Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Астана – Вашингтон: Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан сапар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесті.
Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Қазақстан мен АҚШ президенттері кездесуінде екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің аса өзекті мәселелері талқыланды.

Ақ үйдегі кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге ша­қыр­ғаны үшін Д.Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ Президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады.
– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтай­мын. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақ­станның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қаты­насты берік ұстанып, екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. Бүгінгі сапар соның айғағы болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы екіжақты саяси және экономикалық ынты­мақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Дональд Трамп ресми сапармен кел­гені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қаты­нас­тарға жоғары баға берді.
– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да ір­гелі істер атқардыңыз, – деді АҚШ Президенті.
Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, әлеуетті стратегиялық әріптес деп санайтындығын, өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеп келе жатқанын, Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан бас тартып, ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырғанын баса айтты.
Екі ел президенттерінің кездесуінен кейінгі шағын құрамда өткен келіссөздер аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев брифинг барысында Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді. Сапар­дың сенім, достық және өзара түсіністік аясында өтіп жатқанын атап көрсетті.
Елбасы келіссөздер нәтижелеріне оң баға беріп, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. «Менің са­парымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қаты­нас­тарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығай­туға мүдделі екенін, халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-сынақтары мен қауіп-қатерлерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашинг­тонның өзара тиімді ынтымақтастық танытып отырғанын атап өтті. «Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады, қазір де Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі», – дей келіп, Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тара­пынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек жөнінде айтты.
Қазақстан осы кезеңде Ауғанстанға 75 миллион доллар көлемінде гуманитарлық және техникалық көмек көрсетті. Бүгінде мыңға жуық ауғандық жас еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл шараларға 50 миллион доллар жұмсалды.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуі­не байланысты мәселелер талқыланғанын айтты. «Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқы­ладық.

Қазақстан дүние жүзін­дегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент екі елдің экономикалық ынтымақ­тастығының күн тәртібіндегі мәселелері және оны одан әрі нығайтудың бағыт-бағдарларына тоқталды. «Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Бүгін біз америкалық ірі бизнес өкілдерімен бірге дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын қаржыға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен АҚШ-тың эконо­ми­ка­лық дамуда қол жеткізген табыстарына жоғары баға берді.
АҚШ Президенті өз сөзін Елбасына алғыс айтудан бастап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стра­тегиялық маңызына тоқталды. «Біз Сізді Ақ үйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Елде­рі­міздің өзара ықпалдастығына қатысты маңызды диалог жүр­гізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рахмет. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қа­зақстанды мықты, егемен әрі тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы маңызды дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келеді», – деді Дональд Трамп.
АҚШ Президенті екі арадағы әріптестіктің Қа­зақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығайғанын атап өтті. «Біз алдағы уақытта Қазақстанға салынатын ин­вестиция көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына маңыз беру жоспарда бар. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз жаңа белеске көтерілуде. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүріп жатыр», – деді ол.
Ақ үй басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың ядро­лық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті. «АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс жүргізді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан Пре­зиденті екеуміз біздің қарым-қатынастарымыз ха­лықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан сенімді серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апат қаупімен сес көрсетуін тойтаруға бел буып отырмыз», – деді АҚШ Президенті.
Одан әрі Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. «ИЛИМ-мен және «Талибанмен» соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан мейлінше қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің маған сеніммен айтқан сөзін аса жоғары бағалаймын», – деді Ақ үйдің басшысы.
Көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта беретінін атап өткен Дональд Трамп: «Қазақстанның 2050 жылға қарай жаһандық экономиканың алғашқы отыз­дығына кіруді жоспарлап отырғанын Президенттің мәлімдегеніне ризамын. Ол Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін жұмыс істеуде. Бұл арқылы Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туып, жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді.
Соңында Дональд Трамп Қазақстанды дамыту және өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін тағы да атап өтті. «Мен Сіздің мықты бас­шылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістіктерді көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қазақстанның болашағы жарқын бол­ғанын және оның егеменді елді өркендетуге ба­ғыт­талғанын қалаймыз. Осыны әлемнің барлық бей­бітсүйгіш халықтарына да тілейміз», – деді АҚШ Президенті.
Мемлекет басшысы сапар барысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, бизнес-форумға қа­тыс­ты.
Қазақстан Президенті «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен, АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Рик Перримен кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргі­зілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға берген Елбасы Теңіз және Қашаған кен орын­дарындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтып, Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу ісінде инвесторлардың күш-қуаттарын арттыруы қажеттігіне назар аударды.
Президент еліміздегі жасыл энергетиканы да­мы­туға арналған жобалардың жүзеге асырылуы жө­нінде әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы туралы хабардар етті.
Өз кезегінде АҚШ-тың энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін не­гізгі факторларды атады.
Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Мемлекет басшысы сапар барысында өткен бизнес-форум аясында АҚШ-тың іскер топтар өкілдерімен кездесті. Елбасы кездесу ұйымдасты­рылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қарым-қатынас­тардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.
– Америка – Қазақстан экономикасына са­лын­ған тікелей инвестициялардың көлемі бой­ын­ша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіз­дердің компанияларыңыз тарапынан Қазақ­станға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екіжақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қа­был­даудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Соны­мен қатар Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан қолдау жасауға бағытталған шаралар жөнінде айтып берді.
– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвес­торлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. 62 елдің, соның ішінде АҚШ азаматтары үшін бізде визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан экономиканы цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу үдерісінің барысына тоқталды.
– «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы келешегі кемел бағыт бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы америка­лық бизнесмендерді еліміздің агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қаты­суға шақырды.
Қазақстандағы жекешелендіру бағдарлама­сы­ның іске асырылу барысы және «жасыл экономика» саласындағы жобаларды дамыту перспекти­ва­сы туралы айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы­мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның таза энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме мұрасы ин­новациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «Жасыл» технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигі­зуге арналған», – деді.
Елбасы келесі кезекте «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесі және оның алдағы жұмыс жоспарлары туралы айтты.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы – жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Оның қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық, валюталық, визалық және еңбек режімдері сияқты жеңілдіктер беріледі. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржылық құралдарды дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуына барлық мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келіп, бұл кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара тиімді әріптестіктің нығая түсуіне серпін беретініне сенім білдірді.
Елбасының ресми сапарының қорытындысы бойынша екі елдің мемлекет басшылары ХХІ ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңей­тілген стра­тегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлім­деме қабылдады.
Сонымен бірге бірқатар коммерциялық келі­сім-шарттар мен құжаттарға, оның ішінде «Boeing», «GE Transportation», «Эйр Астана», «Қазақстан темір­жолы» және «Скат» компанияларының 2,5 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде аме­ри­калық өнімдер мен қызметтерді сатып алу жөніндегі жаңа келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер негізіндегі ынтымақтастық сан саланы қамтитын өңірлік сауда және экономикалық даму, болашақтың энергиясы, адами капиталды ны­ғайту секілді басты бағыттарда жүзеге асырылатын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X