Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Рухани жаңғыру қадамдары

Қазақстан Республикасының маңдай алды жоғары оқу орны әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өткен жылы «QS Дамушы Еуропа және Орталық Азия» Халықаралық аймақтық рейтингінде 10 үздік ЖОО қатарына кіргені елімізде потенциалы мықты мамандардың аз емес екендігін білдірсе керек. Егемендіктің тізгінін уыстан шығармаудың дара жолы – рухани жаңғыру екендігін ұққан ұрпақ елдің тарих қойнауындағы ізетті де игілікті істерін зерделеуге белсене кіріскендей. Әдебиет пен өнерді былай қойғанда, қазақ топырағында қаншама ғалымдар хат қалдырған десеңізші!

Бұл ретте әл Фараби бабамыздың мың жыл бұрынғы есімінің әлемдік сахнадан түспеуінің өзі зор мақтаныш емес пе? Қарап отырсақ, көпшілік ғалымдар өмірдің бар рахатын ғылымнан ғана іздеп, материалдық байлықты онша місе тұтпаған екен. Соған қарағанда, «Ақылды болсаң неге бай емессің» деген бүгінгі күннің мақалы қисынсыз болса керек. Жаңа ғасырдағы адамзат алдында тұрған түйткілі мол мәселелерді шешуде өзекті орынды математиктер алатындығы күмәнсіз. Өйткені атом бомбасын да, ғарыштық кереметтерді де жасауда ма­тематиктердің сырт қалмағаны бесенеден белгілі. Демек, келешекте адамзат терең талдауларға негіз­делген программаға бағынса ғана тіршіліктен қол үзбейтін болар. Ал мұндай программа күрделі есептеулерсіз, өлшеусіз интеллектуалдық жігерсіз және біліктілігі жоғары математиктерсіз қалай жасалмақ? Ендеше, математика әлемдегі құдыретті де қадырлы мамандықтың біріне айналуға міндетті. Математикалық білімнің өзі компьютерді, компью­терлік технологияны және заманауи ақпараттық мүмкіндіктерді үйретуді қамтуы қажет. Кезіндегі Бу, Электр, Атом ғасыры секілді жаңа ғасыр Компьютер ғасыры болатындығы айдан анық. Біздің университеттің механика-математика факуль­тетінде білікті математик мамандар даярлауды жүзеге асыру жолында жемісті еңбек етіп жүрген, елімізге елеулі еңбек сіңірген тұлғалар туралы талай-талай жазылып жүр, жазыла да бермек. Қазірдің өзінде қарымы қайтпаған, тың идеялардың көрігі, танымал тұлғалардың томағасын сыпырған, кемел ойлы кісілерден де кенде емеспіз. Олардың арасында ұлық істі үндемей жүріп тындыратындары қаншама! Солардың бірі жарты ғасыр университеттен табан аудармай, халыққа қалтқысыз қызмет етуден таймай келе жатқан математикалық басқару теориясы саласының көрнекті маманы, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Айсағалиев Серікбай Әбдіғалиұлы дер едік. Өмірінің өзегіне айналған мамандық таңдаған бұл азаматтың еңбегін университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың «Тиімді басқару саласының көптеген жұмыстары бұрын жабық тақырыпта болғандықтан, олардың ғылымда жеткен қомақты нәтижелері көпшілікке кеңінен таныс бола бермеді. Солардың қатарындағы ғарыш саласы мен ұшу аппараттары жөнінде толымды еңбектер жазған С.Ә.Айсағалиев секілді ғалымдар ел игілігі үшін әлі талай туындылар тудырары сөзсіз, болашақта ғарыш технологиясының мамандарын дайындау ісіне осындай азаматтар мұрындық болары дау тудырмайды» деп бағалап, әл Фараби алтын медалін табыс етуі осыған айғақ болғандай. Қазіргі заман талабына сай нарықтық қоғамның қыр-сырын жете меңгеруге бағышталған «Қолданбалы математика» саласы елімізде 1971 жылдан бастау алатыны белгілі. Міне, сол маман­дықтың математикалық басқару бағытының еліміздегі негізін қалаған Серікбай Айсағалиев екендігін көншілік қауым біле бермеуі мүмкін. Кезіндегі мәртебелі мамандық саналған мұндай мамандыққа қол жеткізу талайға арман болған еді. Тіпті осы мамандық екі рет жабылып қалғанда да мемлекеттік деңгейдегі сұраныс-ізденістер жасап, қайта өмірге оралуына себепкер болған да осы кісі болатын. Ұтымды шешімдер қабылдаудың, қоғам мен тұрмыстағы күрделі мәселелердің түйінін шешуге машықтандыратын «Тиімділеу әдістері», «Операцияларды зерттеу» пәндерінен алғаш қазақ елінде дәріс беруді бастап, жетесі мол жеткіншектерді осы тақырыптағы семинарларда шыңдаудың арқасында ел экономикасы мен мемлекеттік қызмет саласының өкілдерін молайта түскені де ақиқат.
Қазіргі компьютерлік ғасырдың қайнар көзіне айналған электронды-есептеуіш машиналар жүйесін жасау гуманитарлық және табиғи ғылымдарға, атап айтқанда, математикаға да орасан әсер етті. Нәтижесінде математиканың барлық классикалық тараулары толығымен қамтылатын жаңа математикалық бағыттар дүниеге келді. Сол жаңа бағыттарды қамтитын математикалық басқару теориясы, тиімді басқару, шешім қабылдаудың математикалық теориясы, кезектер мен жаппай қызмет көрсетудің теориясы, желідегі тасқындар, иерархиялық жүйелердің ақпараттық теориясы жаһандану заманындағы басым бағыттарды анықтауда айтарлықтай орын алатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Мұнай өндірудің сандық әдістері, биологиялық және медициналық кибернетика, спутниктер мен ғарыш аппараттары, ұшақтар қозғалысын басқару, роботтық жүйелер мен электр-энергия жүйелерін меңгеру жолындағы көптеген жобалар дүниеге келді. Еліміз егемендік алған соң, жаңа талаптарға сай заманауи оқулықтар мен әдістемелік құжаттар жасауда да Серікбай Әбдіғалиұлы біздерге жол көрсетіп, жаңашылдығымен танылды. Қажырлы еңбегі мен табандылығы үлгі болған ұлық ұстаздың жолын жалғастырып жүрген шәкірттері тек Қазақ елі аумағында ғана емес, ТМД елдерімен қатар Америка, Алмания, Қытай сияқты шет елдерде де математикалық қызметін дамытып жүр. Өзі басқарған кафедрадан түлеген түлектердің мемлекет басқару аппараттарында, ірі ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарындағы тізгінді ұстап отырғаны, дайындаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының дербес мектеп ашулары Серікбай Әбдіғалиұлының қоғамдағы жапырақ жайған бәйтеректей орнын білдірсе керек.
Тиімді басқару саласында С.Ә.Айсағалиев зор математикалық мектеп құрып, сол саланың үлкен ұжымына басшылық жасаудан таймай келеді. Күні бүгінге дейін 230 ғылыми мақала жазса оның отыз бесі импак-фактормен болуы, 16 монография, 10 оқулық жарыққа шығаруы Серікбай Әбдіғалиұлының қарымды ғалым екенін көрсетеді. Мұның сыртында 30 ғылым кандидаты мен 12 ғылым докторын дайындауы отандық ғылымға қосқан қомақты үлесі деп білемін.
Елімізде ғарыш саласының мамандарын даяр­лаудың нақты жобаларын ұсынып жүрген осы ғалымның ойы жүзеге асса, рухани жаңғыруымыз жандана түсер еді.

Төлеухан ИМАНҚҰЛ,
әл Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру