Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Су саласындағы мемлекеттік саясат

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Торғай тасыды ма?» деп, көктем шыға келген-кеткеннен сұрау салып жататын қазақтың дүлдүл ақыны Ғафу Қайырбеков ағамыздай қазір елден жеткен хабарға елеңдейтінді шығардық. Дегендей-ақ, тауық жылы түгесіле келе еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын аралап өткен жағымды бір хабарға оқырман көңілін бөлгім келіп отыр. «Ауылдарды ауыз сумен қамту жұмыстары Жангелдин ауданында да сәтті орындалуда. 2021-ші жылға дейін жалғасатын «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жангелдин ауданында халықты тіршілік көзімен қамтамасыз ету тұрғысындағы жұмыстар ойдағыдай орындалуда. Оның айқын дәлелі ретінде аталмыш ауданға қарасты Аралбай елді мекенінде су құбырын қайта құрылымдау жүйесі іске қосылды. Көпшіліктің көптен күткен қуанышына аудан әкімі арнайы барып ортақтасты. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Жангелдин ауданында соңғы жылдары су мәселесі оң шешімін тауып келеді», делініпті онда.
Қазақ кәсіпкерлігі тарихында өзіндік орны бар қыпшақ Сейітқұл егін егіп, қала салған Көгалат-Аралбай ауылының тұрғындары ғана осындай қуанышқа кенеліп отырған жоқ. Енді басталып жатқан 2018 жылы Қостанай облысында ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін қазынадан 5 млрд-тан астам теңге бөлінетін көрінеді. Бұл қаржы Амантоғай, Үрпек, Ақшығанақ, Денисов, Некрасов, Арқа, Челгашы, Боровской және Первомай ауылдарындағы сумен жабдықтау желілерін қайта құруға жұмсалмақ. Мұның барлығы аса маңызды ресурс – су саласындағы жан-жақты ой­лас­тырылған мемлекеттік саясатты дәйекті жүзеге асыру арқасында мүмкін болып отыр. Осы ретте су саласын дамытудың, жер қойнауын, оның ішінде жерасты сулары ресурстарын кешенді зерттеу мен ұтымды пайдаланудың заңнамалық базасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексі, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Заңы», сондай-ақ осы заңға тәуелді актілер қабылданғанын, оларды жүзеге асыру тиісті қайтарым бергендігін айта кеткеніміз абзал. Өйткені, еліміздің географиялық орналасуына сәйкес оның 8 өзен бассейнінің 7-еуінің ағыны көршілес Қытай Халық республикасында, Орталық Азия мемлекеттерінде, Ресейде қалыптасады, олар трансшекаралық сипатқа ие. Су қорының 44 пайызы сыртқы көздер есебінен толығатынын ескерсек, су қауіпсіздігі тұрғысынан Қазақстанның трансшекаралық ынтымақтастық мәселесі өте маңызды болып табылады және стратегиялық әрі кешенді көзқарасты қажет етеді.
Осыған байланысты су ресурстарын басқарудың ішкі мәселелерін шешумен қатар, Қытаймен, Ресеймен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен трансшекаралық өзендерді пайдалану, қорғау және су бөлу саласында, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі ұйымдарымен және басқа халықаралық мекемелермен су ресурстарын басқару, суды үнемдеу және су заңнамалары, алдыңғы қатарлы технологияларды тарту мен енгізу, тәжірибе алмасу саласында тиімді өзара іс-қимыл аса маңызды болып табылады. Шу мен Талас өзендері бойынша ынтымақтастық оң үрдіс санатына жатады: 2006 жылы құрылған Шу-Талас комиссиясы екіжақты келісім аясында жұмыс істейтін бірлескен органның үлгісі болды. Шу-Талас комиссиясы модельдік құралға айналды, оның көмегімен өзендердің төменгі ағысында орналасқан елдер ағыс бойынша жоғары орналасқан елдер аумағындағы бөгеттер мен басқа да гидротехникалық құрылыстарды басқаруға қатыса алады.
Трансшекаралық ынтымақтастықтың тағы бір оңды мысалы ретінде 2011 жылы қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы транс­шекаралық өзендердің су сапасын қорғау туралы екіжақты келісімді атауға болады. Қазақстан бірқатар шекаралас мемлекеттермен жасалған халықаралық келісімдердің, сондай-ақ халықаралық конвенциялардың бір тарапы болып табылады. Шекаралас елдермен жасалған келісімдер нормаларын іске асыру үкіметаралық комиссиялар шеңберінде жүзеге асырылады. Еліміздегі су ресурстарының негізгі көлемін жерүсті сулары орташа жылдық 101 км3 көлемінде қамтамасыз етеді. Оның ішінде 56 пайызы оқшау, ал қалған 44 пайызы Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресей мен Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендер ағысы есебінен қалып­тасады. Тұщы судың қосымша көзі, пайдалануға бекітілген қоры 15,4 км3 құрайтын жерасты сулары, тұщыландырылған теңіз сулары мен өзге де көздер болып табылады. Қазіргі уақытта мұның жылына 1,2 км3 өндіріледі. Кепілді су ре­сурстарының жалпы көлемі табиғатты қорғау мақсатында пайдалануға, шектес мемлекеттерге міндетті ағынды қамтамасыз етуге қажетті көлемді қоспағанда, жылына 23,2 км3 құрайды.
Қолайсыз климаттық және трансшекаралық гидрологиялық жағдайлар кезінде келешекте 2040 жылға қарай Қазақстан бойынша жерүсті ағыс­тарының жылына 11,4 км3 азаюы болжануда. Трансшекаралық өзендер бойынша су ағынының осы, 2040 жылға қарай болжамды кемуі екі сценарий бойынша байқалады: бірінші – көршілес елдер келісімдерге сәйкес немесе су ресурстарын тең бөлу кезінде өз лимиттерін толық алады, екінші – көршілес елдердің белгіленген квотаны арттыра отырып, су алуды ұлғайту бойынша қазіргі заманғы қарқыны сақталады. Келтірілген деректер «судың да сұрауы» бар екендігін көрсетсе керек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X