Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Жан дүниесі бай адам

Белгілі  этнограф, зерттеуші ғалым Тынышбек Дайрабай туралы бір үзік сыр

Бабалар дәстүрінен нәр алған Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» идеясының құндылығында шек жоқ. «Мәңгілік елге» айналуымыз үшін рухымыз мықты, рухани жандүниеміз бай болуы керек. Қазақ елінің, кең байтақ жерінің тарихы тым тереңде жатыр. Оның әлі ашылмаған тұстары да көп болуы мүмкін. Бұл бәрінен бұрын халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын, жырау, би, шешен, тағы басқа да өнер адамдарының асыл мұраларының зерттеліп-зерделенуіне де аса қатысты екендігі даусыз. Бұл ретте ертеден осы саланың жоғын тауып, барын мәзір етіп жүрген өлкетанушы, этнограф, зерттеуші ғалымдарға үлкен салмақты жүк, айрықша сенім артылып келгендігі белгілі.

Төменде осы саланың ыстық-суығына қара нардай төзіп, ұзақ жылдардан бері көптеген із­деністі жұмыстарды тындырған тұлғаның бірі – көне сөздің жоқшысы, белгілі этнограф, зерттеуші ғалым, Тынышбек Дайрабай туралы сыр қозғауды жөн көрдік.
Зерттеушілік жұмыстың инемен құдық қазған­дай екендігі екінің біріне белгілі. Бұл – кез келген адамның қолынан келмейтін, қазақ­тың жалпақ ті­лімен айтқанда «Инемен құдық қазғандай» қияметі көп шаруа. Өйткені, бұл іске жан дүниесі бай, білігі мен тәжірибесі мол, айрықша сабыры мен төзімі бар адам ғана нар­тәукел ете алса керек. Тынышбек аға – жасынан міне, осындай тірлікке мойынсұнып, қара нардай жегілген кісі. Бір сөзбен айтқанда, ол жасы 75-ке келсе де осы алған бағытынан таяр емес. Үйде жата бермей еліме әлі де пайдам тисін деген ниетпен қалам-қағазын сайлап, іздеген қажет деректерін табу үшін кітапхана, немесе мұрағатқа қарай аяңдап бара жатады. Бойы тіп-тік, аяғы да ширақ. Тағы бір өзгешелігі: үлкенмен де, кішімен де қауқылдай амандасып, жөн сұрасып жатады. Өзін құдды ауыл­да жүргендей сезінеді.
Мұндай адамдар қазір қалада тым сирек ғой. Тегін жерге терек өспейді. Тынышбек – ауылда өс­кен адам. Ол жас кезінен кеуделері алтын сандық – көнекөз, құймақұлақ ауыл қарттарының аталы, баталы, ұлағатты сөздеріне, жыр, терме, шежірелеріне терең сусындап өсті. Естігенді қағып алуға да зейін мен ынта керек ғой. Шежіре демекші, Тәкең бір атаның, немесе рудың емес, бүтін қазақ шежіресінің түгенделуіне лайықты үлес қосқандардың бірі. Бұл орайда ол елімізге белгілі үлкен ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев, Сыр өңірінің шежіре жинаушылары Үбісұлтан Әлқуат Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Камал Бердәулетов, т.б. білік­ті адамдардың ісін одан әрі лайықты жалғастыра білді. Бұған Тәкеңнің 1995 жылы Алматыдан «Кете-Шөмекей» шежіресін кітап етіп шығарғаны – толық дәлел.
Тынышбек Дайрабай 1943 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Жаңа­талап ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Бұл өңірде «Бекбергеннің бес баласы» деген сөз кең тараған. Сол бес ағайынды кісінің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге аса жетік беделді кісілер болған.
Сол әкелерінің сөзін жаттап, ізіне ерген Тынышбек Майлыбайұлы да өнерге құштар болды. Кеңес дәуірінде кино маңызды өнер саналатын. Соның әсері ме, бозбала жігіт өзінің еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастаған екен. Бірақ, арманы – журналист болу еді. Соның жетегімен КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бастапқыда Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болады. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат билікке де араласып, біршама жыл Терең­өзек аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне жо­ғарылап, әлеуметтік саланың көр­кеюіне үлкен еңбек сіңіреді. Жоғары партия мек­тебін бітіргеннен кейін шаруашылықта істеуді жөн көріп, партком хатшысы атанады. Кеңес жұмысына да араласады. Соның нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарады. Мамандығы журналист болғандықтан, өз газеті «Еңбек туына» редактор болып, қайта оралады.
Тынышбек Дайрабайдың Алматы қаласына қоныс аударғанына да көп жылдардың жүзі болды. Содан бері күні кешеге дейін ол халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып, жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыптарға, оның ішінде рухани құндылық мәселелеріне үзбей қалам тартып келді. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Белгілі зерттеушіні ел тарихын, оның ішінде Сыр өңірінен шыққан ахун, жыраулардың, би, ше­шен­дердің бай мұраларын насихаттап, жа­рыққа шығару жолындағы қажырлы еңбегі еленбей қалған жоқ. Соның ең бастысы, ол жұрт­шы­лық қауымның ыстық ықыласына бөле­нумен келеді.
Бұған өз басым бұдан бес жыл бұрын, яғни, Тәкеңнің 70 жасқа толуына орай Қызылорда қаласында және облыстың Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары оқырмандарымен өткен жылы шырайлы кездесулер кезінде көз жеткіз­дім. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қа­был­дауында болған сәт, сонда мерейтой иесі Тынышбек Дайрабайды мүлдем қанаттандырып жіберді. Ол әкіммен өзінің зерттеу еңбектері мен шығармашылық жоспарлары төңірегінде ой бөлісті. Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы бел­гілі зерттеуші, этнографтың «Түркістан альбомын» және Сыр өңіріндегі белгілі тұлғалардың өмірлерін, елге сіңірген еңбектерін, сондай-ақ, өлмес бай мұраларын жарыққа шығарту жолында тер төге еңбек жасап жүргендігіне риза сезімін білдірді. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ыстық ықыласпен мерейтой иесінің иығына шапан, басына құндыз бөрік кигізген болтын. Содан бері де бес жыл өтті. Сол бір сәт күні кешегідей көз алдымда сайрап тұр.
Тынышбек Майлыбайұлының күні бүгінге дейін 30-ға тарта тарих және ақын-жыраулар жай­лы кітаптары жарық көрген екен. Кезінде олар­дың бәрі де оқырмандар тарапынан жоғары лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, қалам­гердің «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар», «Қаңлы Жүсіп», «Қорқыт ата», «Темірбек Жүргенов» «Түркістан» фотоальбомы, «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы – жеті анық», «Билер», т.б. көптеген көлемді шығар­малары оқырмандар көңілінен шыққаны соның дәлелі. Тәкең кезінде «Сыр елі» энциклопе­дия­сын шығарушылардың бірі болды. Сол секілді «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көп­томдық кітаптарды шығарысуға да өз үлесін қосты.
Зерттеуші, қаламгер Тынышбек Дайрабай – 75 жылдық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасаса, Қорқыт Ата кітабының (1999 ж.) 1300 жылдығы мен Жалаңтөс, Жанқожа ба­тырларға арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Сондай-ақ, атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230, Қазақ хандығының 500 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойларына ар­нал­ған, халықаралық, респуб­ликалық, облыс­тық конференциялардың лайықты өтуіне де ұйытқы болды.
Белгілі этнограф, өлкетанушы, қарымды қа­­лам­­гер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР мәдениет қай­рат­кері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудан­да­ры­ның және Қызылорда қаласының Құрметті аза­маты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабай – өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Иә, рухани жан дүниесі бай адам ешқашан тоқырау, шаршау дегенді білмейді. Ізденген үстіне іздене түскенді жақсы көреді. Біздің Тәкең, міне, осындай адам. Осынысымен ол бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі жол, ғибратты үлгі көрсетіп жүр. «Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөзге адал бір адам болса, ол Тынышбек ағадай-ақ болар, шіркін!
Тынышбек ағаның бақытты шаңырағы әр­қашан да жас сәбилердің күміс күлкісімен жаң­ғырып, шат-думанды болып жатады. Тәкең бәй­бішесі Айдархан жеңгей екеуі төрт құбыласын тіреп тұрған төрт бірдей қызынан сегіз немере сүйіп, олардың қызық, рахатын, ерекше құрмет-сыйын көріп отыр.
Немерелерінің алды шетелде және өзіміздің еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері атанған. Мектеп қабырғасында оқып жүргендері де бар. Қыздарының арасынан Гүлмира әке жолын қуып, журналистік қиын мамандықты таңдады.
Елімізге танымал тележурналист, Қазақстан Рес­­­публикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Дайрабайдың бір ерекшелігі – әкесіне тар­тып, сөзге жүйрік және де тынымсыз еңбекқор бол­ған­дығы кімді болса да сүйсіндірмей қоймайды. Бұл да тектіліктің бір белгісі шығар…
Бір сөзбен айтқанда, Тынышбек Дайрабай – түбі терең, ағысы ерен оман дариядай кісі. Осындай тау мүсін, дария көңіл тұлғаға кейінгі толқындардың да ұқсап өскеніне не жетсін?!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру