Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

Меже – биік, мақсат – зор

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Замана биігінен ел келешегіне көз тастай отырып, өткен кезеңді елеп-екшеген Елбасымыз үзеңгіге аяқ іліктірген құт-қазына Жылында тындырылар толайым тірліктердің жан-жақты ойластырылған жоба-жоспарын жамиғат назарына ұсынды. Ұлт көшінің іркіліссіз ілгерілеу бағытын белгілеп отыратын Мемлекет басшысының Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзге­рістерге қатысты биылғы Жолдауының көздейтін межесі биік, мақсаты зор. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни ғылыми-техникалық өркендеу ахуалына бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтын аса маңызды құжат болып табылады.
Кешегi күннен алыс жоқ, ертеңгi күннен жақын жоқ, деген. Көмірсутекті шикізат молшылығына арқа сүйген дәуір қол бұлғап қалар күн де таяу. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, көп болып кірісер тірліктің ең бастысы жаңа өнеркәсіптік кезеңнің басты тірегі – индустрияландыруды жаңа сапаға көтеруге бір кісідей атсалысуымыз қажет. Бұған қажетті алғышарттардың барлығы жасалды. Атап айтқанда, жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігі ескеріліп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясы қабылданды. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары негізінен ұзақ мерзімге арналған және олар жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты. Бұл орайда өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік бергенін, кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендегенін ауыз толтырып айтуға тиіспіз. Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Сондай-ақ Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданып, рес­публиканың 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стра­тегиялық жоспары жасалды.
Жаңа кезеңде жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторын дамыту бағыты жалғасын табады. Бұл орайда мейлінше инновациялық сипат­қа ие болатын индустрияландыру 4.0 – жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктері пайдаланылады, сонымен қатар кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шы­ғуын көздейтін жаңа құралдар әзірленіп, сыннан өткізіледі. Бұлар бірінші кезекте технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіп орнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылып, бұл тәжірибені кеңінен таратылмақ. Цифрлық және басқа инновациялық шешімдерді әзір­леушілердің өз экожүйесі дамып келе жатқанын, ол Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық те­хнопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қа­лып­тасатындығын атап өтуіміз керек. Бұл ретте «Ала­тау» инновациялық технологиялар паркінің қызметі түбегейлі түрде қайта ұйымдастырылады.
Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржылан­дырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып отыр. Ақпараттық технологияларды және инжини­рингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие. Сондықтан да кешен­ді ақпараттық-техноло­гия­лық плат­формаларды бел­сенді түрде енгізу, кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен қуат үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық та­за­лығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек. Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті. Өйткені бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді, сондықтан 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндеті қойылып отыр. Қазір біздің елмізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы бұларда 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.
Экономика саласындағғы осынау ұлан-асыр міндет­терді жүзеге асыру үшін білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. Бұл орайда қазақ ғылым мен білімінің қара шаңырағы, Орталық Азия мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып әлемнің ең үздік 250 универ­ситеті қатарына қосылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жүктелер міндет ауқымды. Университеттің әлемдік сахнадағы жоғары танымалдылығы оның инновациялық жобаларымен тығыз байланысты. Олардың аса маңыздысы – жаңа ұрпаққа арналған білім ордасы дамуының жаңа 4.0 университет үлгісін енгізу болып табылады. Жаһандану және жаңа технологиялардың жылдам дамуы жағдайында университеттің жаңа моделін құру үлкен маңызға ие. Жоғары оқу орындарының басты міндеті – жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ғана емес, сондай-ақ жастарды мемлекет пен бүкіл әлем азаматтары ретінде рухани тұрғыдан қалыптастыру. Оның негізі инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік тұғырнамалардың үндестігіне сүйенген «Al-Farabi University smart city» тұжырымдамасы болып табылады. Жастардың бойында бейбітшілік, ізгілік пен әділдік және белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруды көздейтін жаңа заман университеті өз қызметін Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс міндеттерін жүзеге асыруға бағыттап отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X