Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Абаттандыруға қатысты шараларды бизнеспен келісу керек

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына бизнесмендер қаланың құрылымдық көркін жаңғыртудан зардап шегіп отырмыз деп шағымданды.

Қала тұрғындарына 1969 жылдан бері таныс болған «Восход» сауда үйінің директоры Юрий Ковтун бүгінде дүкен бірте-бірте шығынға ұшырап отырғанына шағымданды. Сауда жағы өте төмен. Соңғы 3 айда жалға алушылардың 17% бас тартқан.
«Мәселенің барлығы біздің ғимараттың жанына велосипед жолағы жасалғаннан басталды. Көлік қоятын орын жоқ. Клиенттердің келуі күрт төмендеді. Біз әкімдіктен ең болмағанда жолдың арғы бетінен ақылы автотұрақ жасауға өтініш білдірдік. Бірақ келіспеді. Біз қаланың абаттандырылуына қарсы емеспіз. Бірақ бізде қанша адам велосипед тебеді?!» – деп шағымданды Юрий Ковтун.
«Корея» кафесінің иесі Нелли Нигай «тоқтауға болмайды» белгісінің ке­сірінен дәмханаға келушілер саны азай­ғанын, тіпті ғимаратты сата да алмай отырғанын жасырмады. Табыс 30%-ға төмендеген. Қызмет­кер­лердің жартысы жұмыстан шы­ғарылды. Ал «Мақпал» респуб­ли­калық сән орталығының жетекшісі Базиля Әбілманованың ай­туынша бірінші топтағы мүгедек қыз­меткер жұмыстан шыққан, себебі оның жұмысқа қатынауы қиындаған.
Кәсіпкерлер палатасына осындай мә­се­лемен бизнестің 95 субъектісі шағымданды. Мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарылып, жиынға зардап шеккендер де шақыртылды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның өкілдері де келді. Ша­ғымданған кәсіпкерлердің алдында Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандолла Шайхиев жауап берді.
«Алматыда 530 мың көлік құралы бар. Сонымен қатар сырттан келушілер, әсіресе облыстан қатынайтындар бар. Автокөліктер – ауа ластануының басты себепшісі. Кәсіпкерлерді де түсінеміз. Автотұрақ жобасымен біз айналыспаймыз. Бізге тек келісуге алып келеді. Егер сәйкес келмесе, көлік құралдарының тұрағына рұқсат бере алмаймыз. Егер қандайда бір ұйым автотұраққа қатысты нақты ұсыныс алып келсе, біз барып көреміз. Бастысы ұсынылған нұсқа жол қозғалысының басқа да қатысушыларына кедергі келтірмеуі тиіс», – деп ой бөлісті Жандола Шайхиев.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңе­сінің мүшелері жалпы алғанда қала тұрғындары абаттандыруды қол­дай­­тындығын атап өтті. Алайда Алматы – шағын және орта бизнестің қала­сы. Мұнда ірі кәсіпорындар жоқ. Кәсіп­керлер төлейтін салық қала бюджетінің негізгі бөлігін құрайды. Сондықтан абаттандыруға қатысты шараларды бизнеспен келісу керек.

Шерхан Молдахмет


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру