Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Рухани жаңғыру – басты міндеттеріміздің бірі

Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасын басшылыққа алып, мемлекеттік тілді меңгеру мен қолданылу аясын кеңейту бағытында біршама жұмыстар атқаруда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарын қайта қарастырып, өңірдегі материалдық игіліктер мен рухани игіліктерді жинастыру, жүйелеу және жаңа мазмұнмен байыту мақсатында мектеп оқушылары, студенттер мен жұмыскер жастар арасында түрлі конкурстар ұйымдастыру көзделді.

Бірлестік мемлекеттік мекемелер мен кәсіп­­орындарда, сондай-ақ оқу орындарында мемле­кеттік тілде іс жүргізудің ахуалын басты назарда ұстайды.
Бұл ретте Маңғыстау облысының тілдерді да­мыту, архивтер мен құжаттама басқармасымен бірлесіп мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда. Өңірде жұмыс істеп тұрған балабақшалардың түгелге жуығы балғындарға мемлекеттік тілде тәрбие беруде. Жалпы білім беретін орта мектептер мен колледждерде негізгі сабақтар мем­лекеттік және орыс тілдерінде жүргізілуде. Жо­ғары оқу орындарындағы мамандықтардың көп­шілігінде дәрістер мемлекеттік және орыс тіл­дерінде беріліп, соңғы жылдары студенттердің орыс және ағылшын тілдерін меңгеруіне де қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Осылайша, жастар арасында мемлекеттік тілді меңгеру тиісті талап деңгейінде жолға қойылған деуге әбден болады. Мемлекеттік тілді меңгеруге жастарды көбірек тарту мақсатында, бірлестік жұмысында қазақтың көрнекті, белгілі, дарынды ақын-жазу­шыларының клас­сика­лық үлгідегі шығар­ма­ла­рынан үзінді көр­кем сөз оқу, өз бетімен шығармалар (өлең­дер, әңгімелер, әзіл-сықақтар және т.б.) жазу, шығармашыл жас дарындардың сайысын, ақын­дар мүшәйрасын, ақындар айтысын, белгілі қалам­герлердің жыр кештерін, шығармашылық кеш­терін ұйымдастырып өткі­зумен бірге, шығарма жазудан түрлі тақырыпта конкурстар өткізу секілді әдістерін қолдану тиімді екендігін дәлелдей түсуде.
Сонымен бірге, елді мекендерде орнатылған алуан түрлі жарнамалар мен кәсіпорындар, әсіресе бизнес құрылымындағы маңдайшалары, өн­діретін тауарлары мен көрсетілетін қызметте­рін насихаттайтын түрлі жарнамалар мәтінінде қазақ тіліндегі нұсқаларын белгіленген талапқа сай орналастырылуы мен жазылуын бақылап қадағалау міндеті бойынша да біршама оңды жұмыстар атқарылды.
Елбасы Жарлығымен Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың Маңғыстау облысына әкімі болып тағайындалуының Амал мерекесімен тұспа-тұс келуінің де өзіндік нышандық мәнге ие екендігін айшықтай түсті. Мұны барша маңғыстаулықтар жақсылыққа жорып, облыс әкімінің Амал мен Наурыз мерекесі аралығында қалалармен, аудандармен, іргелі кәсіп­орындармен танысу мақсатындағы кезде­сулерінде қадамына қолдау көрсетуі мен сәттілік тілеуі ай­ғақтайды. Отпан тауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген бауырларымыз Амал мере­кесінің ауқымын кеңейтіп, мәртебесін биіктете түсті.
Наурыз мейрамы белгіленген іс-шаралар жоспарына сай жоғары деңгейде өтті.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі рухани жаңғыру іс-шараларына тікелей қатысудан бас­таған құтты қадамын ұдайы жалғас­тыру үс­тінде.
Мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру, мем­лекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақ­са­тында этнос өкілдерінің қатысуымен бір­қатар шаралар іске асырылды. Дәлірек айтсақ, «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» Қазақстан халқы тілдері күніне орай, республикалық патриоттар форумы өткізілді.
«Тіл – татулық тірегі» – халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай облыстық байқау;
«Ынтымағы жарасқан туған өлкем» – 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, облыстағы бала­бақшалардың қазақ топтарындағы балалары арасындағы облыстық байқауы;
«Тіл парасат» – Қазақстан халқы тілдері күніне орай, этнос жастары арасында қазақ тілі білгір­лерінің ХІ республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңі секілді қазақ тілін дамытуға өрісін кеңейтуге бағытталған шаралар да ойдағыдай жоғары деңгейде өткізілді.
Үш тілді жетік меңгерген жастарды анықтау және қолдау, үштілділікті насихаттау мақсатында тіл бас­қар­ма­сымен бірлесіп ұйымдастырылған.
«Көп тіл білу – заман талабы» – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Республикалық полиглоттар форумы жоғары деңгейде өтті. Форумда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, әр түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жас полиглот мамандар көп тілді мең­герудің қыры мен сыры жайындағы өз тәжіри­белерімен бөлісті.
«Жеті жұрттың тілін біл» – Қазақстан халқы тілдері күніне орай облыстық конференциясы;
«Ой-сана» – қазақ жастары арасындағы орыс тілі білгірлерінің облыстық байқауы;
Аудармашылардың біліктілігін арттыру мақса­тында қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретудің шеберлік кластары;
«Үздік үштілді педагог» – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген педагогтар арасындағы облыстық байқауы;
«Тіл дарын» – Қазақстан халқы тілдері күніне орай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында республикалық олимпиаданың облыстық іріктеу кезеңі;
«Тіл шебері» – Қазақстан халқы тілдері күніне орай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызмет­шілер арасында республикалық байқаудың облыстық іріктеу кезеңі секілді шараларға көп­теген талапкерлер қатысып, тіл білімінен өзде­рінің қабілеттерін ортаға салды. Олардың жеңім­паз­дары мен жүлдегерлері тиісті дипломдар мен алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
17 мамыр. Нұрмұхан Жантөрин атындағы музы­калық-драма театрында ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, есімі шетел асып жүрген ақын Сабыр Шеркешбайұлы Адайдың шығармашылық кеші өткізілді. Кеш 2 бөлімнен құралды. 1-бөлімінде Ақын Сабыр Адайдың «Он сегіз мың ғалам және ксенофобия дерті» атты туындысының желісі бойынша «Үрей дерті» сахналанған қойылым. 2-бөлімінде ақынның шығармашылығынан құ­рал­ған «Алтынзер» атты шығармашылық кеш.
19 мамыр. «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде Облыс әкімі Е.Л.Тоғжановтың қаты­суымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!» атты облыстық X «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің гала-концерті және марапаттау рә­сімі өткізілді.
Фестивальдың мақсаты – жастардың рухани мәдениеті мен шығармашылық бастамашылығын дамыту және жетілдіру. Өнерпаздар халықтық ас­пап­тарда орындау, эстрадалық музыка, көркемсөз оқу, хореография жанры, классикалық жанр, бейнелеу өнері, фотосуретшілер, ең үздік әдіскер, клуб мекемелерінің материалдық-техникалық ба­засы бойынша өз бақтарын сынады. Сөз сайысына он төрт айтыскер ақын қатысты. Биыл сөз сайысына облыс көлемінде танылып жүрген ақындармен қатар алғаш рет айтыс табалдырығын аттаған жас ақындар да бар. «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың» атты облыстық Х «Маңғыстау жұл­дыздары» өнер фестиваліне қала, аудандардан 1104 көркемөнерпаз қатысып, 3702 көрерменді қамтыды.
Шілде айында Н.Жантөрин атындағы музы­калық драма театрында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш идеясы және Тәуел­сіздік» атты жас ақындар мүшәйрасының марапаттау салтанаты өткізілді.
Алаш идеясын, Алаш қайраткерлерінің арман-мұраты мен ерен еңбектерін жырлауды, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын, Елбасы саясатының маңызын, еліміздің рухани жаңғыру бағытын насихаттауды көздеген мүшәйраға 13 пен 20 жас аралығындағы 126 талапкер қатысты.
Алғашқы сөзді осы шараны ұйымдастырушы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, және құрметті журналисі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиев алып, биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отырғанын, Алаш қайраткерлерін еске түсірумен қатар, өлеңдері бұрын еш жерде жарияланбаған жас талантарды іріктеу мақсатында 13 – 20 жас аралығындағы ақындардың мүшәйрасын өткізуді жоспарлағанын айтып өтті. Сол 16 талапкердің ішінен қазылар алқасының шешімімен 1-орынға – Ақтау қаласы №27 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әйгерім Сәрсенбаева, 2 орынға – Жаңаөзен қаласы №18 орта мектептің 10-сынып оқушысы Райхан Үсембаева, 3 орынға – Маңғыстау ауданы Шетпе гимназиясының 10-сынып оқушысы Айзада Ғабитқызы ие болды.
Жүлделі үш орыннан бөлек, 2 талапкер Қолғанат Алтыбай мен мұнайлылық Ибрахим Дәулетбаев ынталандыру сыйлығына ие болды.
15-18 тамыз аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты Маңғыстау облысының мәдениет мен өнері күндері өткізілді.
16 тамызда «Шабыт» шығармашылық сарайы Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтті.
24-28 тамыз аралығында Н.Жантөрин атын­дағы музыкалық драма театрында ТҮРКСОЙ ха­лық­аралық ұйымының бастамашылығы және Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр фестивалі өткізілді. Фестиваль «Қазақстанның Еңбек Ері», КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналды.
3 қазанда Қазақстан халқы тілдері күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сының идеяларын жүзеге асыру мақсатында өткізілген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері туралы шығармалар конкурсын, «Қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қазіргі кездегі қолданылуы мен тәрбиелік мәні туралы шығармалар конкурсын, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаевтың еңбектері туралы шығармалар конкурсын, Қазақ халқының ұлы ақыны Абай шығармашылығы туралы шығармалар кон­курсы­ның қорытындыланғанын ерекше атап өтуге болады.
Аталған конкурстарға облыстың қала мен ау­дан­дарындағы орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері қа­ты­сып, тиісінше конкурс талаптарына сай білім деңгейі мен қарымды қабілеттерін көрсете білді. Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында конкурс жеңімпаздары мен жүл­дегерлері тиісті дипломдар мен алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


23 қазанда Нұрмұхан Жантөрин атындағы об­лыстық музыкалық-драма театрында ақын Есенғали Раушановтың 60 жылдық мерейтойына орай «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өткізілді.
28 қазанда Отпан тауда «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығы аталып өтті. Үш жүздің төбе билері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге ескерткіш орнатылды. Осы шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов және кешен идеясының авторы Сабыр Адай салтанатты ашу рәсімін жасады. Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші Көшер Байғазиев, қаржылай демеуші – «Корпорация Каспий Строй-Сервис» ЖШС (бас директоры Самат Мұсабаев). Сонымен қатар Ақсарай алдында кешенді тұрғызған, өркендетуге ниеттес болған барша ағайынға арналған «Алғыс тақтасы» орнатылды. «Қарашаңырақ» алаңында мерей­тойға байланысты салтанатты жиын болып, облыс әкімі Ералы Тоғжанов, көрінекті ғалым, шығыстану ғылымының докторы Ислам Жеменей, «Қазақстан – Zaman» газетінің, «Елана» сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы, ақын Сабыр Адай көпшілікті, отпандықтарды мерекесімен құттықтады.
Ақсарай конференц-залында «Рухани жаңғы­рудағы «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің орны» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кешеннің бүгіні мен болашағы туралы келелі мәселелер тал­қыланды.
29-30 қараша күндері «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында Тұңғыш Президент күні­не арналған «Рухқа – ұран, ұлтқа – қорған!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған айтыстың мақсаты – айтыс өнерінің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету, еліміз­дің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген құнды­лықтарын, өңірде жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобаларды дәріптеу, Маңғыстау айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін насихаттау. Аламан жыр сайысын Қазақстан айтыс ақындары және жыршы-термешілері халықаралық одағы­ның төрағасы, көрнекті ақын Жүрсін Ерман жүргізді.
Айтысқа елімізге белгілі 18 ақын қатысты. Олардың қатарында Қызылорда облысынан – Мұхтар Ниязов, Шығыс Қазақстан облысынан – Рүстем Қайыртайұлы, Астана қаласынан – Әсем Ережеқызы, Батыс Қазақстан облысынан – Жансая Мусина, Бауыржан Ширмединұлы, Атырау облысынан – Шалқарбай Ізбасаров, Алматы облысынан – Шұғайып Сезімханұлы, Бердіхан Қазырет, Павлодар облысынан – Аспанбек Шұғатаев, Қарағанды облысынан – Мақсат Аханов, Ақтөбе облысынан – Ершат Қайболдин, Маңғыстау облысынан – Мэлс Қосымбаев, Жанар Айлашова, Фархад Мусаев, Абай Жолмағанбетов, Алтынбек Сүйінбекұлы, Азамат Орынбасаров, Арғынбек Қалбаев т.б. болды.
Қазылар алқасының шешімімен бас бәйгеге – 3 млн теңге жүлдемен Мэлс Қосымбаев пен Аспанбек Шұғатаев, бірінші орынға – 2 млн теңге жүлдемен Мұхтар Ниязов, 2-орынға – 1 млн теңге жүлдемен Жансая Мусина мен Әсем Ережеқызы, 3- орынға – 400 мың теңге жүлдемен Рүстем Қайыртайұлы, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин, Абай Жолмағанбетов ие болды.
Ал Шұғайып Сезімханұлы, Қазірет Бердіхан, Мақсат Аханов, Алтынбек Сүйінбекұлы, Жанар Айлашова, Фархад Мұсаев, Бауыржан Ширмединұлы, Азамат Орынбасаров, Арғынбек Қалбаев 300 мың теңге мен Алғыс хатқа ие болды.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі жо­ғарыда санамаланған іс-шаралардың ұйымдас­ты­рылып өткізілуіне ұйтқы болып, өңір халқы­ның рухани жағынан серпілуіне атсалысты. Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерекесін толымды та­быстармен қарсы алып, Желтоқсан демокра­тиялық жаңғыру күніне орай өткізілген қоғамдық мәдени-іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуге де белсене қатысты.
Осылайша, соңғы екі жылда Елбасының «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауында айтыл­ған мемлекеттік тіл сала­сын­дағы міндеттерді, әсіресе, Елбасының шығарма­ларындағы ой-тұ­жы­рымдарын орта мектеп пен колледж оқу­шы­ларының, жоғары оқу орындары студенттерінің оқып-үйренуі мен зерделеуіне ықпал ететін түрлі тақырыпты қамтитын мазмұнды іс-шаралар мен конкурстарды табысты өткізді.
Жақында елімізге белгілі жазушы, Қазақстан­ның мәдениет қайраткері және «Құрметті жур­налисі», «Маңғыстау облысының құрметті азама­ты», «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Маңғыстау облысы бойынша өкілі, Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Бектұр Төлеуғалиев осы саладағы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттің «Құрмет» орденімен наградталды.
Өткен жылды халқымыздың мәдени-рухани құндылықтарына арналған осындай мазмұнды іс-шаралармен табысты қорытындылаған облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі 2018 жылда атқаратын ауқымды іс-шаралар жоспарын әзірлеу үстінде.

Аманжол ҚОРТАБАЕВ,
Маңғыстау облыстық
«Қазақ тілі» қоғамдық
бірлестігінің басқарма мүшесі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X