Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Транзит табысты ынтымақтастыққа бастайды

Жаңа жыл қарсаңында Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың 25 жылдығы екі ел өкілдерінің қатысуымен салтанатты түрде аталып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасында бұрыннан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екіжақты қарым-қатынас қалып­тасқанын атап өткен болатын. Өзара тиімді байланыстар бүгінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салада да арта түсті. Қазақстан мен Әзербайжан арасында бүгінге дейін жүздеген құжатқа қол қойылып, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ортақ парламентаралық комиссия жұмыс атқаруда.
– Қазақта «елдестірмек – елшіден» деген сөз бар. Екі ел арасындағы достық қатынастың жоғарғы деңгейі бірінші кезекте мемлекет басшыларына тікелей байланысты. Бұл жағынан екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өз миссиясын толығымен атқарып отыр деуге болады. Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ішкі сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары бойынша 41,2 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 26,1 млн. АҚШ доллары экспорт үлесіне, 15,1 млн. АҚШ доллары импортқа тиесілі. Бүгінде аймақтағы 52 мекемеде әзербайжандық компаниялардың үлесі бар, – деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Қос мемлекет арасындағы ынтымақтас­тықтың маңызды аспектілерінің бірі – транзиттік әлеует екені белгілі. Атап айтқанда, Әзербайжан арқылы өтетін кавказдық бағыт Қазақстанға Еуропа нарығына шығуға мүм­кіндік береді. Ал Қазақстан Әзербайжанға Ор­талық Азия мен Қытай нарығына шығуға жол ашады.
10 жыл бойы Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын сыйымдылығы бар «Баку астық терминалы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны жұмыс іс­теуде. Әзербайжанды жоғары сапалы астық­пен қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорын қа­зақ­стандық астықты Кавказ және Қара теңіз өңірлерінің мемлекеттеріне, Еуроодақ елдеріне экспорттайды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қыз­меті мәліметіне сәйкес, Индустрияландыру картасы аясында Әзербайжан компаниясы – «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС-нің «Ақтау теңіз порты» АЭА-да азық-түлік тауарларын сақтау үшін ауданы 178,7 мың шаршы метр болатын қоймалық орынжайлар құру жобасы іске асты. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд. теңгені құрайды.
Қазақстан Әзербайжанға теміржол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, тоқыма өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.
Екі ел үшін де маңызды жоба – Құрық порты. Мерейлі Маңғыстау жерінен артылған жүк Әзербайжан арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа елдеріне жол тартады. Алдағы уақытта Құрық порты арқылы да байланыстар арта түспек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру