Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Екі жаңа әлеуметтік нысан ашылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында екі әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың құрылысы туралы мәселені тұрғындар облыс әкімімен кездесу кезінде көтерген болатын.

Родниковка тұрғындары үшін 320 оқушыға арналған жаңа мектептің ашылуы қуанышты оқиға болды. Жобаны жүзеге асыруға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 700 млн. теңге бөлінген. Үш қабаттан тұратын ғимарат заманауи білім беру талаптарына толық сәйкес келеді: компьютерлік сыныптар, кітапхана, психолог пен логопед мамандарының кабинеттері, спорт және акт залдары, асхана, физика, биология, химия, информатика кабинеттері бар, төрт интерактивті тақтамен, мультимедиялық жабдықтармен, технология сабақтарына арналған тігін машинасы мен түрлі технологияларға арналған станоктары бар шеберханалармен жарақтанған.
Мектеп ауласында балаларды физикалық тұрғыдан дамытуға арналған жақсы спорттық база жасалған: футбол алаңы мен жүгіру жолдары бар стадион, волейбол, баскетбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңы, демалыс аймағы қарастырылған.
Іргесі 1969 жылы қаланған ауыл мектебінің ескі ғимараты апаттық жағдайда деп танылып, балалар оның жарты бөлігінде оқуға мәжбүр болды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтқандай әрбір ел дамыған мемлекетке айналуы үшін ең алдымен, болашақ ұрпақтың дені сау, мықты болып, лайықты білім мен тәрбие алуын ойластыруы тиіс.
– Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда 26 жылда, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында көптеген игі жұмыстар жасалды. Біз барлығымыз бұған куәміз. Биылдың өзінде Ақтөбеде 32 мектеп салынып, оның 15-і тапсырылды, соның ішінде сіздің мектеп те бар, – деп атап өтті өңір басшысы. – Жаңа жыл қарсаңында облыс басшылығының атынан барлығыңызды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтаймын. Барлығыңызға денсаулық пен аманшылық тілеймін. Жаңа жылдарыңыз бен жаңа мектеп құтты болсын!
Бұл күні ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған жаңа дәрігерлік амбулатория да тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Аумағы 400 шаршы метрді құрайтын амбулатория барлық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда күніне 50 адам медициналық көмек ала алады. Заманауи медициналық мекемеде дәрігерге дейінгі қабылдау, ем-шара, екпе, акушерлік, зарарсыздандыру, тіркеу, медмұрағат кабинеттері және дәріхана мен төрт орындық күндізгі стационар орналастырылған. Жоба құны 95 миллион теңге.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру