Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Көліктік-логистика әлеуеті – экономиканың басты драйвері

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму жоспары – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізі және дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздейтін «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асырудағы қысқамерзімді жоспар. Ол 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын алмастырады. Мақсаты – 2025 жылға дейін экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуына қол жеткізу.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде көліктік-логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын құру және бизнеске мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіре­тінін қадап айтуда. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Яғни, Еуразиялық және трансқазақстандық дәліздердің құрылуы, көлік инфрақұрылымына қомақты инвестиция тартылғаны – ел экономикасына үлкен үлес қосып отыр.
Елімізде қазіргі таңда негізгі мақсат кезең-кезеңімен жаңа технологияларды енгізіп, сыртқы және ішкі көліктік-логистикалық орталықтар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, мультимодальды тасымалдарды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар оны тиімді басқару, тасымалдау жылдамдығын арттыру, жоғары сапалы логистикалық қызметтерді ұсыну және одан мемлекетке түсетін табысты ұлғайту түсу басты мақсат. Оның ішінде, жаңа Еуразиялық инфрақұрылымды дамыту бағытына баса көңіл аударып, 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдаудың жылдық мөлшерін ұлғайтуды Үкіметке тапсырған болатын. Онда контейнермен тасымалданатын жүк көлемі 2 миллион контейнерге дейін, жолаушыларды әуекөлігімен тасымалдауды 1,6 млн транзиттік жолаушыға дейін және алдағы уақытта 2020 жылы Қазақстан транзиттен түсетін пайданы 5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, көлік логистикасы Қазақстан экономикасындағы тұрақты, тәуелсіз дамитын сала болмақ.
Қазіргі уақытта «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамы­­тудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қам­тудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Биыл бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігі ІЖӨ өсімінде 1,2% деңгейінде бағалануы осының нақты көрінісі. Ағымдағы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 769,6 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде мақсатты трансферттер түрінде 503,4 млрд. теңге және облигациялық займдар арқылы 266,2 млрд. теңге қарастырылған. Қаржы­ландыру жоспарына сәйкес, нысаналы трансферт­тер бойынша 330 млрд. теңге бөлініп, оның 324 млрд. теңгесі немесе 98% игерілген. Облигациялық қарыз арқылы ағымдағы жылы қарастырылған 266,2 млрд. теңгеден 210,7 млрд. теңге сомасына келісімшарттар жасалып, 84,7 млрд. теңгесі игерілген. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бойынша 409 млрд. теңге немесе жылдық жоспардың 53% игерілді.

Қазіргі кезеңде елімізде 5 халықаралық теміржол және 6 автомобиль дәлізі қарқынды түрде жұмыс істейді. Осы дәліздерді дамыту үшін еуразиялық көлік дәліздерінің жаңа архитектурасы құрылуда.
Каспий аймағының Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты дәліздер Қытайдан Еуропаға, Үндістаннан Еуропалық одаққа және Ресейге жүк тасымалдау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Каспий аймағындағы теңіз порттары Әзірбайжанға, Түркіменстанға, Ресей мен Иранға және одан әрі Таяу Шығыс пен Еуропаға жүк жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы жобалар жүзеге асса, 2020 жылға қарай Транскаспий бағытында 300 мың контейнер тасымалданады деп болжануда.
Баку – Тбилиси – Карс теміржол желісі (БТК) Түркияға оңтайлы бағыт түзейді. Одан ары қарай еуропалық теміржол желісін қолжетімді етіп, халықаралық байланысты дамытуға қосымша серпін береді.
Баламалы бағыттар, атап айтқанда Транс­сібір магистралі тарапынан қазіргі бәсеке­лестік жағдайында Солтүстік-Оңтүстік дәлізі шеңбе­рінде Бандар-Аббас – Бандар-Анзали – Ақтау порттарын пайдалана отырып, Қытай­дың шығыс порт­тарынан шығатын транс­мұхиттық жол жүк­терді тасымалдаудың тар­тымды бағыттары­ның бірі болуы мүмкін.
Бұдан басқа, әлемдік нарықтың Орталық Азия өңіріне және Ресейге әртүрлі тауарлар транзиті бойынша БАЭ алып отырған орнықты коммерциялық жағдайы Ақтау теңіз порты арқылы жүктерді тасымалдау бағытын дамыту үшін жағдай жасап отыр. Бұл ретте, шығыс Қытайдан жүк ағынын осы бағытқа ішінара қайта бағыттауға ықпал ететін бірқатар факторлардың болуын атаған жөн, атап айтқанда: жолдағы барлық порттарда (Дубай – Бандар-Аббас – Бандар-Анзали – Ақтау) қазіргі шы­ғын­дарды мейлінше азайтуға ықпал ететін еркін экономикалық аймақтар режимінің болуы; электр тұрмыс техникасын, халық тұтына­тын тауарларды, доңғалақты техниканы, контейнер­лердегі жүкті орнықты тасымалдау бойынша Бандар-Аббас – Бандар-Анзали – Ақтау бағытын пай­даланудағы соңғы жылдардың табысты тә­жіри­бесі.
Батыс Қазақтанның мұнай кен орындарын әзірлеуді жүзеге асыратын Қытайдың бірқатар ірі компанияларының әртүрлі жүктерді жеткізуге мүдделілігі.
Осы бағыттағы орнықты қызметті ұйым­дастыру Каспийдегі порт инфрақұрылы­м­да­ры­ның және кеме қатынасының дамуына ықпал ететін болады, сондай-ақ темір жол-паром және қазіргі автопаром қатынасының (РО-РО) жандануына серпін береді. Сонымен бірге, Транссібір арқылы өтетін жүктерді қайта бағдарлау үшін баламалы бәсекелес бағытты іс жүзінде құру бастапқы кезеңде жыл сайын шамамен 100 мың тонна жүк ағынын және 10 мыңнан астам стандартты контейнерлерді қамтамасыз етуге қабілетті.
Қазақстан Республикасының аумағы ар­қылы транзиттің одан әрі өсуін ескере отырып, толассыз тарифті, жеткізу жылдамдығын, жүктердің сақталуын, ақпараттық қамтамасыз етілуін және шекаралық және кедендік қызметтер тарапынан транзиттік көліктің қызметіне кедергі болатын әкімшілік тосқа­уылдардың болмауын қамтамасыз ететін тран­зиттік дәліздерді кешенді дамыту қажет. Қолданыстағы магистральдар арасындағы байланыстыратын учаскелерді салу жолымен Қазақстан аумағы арқылы «түзетуші» темір жол желілерін перспективалық құру транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін Түркі­менстан, Иран, Түркия және Еуропа елдері бағыттары бойынша жылына 100 млн. тон­наға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа учаскелерді жобалау оларды кейіннен элект­р­лендіруді ескере отырып жүргізілуі тиіс.
Трансазиялық темір жол магистралі бойынша халықаралық тасымалдарды қамтамасыз етуде қа­зақстан-қытай шекарасындағы Дос­тық және Ал­тынкөл станцияларын дамыту ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту және тиімді пайдалану, сондай-ақ көлік-логистикалық кластерді іске асыру шеңберінде өткізу нарығында өнімдер мен қызметтерді жылжытудың тиімді схемасын қалыптастырудағы мемлекеттің, көлік ұйымдарының және тауар өндірушілердің күш-жігерін үйлестіру мақсатында Астана, Алматы, Ақтау қалаларында, сондай-ақ Достық және Алтынкөл станцияларында және Қазақстанның басқа да өнеркәсіптік дамыған өңірлерінде мемлекеттік деңгейдегі өңірлік көлік-логистикалық орталықтар ұйымдастырылатын болады.
Жедел жобалардың бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі. Ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі халықтың игілігі үшін жасалған жоба. Халықаралық күрежолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, ал Қазақстан аумағынан өтетіні 2787 шақырым. Бұл автодәліздің қазақстандық бөлігі әлемдік маңыздағы ең ірі транзиттік жоба болып табылады.
Жаңа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» жобасының дамуына елеулі серпін беретін болады. Ежелден бастап Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны керуен жолымен байланыстырып, Батыс пен Шығыс өркениетінің өзара ықпалдасып дамуына мүмкіндік береді. Осыған орай, 2050 жылға қарай ел аумағы арқылы транзит көлемі айтарлықтай өсетін болады. Ежелгі Жібек жолының жаңғыруы, сайып келгенде, оның бойындағы барлық елдердің прогресс, өркендеу, бейбітшілік, экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етеді.
Құрлықтар арасында алтын арқау болатын көлік дәлізі Қазақстанның 5 облысының аумағынан өтеді. Бұл жолдың рахатын тек Қазақстан ғана көрмейді. Мәселен, бүгінде Қытайдан Батыс Еуропаға теңіз арқылы жүк жеткізуге тура 40 күн уақыт кетеді екен. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолы іске асқаннан кейін Еуропа мемлекеттеріне жүкті қаражолмен жеткізуге бар-жоғы 10 күн ғана шығындалатын болады. Осыдан-ақ біраз дүниенің сырын түсіне беріңіз. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай жүк айналымының көлемі 2,5 есе көбеймек.
Тағы бір мәлімет. Әлем кәсіпкерлері теңіз арқылы тауар тасымалы үшін жылына 700 миллиард АҚШ долларынан астам шығын шығарады. Егер осы жүк керуенінің белгілі бір бөлігі автокөлік арқылы Қазақстанның үстімен тасымалданатын болса, онда біздің ел зор байлыққа кенелетіні сөзсіз.
Біріншіден, Каспий теңізінің мүмкіндік­тері барынша пайдаланылуда. Ақтау портын жаң­ғырту оны ол арқылы Каспийдегі жүк айна­лы­мының үштен бірі жүзеге асырылатын ең ірі көлік торабына айналдырды.
Екіншіден, Қазақстан отандық тауарлар ағымы өсіп келе жатқан өзге елдер порттарында берік орын алды. Бүгінде шетелдік порт активтері қатарында Баку астық терминалы, Қара теңіздегі Батуми порты, Балтық теңізіндегі Вентспилс астық терминалы, Тынық мұхиттағы Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалы бар. Осындай «десанттың» арқасында теңізден алыс жатқан Қазақстан барлық бағыттар бойынша әртараптандырылған порттық инфрақұрылымды құра білді.
Үшіншіден, тіпті, экономика үшін ең бір күрделі уақыттардың өзінде құрлықтық коммуни­кациялардың барлық түрлерін дамытуға ауқымды инвестициялар бағытталды. Құбырлы өткізгіш саласында әлемнің ең ірі рыноктарының біріне мұнай мен газды экспорттау үшін Қазақстан – Қытай бағытында жаңа көлік дәліздері құрылды. Оның сыртында Каспий өңірінен мұнай жет­кізуде негізгі маршрутқа айналған КҚК мұнай құбыры салынды.
Сонымен қатар Қазақстанда келесі бағыттар бойынша жоғары сапалы жолдарды дамыту жобалары іске асырылуда:
«Орталық – Оңтүстік» – Астанадан Қараған­ды арқылы Алматыға дейін, ары қарай Қытайға қатынау. Астана – Қостанай дәлізінің аяқталған құрылысын есепке алғанда, еліміздің оңтүстігін солтүстікпен жалғап, Ресейдің оңтүстік аймақ­тарына өтетін болады;
«Орталық – Шығыс» – Астанадан Павлодар және Семей қалалары арқылы Өскеменге дейін, ары қарай Сібірге өту;
«Орталық – Батыс» – Астанадан Каспийге дейін және Атырау мен Ақтау қалалары арқылы Түркіменстан мен Ресейге, ары қарай Еуропалық одақ елдеріне жол тарту.
Биыл жалпы қамтылатын 4,4 мың шақырым болатын 22 жол жобасы қарастырылған, оның 15-і – жаңа жоба.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Елбасының еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамыту жө­ніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алматы – Шу» теміржолының екінші желісінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асырды. «Алматы – Шу» теміржол учаскесі Қазақстан көліктік жүйесінің аса маңызды бөлігі. Осы учаскеде атқарылған жұмыстар тран­сқазақстандық көліктік бағыттарды дамыту­дың тың мүмкіндіктеріне жол ашып, пойыздар қозғалысын жеделдетеді және ел аймақтары арасындағы коммуникациялық байланыстарды барынша кеңейтеді. Сонымен бірге, Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрлықтық тасымалды арттырады. Сондай-ақ инфрақұрылымдар құрылысы мен оларды жетілдіру жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартады.
Екінші жолдың ұзындығы – 113 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Осы уақыт аралығында 38,1 миллиард теңге игерілді. Жобаны жүзеге асыру барысында 16 станса жаңғыртылып, 13 көпір мен өтпежолдар жасалып, 156 шақырым электр желісі тартылыпты. Жаңа тармақтың іске қосылуы, көліктік желідегі аса маңызды бөліктің өткізу мүмкіндігін төрт есеге арттырады. Нақтырақ айтқанда, аталған учаске арқылы тәулігіне 110 пойыз немесе алты мың вагон өте алатын болды.
Ел экономикасына оң ықпал ететін маңызды жобаның бірі – Құрық порты. Бүгінгі таңда Каспий теңізінің Құрық портындағы жаңа теміржол паром терминалы арқылы миллион тоннадан астам жүк өңделді. Жылдың соңына дейін осы терминал арқылы 1,2 млн тоннаға жуық жүкті ауыстырып тиеу жоспарлануда.
Құрық портында автомобиль бөлігін дамыту жалғасуда, құрылысы 2018 жылы аяқталады. Құрық портының жылдық жалпы қуаты 6 млн тоннаға дейін жеткізілетін болады. Жалпы, 2020 жылға қарай теңіз порттарының қуатын 25,5 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.
Қазақстанның Қытаймен шекараласатын аумақта «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА (Арнайы экономикалық аймақ) базасында 2015 жылы «Құрғақ порттың» және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды.
Қытай шекарасындағы екі теміржол өткелі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін технологиялық үйлестіруде Құрғақ порт қуатты көлік-логистикалық хабқа айналды. Бұл Қытайдан Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдері, Түркия және Парсы шы­ғанағы елдеріне жүк ағынын тиімді таратуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрғақ портта «Бір терезе» қағидаты бойынша клиенттерге көлік-логистика қызметтерінің барлық түрін, оның ішінде кедендік және бро­керлік қызметті көрсету мүмкіндіктері қарас­тырылған.
«Құрғақ порт» пайдалануға берілген күннен бүгінгі күнге дейін 249,5 мың кон-тейнер жүк өңделді (2015 жылы – 14 мың контейнер, 2016 жылы – 87 мың контейнер, 2017 жылғы 10 айда – 148,5 мың контейнер).
Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, халық­аралық көлік нарығы жаһандық экономика­ның 6%-ын құрайды. Ал әлем бойынша жүк тасымалынан түсетін пайда – 4,5 трлн доллар. Бұл – Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының мәліметі. Сонымен қатар Еуразиядағы мемлекеттер бір нарықта отыр. Мұнда әлемдегі халықтың 65%-ы, энергетикалық ресурстардың 75%-ы бар, әрі әлемдегі ЖІӨ-нің 40%-ы осы материктегі елдерге тиесілі. Сондықтан көлік тасымалы – маңызды, тұрақты дамуға жол ашатын саланың бірі болып отыр. Осыған орай, Қазақстанда көлік логистикасының дамуына баса мән берілу үстінде.
Соңғы 9 жылда Қазақстан көлік инфрақұры­лымын дамытуға 26 млрд доллар жұмсады. Бұл – мемлекеттік және шетелдік инвестициялар және жеке инвестициялар. Осы уақыт аралығында 1700 шақырымнан астам теміржол, 3200 көлік жолы салынды, әрі Каспийдегі порттардың жүк қабылдау қуаты арттырылды және Қазақстанның 15 әуежайы күрделі жөндеуден өткізілді. Сондықтан аталған салалар тұрақты түрде дамуда.
2016 жылы Ресей мен Қытай арасындағы сауда айналымы 69 млрд долларды құраса, Қытай мен Еуропалық одақтың арасында бұл көрсеткіш 550 млрд долларға жетті. Сондай-ақ Ресей Орталық Азия елдерімен 18,5 млрд долларға сауда жасаған. Елімізде осы салаға мән берілуде. Қазақстан транзит саласында Орталық Азияда негізгі ойыншыға айналуға мүмкіндігі бар.
Халықаралық «Фиато» экспедиторлық қауымдастығының дерегіне сүйенсек, Азия мен Еуропа арасындағы теміржол қарым-қатынасының көлемі 2013 жылдан 2016 жылға дейін 72-ден 1200 пойызға дейін өскен. Қазіргі таңда транспорттық логистикалық жүйе дамытылып, Қытай-Еуропа-Қытай және 15 халықаралық бағыттағы теміржолда тұрақты контейнер тасымалы орнатылды. Жыл сайын Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдау көлімінің Қытайдан Еуропаға көбейіп келе жатқанын көрінуде. 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік кон­тейнерлік тасымалдау көлемін 2 млн контейнерге жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде жыл сайын Қытай-Еуропа арасында – 800 мың контейнер, ал қалған бағытта 1 млн 200 мың контейнерді құрау жоспарланып отыр.
Солтүстік Еуропаның ең ірі көлік торабы бола алатын фин қаласынан Коувола – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) бағдары бойынша контейнерлік пойыздың бірінші құрамы аттанған болатын. Пойыз 8,5 мың шақырым қашықтықты 10 күнде жүріп өтті. Ал, Коувола қаласы Ұлы Жібек жолының «Шығыс қақпасына» айналмақ. Бұл жаңа бағдар Қазақстанның Азия және Еуропа елдерімен бірге Елбасының бастамасы – «Нұрлы жол» жаңа эко­номикалық саясаты және оны «Бір белдеу ­– бір жол» қытайлық бастамасымен сабақтастыру аясында салған бесінші дәлізі болды.
Теміржол қатынасының жаһандық эконо­микада рөлі арта түсуде. Яғни, Жібек жолы өңір­лердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, эко­логияны сақтау және қатысушылар арасында цифрлық технологиялар екпінінде белсенді алмасу үшін қосымша мүмкіндіктер ашылып отыр.
Мемлекетті және қоғамды жаңғырту ар­қылы терең өзгеріс енгізіп жатқан заманауи Қазақстанның өңірлік және жаһандық баста­малары тиімді сауда-экономикалық және инвес­­тициялық байланыстарға ғана емес, сондай-ақ ха­лықтардың жақындауына, мәдени-гумани­тарлық, технологиялық және ғылым-білім сала­сындағы алмасуға мүмкіндік туғы­зуда. Қа­зақстан Республикасының кешенді сыртқы эко­номикалық және сыртқы саяси бағыты­ның көліктік-логистикалық құрамы мұн­дай игі қадамдардың жарқын үлгісі болды. ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК-ні қоса алғанда бірқатар көпжақты тетіктер мен институттардың қалыптасуында негізгі автор болған Қазақстан басшысы тараптардың Орталық Азиядағы мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізді және еліміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етті.
«Қазақстанның географиялық орналасуы Азия – Еуропа бағыты бойынша жүк тасымалдауда қолайлы жағдай тудырады. Осы мақсатта көлік-логистика кешенін дамыту, трансқазақстандық дәліздердің жаңа сәулетін қалыптастыру министрлік жұмысының басым бағыты. Өткен жылы транзиттік тасымалдан 267 млрд теңге пайда түсті, бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артық. Болашақта, үш жылдан кейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдан түсетін табыстың көлемі 4 млрд долларға жетуі тиіс. «Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы темір жол қатынасы арқылы контейнерлік тасымалдан шамамен 1,5 млрд доллар түседі деген болжам бар. Қытай – Иран – Ирак темір жолынан 400 млн, сондай-ақ, Қытай – Кавказ – Ыстанбұл бағытындағы контейнерлік тасымалдан 400 млн доллар түсуі тиіс». Сондай-ақ, Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жолаушылардың транзиттік тасымалы да пайда әкелетінін айтып өткен жөн. Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш төрт есеге өскен. 2012 жылы Қазақстан территориясы арқылы ұшып өтетін жолаушылардың саны 120 мың адам болса, 2016 жылда олардың саны 478 мың адамға артты. Ағымдағы жылдың соңында жолаушылардың транзиттік тасымалы 600 мың адамға жетеді деген болжам бар. Өткен жылы осы тасымалдан түскен табыстың көлемі 267 млрд теңгені құраған.
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмағандықтан, көлік-логистикалық қызметті дамыту елдің экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Темір жол арқылы жүк тасымалы халықаралық сауда нарығына шығатын мүмкіндікті арттыра түспек.
Халықаралық нарыққа шығатын теңіз жолы жоқ елдер инфрақұрылымды, сервисті дамыту арқылы экономикалық табысқа кенелетініне мысалдар аз емес. Мәселен, сондай елдердің бірі Венгрия транзиттік әлеуетін пайдаланып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра білді.
Сондай-ақ, келешекте ақылы жолдарды ен­гізудің арқасында Қазақстан арқылы өтетін жүк­терден де табыс түседі. Оның жалпы көлемі 18 млн долларға дейін жетуі тиіс.
Сарапшылардың талдамы бойынша темір­жол­мен тасымалдаудың уақыт жағынан артық­шылықтары бар, алайда қызмет құны тым жо­ғары. Қытайдан Еуропаға теңіз жолымен тауар жеткізу 40-60 күн болса, теміржолмен 10-15 күнде жетеді. Егер Қытай порттарынан Еуропаға контейнер жөнелтетін болсаңыз, бұл шамамен 500, кейде 350 долларды құрайды. Ал теміржолдағы бұл қызмет 5000 доллар тұрады. Бұдан бағаны төмендету қажеттігі туындайды. Сондай-ақ, те­мір­жол табандарындағы айырмашылық мәсе­лесі де бар екенін еске сала кеткен жөн. Қытай­дан Еуропаға баратын жолдағы әр елде кедендік рәсімдеудің мерзімдері әртүрлі болып келетіндігі тағы да бар.
Бүгінгі күні өңдеуші өнеркәсіптің қазақ­стандық өнімі 115 елге экспортталады. 2017 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіп экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құраған. Кейбір тауарлық позициялар бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды. Алғаш рет осы жылы «Азия Авто» АҚ-ның жеңіл көліктері Қытайға экспорттала бастады. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өз өнімдерін Тәжікстанға экспорттады. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері – «ДонМар» компаниясы өндіретін өнімдер осымен бірнеше жыл Ресейге жеткізілуде. Жыл сайын 380-нен аса экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан экспорттаушы ел­дердің ішінде 52-ші орынға ие. Қазақстан алғаш рет электровоздарды, тепловоздарды Түрік­менстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Украина елдеріне экспорттады. Қазақ­стан­да жиналған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға экспортталады. Жолаушылар вагондары, рельстер мен қазақ­стандық әскери-өнеркәсіп кешенінің өнім­дерін экспортқа шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғау­шы күші болып табылатын тұрақты нарық­тық экономикасы бар ел.
Елбасының стратегиялық көрегендігі арқа­сында Қазақстанда жаһандық қаржылық-эконо­микалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.
Ал көлік саясатының интегралдық жүйесі – Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің стратегиялық ресурсы. Сондықтан, халықаралық көлік коммуникациясы желілерін кеңейту Қазақ­станның экономикалық және саяси басымдығын арттыруы тиіс, ол үшін сыртқы сауда-саттықта тауар айналымы үрдісін айтарлықтай жеделдету және осыған кететін тікелей және жанама шығындарды азайту, республикалық бюджетке түсетін валюталық түсімнің үлесін ұлғайту секілді мәселелер назарда тұруы тиіс. Яғни, көліктік-логистика әлеуеті – экономиканың басты драй­вері.

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру