Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Кластер тиімділігі артып келеді

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда денсаулық секторын халықаралық стандарттарға, алдыңғы қатарлы медициналық және басқару технологияларына сай жетілдіру маңызды деңгейге қойылатыны заңды. Осы мақсатта Ақтөбе облысында заманауи өмір талаптарына лайық медициналық кластер құрылып, даму үстінде.

Жуырда өңірде Ақтөбе медициналық орта­лығын әрі қарай дамытудың бес жылдық стратегиясы әзірленді. Құжат жобасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында таныстырылды. 2018-2022 жылдарға ар­налған стратегиялық даму бағдарламасы ха­лық­аралық сарапшылардың қатысуымен әзір­леніп, медициналық кластердің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің хабарлауынша, бұл үшін жоғары технологиялық медициналық қыз­меттердің үлесін арттыру, ішкі медициналық туризмді дамыту, кластер қалыптастырушы субъек­тілердің инфрақұрылымдық құрамын одан әрі жаңғырту және Ақтөбе медициналық клас­терін халықаралық аккредитациялау жоспарланып отыр.
Медкластерді дамытудың стратегиялық бағ­дар­ламасында медицина саласында жоғары кә­сіпқой мамандар командасын құру сынды өзекті мәселе қарастырылған. Осыған орай, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің басшылығына бұл міндетті жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуды тапсырды.
– Медициналық кластердің тиімділігінің негізгі белгісі облыс халқының денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруы мен медициналық туризмнің дамуы арқылы көрінеді. Осы мақсаттарға жету үшін бірлесе жұмыс істеп, медицина саласының барлық субъектілері өзара қарым-қатынаста болуы қажет, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Ақтөбе медициналық орталығы негізінде медициналық кластердің құрыла бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Ә.Қалиевтің айтуынша, кластерлік саясатты жүзеге асыру медициналық ұйымдар қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ең алдымен, еңбек өнімділігінің артуы, диагностика мен емдеу сапасын жақсарту, жоғары технологиялық медициналық қызметтер шоғы­рын кеңейту, стационарлық медициналық жәр­демді ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды енгізу қамтамасыз етілді. Медициналық кластердің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды элемент ретінде денсаулық сақтау саласында кластерді қалыптастырудың негізгі құ­рал­дарының бірі болып табылатын мемлекет­тік-жекешелік әріптестік негізінде медкластер қызметіне шетелдік серіктестердің қатысуын атауға болады.
Бүгінгі таңда өңірде медициналық туризмді дамыту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Облыс денсаулық сақтау реформаларын енгізу мен жүзеге асыру бойынша және ішкі медициналық туризмді, мемлекеттік-жеке серіктестікті тиімді дамытуда әркез алда келеді. Өңірде денсаулық сақтау саласының шамамен 14 млрд. теңге болатын барлығы 26 МЖС нысаны салынуда. Медициналық кластерді дамытуда МЖС механизмдерімен қатар, неміс, оңтүстік кореялық, түрік өндірушілерінің, соның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған жабдықтары мен инновациялық зерттемелері белсенді түрде қолданылып жатыр.
Осындай нақты істердің нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірлерінің алғашқы Aktobe Medical Center медициналық кластері жанынан 400-ден аса күрделі ота, соның ішінде бүйрек пен бауыр ауыстыру бойынша ота жасалған. Жаңа технологияларды игеру мен енгізуде Оңтүстік Корея, Польша, Түркия және басқа да елдердің кәсіби дәрігерлері серіктес болып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X