру жағдайында көп адамдар жұмыссыз қалуы ықтимал. Осы тұрғыда Б.Сапарбаев нақты талдау жасап, қажет болса, адамдарға жаңа мамандық алуға көмектесу керектігін атап көрсетті.
Бүгінгі таңда Ақтөбеде Елбасы Жол­дауындағы «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты үшінші міндетті орындап отырған «Актеп», «Айс» компаниялары бар. Жаңа технологияларды енгізген компа­ния­лардың тәжірибесін кең көлемде пайдалану үшін жоғары оқу орындары мен тәжірибе станциясының мүмкіндігі пайдаланылады. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің алдында сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауды 46%-ке, ал оны қайта өңдеуді қазіргі 38%-тен 41%-ке өсіру міндеті тұр.
Аймақта көлік-логистикалық инфрақұры­лымның тиімділігін арттыру міндеті іске асырылып келеді. Бұл орайда жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту, құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияны енгізу, инвестициялық жағдайды жақсарту, сонымен қатар халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаспақ. Ағымдағы жылы кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Басты назар әдеттегідей денсаулық сақтау мен білім беру салаларына, соның ішінде оларға алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды енгізу жағына аударылатын болады. Жоғары оқу орындарында ақпараттық технологияларды меңгерген, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін және «деректері мол» түлектер саны көбейеді.
– Елбасы Жолдауын сапалы, тиімді әрі уа­қытында орындау үшін біз барлық қажетті шараларды қабылдап, барынша күш салуымыз қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.
Жиында құжатты қолдаған қоғамдық ұйым­дардың басшылары, облыстық мәсли­хаттың депутаттары сөз алып, өңір халқын оны жүзеге асыруға жұмыла кірісуге шақырды. Қазіргі күні Жолдауды түсіндіру үшін облыстық, қалалық және аудандық ақпараттық топтар құрылып, жұмыстарын бастады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жұлдыз
    31.01.2018 at 11:53 am

    Ақтөбе өңірі қарқынды дамып келе жатқан облыстар көшін бастап тұр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру