Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Жаңа технологиялар: Өндірісте қолдану мүмкіндіктері аз емес

6 желтоқсанда елордамызда Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне орай ұйымдастырылған жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде, табысты өткізілгеніне тоқталып, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Энергетика министрлігі «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің шетелдік павильондарында ұсынылған жаңа технологияларды елімізде қолдану мүмкіндіктері туралы мәселені қарастыруда. Осы тұрғыда алдымен ұлттық компаниялар өкілдерінен, энергетиканың әр саласы бойынша жетекші мамандар мен сарапшылардан, министрліктің және ведомствоға қарайтын құрылымдардың өкілдерінен сараптамалық жұмыс тобы құрылып, іске кірісті.
Сараптамалық топ жұмысының нәтиже­сінде қазіргі таңда төрт бағыт бойынша 105 шетелдік және 28 отандық технологияның тізімі жасалды. Атап айтқанда, олар: мұнай және газ саласы бойынша 27 технология, көмір өнеркәсібі – 7, электр энер­гетикасы, энергияны үнемдеу және жаңғыртылмалы энергетика көздері – 63, экология (қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау) – 36 технология. Осының ішінде әкімдіктер өндіріске енгізу мақсатында іріктеп алған 40 технологияның төртеуін биылғы жылы қолдану жоспарланып отыр. Ал Ұлттық компаниялар тарапынан 15 технология іріктеліп алынып, оның екеуі биыл өндіріске енгізіледі деп күтілуде. Бұл тұрғыда энергияны үнемдеу, суды тазарту, ақылды желілерді және кәсіпорындарда жаңғыртылмалы энергетика көздерін пайдалану жөніндегі технологиялар таңдалған.
Сонымен қатар әкімдіктер мен компаниялар «ЭКСПО – 2017» көрмесі технологияларын енгізуге арналған жол карталарын әзірлеп, бекітті. Осы орайда министрлік тарапынан технологияларды енгізу уақытын белгілеу және жауапты тұлғаларды бекіту тұрғысынан жол карталарын нақтылап, жаңартуға кеңес берілді.
Мұнай және газ саласы бойынша Ресей, АҚШ, Қытай және Финляндия елдері ұсынған технологиялар ішінен 7-уі іріктеліп алынды, оның ішінде облыс әкімдіктері 3 және компаниялар 4 технологияны таңдады.
Бірер мысал атап өтсек, «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясы General Electric International Inc компаниясының «6F.01 газды турбина» және «Реттеуші клапан» технологияларын таңдады. Бұл технологиялар шығынды азайту және орнату тиімділігін арттыру үшін технологиялық үдерістердің сенімділігін және бақылауын қамтамасыз етеді.
Қостанай облысы әкімдігі «СГК-510 газ сараптамалық қондырғысы» неміс технологиясын биылғы жылы енгізуді жоспарлап отыр. Аталған технология жылына 40 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша әзірленген ЖСҚ мемлекеттік сараптама жүйесінде қарас­ты­рылуда.
«Электр энергетикасы» бағыты бойынша 35 технология анықталды, оның ішінде әкімдіктер 26 технологияны таңдады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Қазақстан коммуналдық жүйесі» ЖШС компаниялары тарапынан 9 технология таңдалды.
«ҚазТрансОйл» АҚ компаниясының мәліметі бойынша 2 технология, атап айт­қанда, словакиялық «энергия үнемдейтін эко-капсулалар» және австриялық «Sun­drops» мобильді күн электр станциясы» тех­но­ло­гиялары енгізілетін болады.
Қазіргі күні «ҚазТрансОйл» АҚ Слова­кия­ның «ЭкоКапсула» компаниясымен «энер­гия үнемдейтін эко-капсула» және Авс­трияның «1stLevelSolarGmbH» ком­па­ния­сымен «Sundrops» мобильді күн электр станциясы» жобалары бойынша ынты­мақ­тастық туралы ниеттестікке қол қойды.
Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «PolarSol» компаниясының энергиямен жабдықтаушы финдік жүйесін және қазақстандық «Күн Tech» ЖШС күн коллекторлары қолданылатын гелиоқазандық» технологиясын таңдады. Фин технологиясын енгізу мерзімі – 2020 жыл. Қазіргі уақытта меморандумға қол қою жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
«Көмір» бағыты бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 1 технологияны, ал «Самұрық-Энерго» АҚ 1 қытай технологиясын таңдады.
Таңдап алынған қытайдың «Қазандық­тарды майсыз жағу плазмалық жүйесі» технологиясы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ технологияның меншік иесі туралы меморандумға қол қойды. Компания аталған технологияны іске қосуды биылғы жылы бастайтын болады.
Қазіргі таңда қазандық қондырғыларын майсыз күйдіру үшін плазмалық-отын жүйелерін қолдану жобасы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ мен «SEPCO1 Electric­Power­Construction» компаниясы бө­лім­­шесі (Қытай) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Плазматехника» ЖШС (Қазақстан) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі үстіміздегі жылы немістің «Ұзақ жағылатын қазандық» технологиясын іске қосуды жоспарлап отыр. Аталмыш технология жанармайды 1,6 есе үнемдейді және атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды азайтады. Бұл тұрғыда қазіргі күні мемлекеттік-жекешелік серіктестігі тетіктері арқылы жоба әзірлеушісімен келісімге қол жеткізілді.
«Экология» бағыты бойынша әкімдіктер отандық және өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту, ауа сапасын бақылау және қалдықтарды басқару саласында 10 технологияны таңдап алды.
«Ембімұнайгаз» АҚ экологиялық бағыт бойынша өндіріске финнің «Вилкинмэки» ағынды суларды тазарту кешені» технологиясын қолданатын болды.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәлімет­теріне сәйкес, қатты қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қарағанды облысы әкімдігі, SetCleanTech (Финляндия Республикасы) және «Қара­ғанды Эко-Сервис» ЖШС арасында үш­жақты меморандумға қол қойылып, сонымен қатар «Қарағанды қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу» жобасын іске асыру жоспары бекітілді. Фин технологиясын өндіріске енгізуді биылдан бастап қолға алу көзделген.
Сонымен қатар, министрліктің хабарламасында атап өтілгендей, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көр­ме­сінде ұсынылған жаңа технологияларды өндіріске енгізу мақсатында Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тары­ның әкімдіктері тарапынан белсенді де нәтижелі жұмыс жүргізілуде.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X