Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Кемшіліктер кешенді жұмыспен жойылады

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы, жекешелендіруді жүргізу барысы, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау жөніндегі шаралар қаралды.

Елімізде жекешелендіруді жүргізу барысы жайында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 904 объектіні қамтиды. Олардың 876 объектісі туралы толық ақпараттар gosreestr.kz веб-порталына шығарылып, бұл тізімге қайта құрылатын және қайта тіркеуден өтетін 28 республикалық меншік объектісі енгізілмеген. Екі жыл ішінде Кешенді жоспардың 476 объектісі сауда-саттыққа шығарылып, 164 млрд теңге сомаға 367-сі сатылды. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 255 объект қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Қаржы министрінің айтуынша, жалпы Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 71%-ті құрайды.
2017 жылы сауда-саттыққа шығаруға 463 объект жоспарланған. Жоспар 97% орындалды: 289 объект сауда-саттыққа шығарылып, оның 190-ы сатылды. 162 объект қайта ұйымдастырылды және таратылды. 12 объект ауыртпалықтарға байланысты 2018 жылға ауыстырылған.
Мемлекеттік меншіктегі ірі объектілерді және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның активтерін жекешелендіру мәселелері тұрақты негізде ел экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясында қаралады. Ұлттық экономика министрі алға тартқандай, мемлекеттік комиссияның ұсынысы негізінде жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізбесі мемлекеттік меншіктегі бес ұйымды және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның бір объектісін алып тастау арқылы өзектендіріледі. Қазіргі уақытта Үкімет қаулысының сәйкес жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдармен келісілуде.
Осы тұста Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев инвентаризация бойынша сатуға шығарылатын кәсіпорындардың нақты тізімі жасалса да, уақыт өте келе қайтадан жаңа нысандар шыға беретінін сынға алып, бұл мәселе бойынша ұлттық экономика министрінің нақты жауап беруін сұрады. Т.Сүлейменов жалпы тізімге тағы 168 кәсіпорын қосылғанын айтты. Бұған наразылығын білдірген Үкімет басшысы: «Екі жылдың қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындарды анықтадық. Сонда біз инвентаризацияны не үшін өткіздік? Нысандарды қысқартып жатқанда, екінші жағынан жаңа нысандар құрыла бермек пе? Неге мұндай әрекеттерге жол береміз?», деді.
Жекешелендіру жүргізу барысы бойынша сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры Нұрлан Рахметов, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқов, «Қазагро» ҰБХ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов түсініктеме берді.
Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен холдингтердің басшыларына объектілерді сату кестесін сақтау қажеттігі туралы еске салып, оларды бекітілген мерзімдерде өткізуді тапсырды. Мемлекет басшысының жекешелендіруді жүргізу бойынша тапсырмасы биылғы жылдың соңына дейін орындалуы тиіс. Ешқандай дәлелдер қабылданбайды. Премьер-министр жекешелендіруді жүргізу барысын кім орындап жатқанын және кім қалып келе жатқанын көрсете отырып, тоқсан сайын тексеруді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.
Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау шаралары туралы баяндады. Министрдің мәліметінше, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Осы бағытта соңғы үш жылда әлеуметтік көмек түрін сапалы қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2017 жылдың төртінші тоқсанында атаулы көмекке мұқтаж жандарды уақытылы анықтау және олармен әлеуметтік келісімшарттар жасау жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 105 мыңнан астам отбасы әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Олардың басым бөлігіне ақшалай көмек, сондай-ақ жұмысқа орналасуларына жәрдем көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдардың кестесіне сәйкес, қаңтар айында шамамен 49 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Еңбек министрі елімізде жұмыспен қамтыл­ғандардың төрттен бір бөлігін өзін өзі жұмыспен қамтығандар құрайтынын хабарлады. Соңғы 7 жылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны жарты миллионға азайған, ал олардың экономикалық белсенді халық санындағы үлесі 31%-тен 26%-ке дейін өсті. Бірақ бұл көлеңкелі экономика, бейресми жұмыспен қамту, табыстың жасырылуы және әлеуметтік қорғалмаумен тікелей байланысты көрсеткіш. Т.Дүйсенова осы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты формализациялау жұмысы жүргізіліп, бүгінде жалғастырылып жатқандығын айтты. Өткен жылы азаматтардың мәртебесін салыстырып тексеру жүргізілген, аула бойынша тексеріс іске асырылды және орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбек қатынастарын ресімдеу жұмыстары басталған. Осылайша, бір жылдан аз уақыт ішінде бұған дейін мәртебесі болмаған 5,7 млн адамнан 3 миллионға жуық адамның мәртебесі анықталып, ресми ресімделді. Қалған 2,7 млн адамның 1,2 миллионы – бейресми жұмыспен айналысатындар, 1,5 млн адам өнімді жұмыспен айналысуға тартуға тиісті өздігінен нәтижесіз жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздар. Бүгінде облыс әкімдері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялаудың өңірлік жол карталары мен оларға жұмысқа орналасуға жәрдем­десудің кешенді жоспарларын әзірлеп, бекітті. Биыл жұмыспен қамту әлеуетімен 743 мың жұмыс орны анықталған.
Жаңа форматтағы АӘК енгізу және өңірлерде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресімдеу саласындағы жағдай туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Алматы облысының әкімі А.Баталов баяндады.
Елбасы биылғы Жолдауында жаңғыру негізі болып саналатын адами капитал басымдығын көрсете отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы кемшін түсіп жатқанын айтқан еді. «Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсіп бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», делінген Жолдауда.
Премьер-министр бұл мәселеге баса назар аударудың қажеттігін қадап айтты. «Елбасы Жолдауында айтылған сынды бәріміз үшін соңғы ескерту деп білуіміз керек. Бұл жұмысқа тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғана емес, өңірлер де атсалысуы керек. Қажет болса, мәселені менің жұмысымның деңгейінде жүргізетін болайық. Министрлікпен бірге, жеке блокта өңірлердің де есебін тыңдайтын боламыз», деді Үкімет басшысы. Президент айтқан сын-ескертпелер – барлығына қатысты. Демек, барлық ұсыныстарды кешенді түрде ай сайынғы негізде қарастыру, сондай-ақ биыл еңбек және халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру жұмыстарын аяқтау қажет.
Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық шаралар жоспарының жобасымен таныстырды.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Жалпыұлттық жоспардың жобасы Мемлекет бас­шысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын орындау туралы Үкіметтің 11 қаңтардағы отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес әзірленді. Жобада 10 бағыт бойынша мемлекеттің дамуына бағытталған 87 іс-шара қарастырылған.
«Жалпыұлттық жоспарды іске асыру техно­логиялық және инфрақұрылымдық даму­дың жаңа кезеңіне серпін береді, ол төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдерді дамытуға негіз болмақ және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыруға мүмкіндік береді», деді Т.Сүлейменов.
Министрлер кабинетінің мүшелері ұсынылған жобаға бірауыздан дауыс берді. Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-министрдің кеңсесімен бірге бекітілген тәртіпке сәйкес Жарлықтың жобасын Президент Әкімшілігіне ұсыну тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X