Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Париждегі Эйфель мұнарасында тұрса деймін…

Ашылғанына екі-үш жылдың жүзі болғанымен Орал трансформатор зауыты Еуразиялық нарықта кәнігі «ойыншылардай» өз орнын жылдам таба білді. Бұған зауыттың тек жаңа технологиялық жабдықтармен жабдықталуы ғана емес, сонымен бірге кадрларды басқарудағы Кайдзен жүйесінің енгізілуі де өз әсерін тигізді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен Жалпы­ұлттық телекөпір аясында тұсауы кесілген зауыт өз өнім­дерімен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне танылып та үлгерді. Енді өнім өткізу жағырапиясын кеңейтуге бет түзеген.

Кәсіпорын – жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін станоктар мен өндірістік желілер ғана емес, жүздеген адамдар еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрген үлкен ұжым.
Зауытта болғанымызда оның өндірістік цехтарынан жоғары мәдениет пен өндіріс эстетикасы қалыптасқанын анық байқадық. Зауыттықтарға мұнда жұмыс істеген ұнайды. Өндіріс орнында барлық еңбек бөлінісі реттеліп, жұмыс үрдістерінің қауіпсіздігіне мән-маңыз берілген. Кайдзен жүйесін қолданудың арқасында жұмыс орындарында тазалық, ұқыптылықтың лебі еседі.
Жалпы ХХІ ғасырда тіршілігімізді электр қуатынсыз көзге елестету қиын. Әдетте жоғары кернеумен келетін электр қуатын еліміздің аймақтары мен өңірлерінде, елді мекендерінде дәл сол күйінде тұтыну әсте мүмкін емес. Сондықтан оның күші төмендетіліп, трансформаторлардың көмегімен реттеп, тұтынушыларға жеткізеді. Жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, өндіріс орындары салынатынын ескерсек, мұндай өнімге сұраныс азаймақ емес. Әрі бұрындары мұндай өнім елімізге сырттан тасымалданатын.
– Биыл кәсіпорын құны бес млрд. теңге болатын жеті мың дана трансформатор шығаруды жоспарлады. Бұл меже орындалуда, енді оны асыра орындау көзделген. 2018 жылы 9 мың дана трансформатор шығарамыз. Қазір Италиядан болат кесетін қосымша жабдық әкеліп орнаттық. Зауытта кернеулілігі 6 және 10 кВ, қуаттылығы 25-2500 кВА болатын күштік майлы трансформаторлар шығарудамыз, – деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев.

Экспортқа бағыт ұстанған

Оралдық компания жартығасырлық еңбек өтілі бар қазақстандық «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамында. Бұл холдинг 12 кәсіпорында төрт мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. «Зауыттың конвейерінен шыққан өнімнің 96%-ы экспортқа Ресейге, Арменияға, Украинаға, Белоруссияға шығарылады. Биыл Арменияға 250 трансформатор жөнелтілді. Енді Әзірбайжанға, Грузияға алдағы жаңа жылға дейін өнім шығару жөнінде келісімдер жүргізілуде. Өндірілген трансформаторлардың 4%-ымен еліміздің батыс өңірлерін, БҚО, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлерін қамтимыз», – деді зауыт басшысы Ақжол Нартайұлы.
Директордың айтуынша, өндіріс ошағы индустрияландырудың бірінші бесжылдығының төлтумасы іспетті. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске қосылды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өңірдегі филиалы көмегімен төмен пайыздық несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға көмек алды. Жаңа зауытқа мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бюджет есебінен газ тартылды. Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерімен халықаралық көрмелерге қатысқан жағдайда оның шығынының 50%-ы өтеледі. Кәсіпорын өнімдерін таяу және алыс шетелдерге шығару мәселесінде «ҚазЭкспорт», «KazakhInvest» компаниясының, ТМД елдерін­дегі Қазақстан елшіліктерінің нақты көмек-қолдауын сезініп отыр.
Трансформаторлар өндірісіне қажетті шикізат негізінен отандық, металлды Қарағандыдан, алюминий дайындамасын Павлодардан, электр техникалық болатты Ресейден тасымалдайды. Оралдық зауыттың жетістігінің сыры неде десек, ол әрине, бірінші кезекте өнімнің жоғары сапасында, бәсекелестікке қабілетті бағада, өнімді дайындау мерзімі мен жеткізілуінде жатса керек. Сондай-ақ нарыққа маркетингтік сараптама жүргізіп, сұраныстарды зерттеу де басты назарда. Қазіргі еңбек үрдістерін жүйелі басқару негізінде өндірісті жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді игеру, шығарылатын өнім түрлерін молайту арқылы өндіріс орнын жетілдіру жұмыстары үнемі жүргізіледі Тұрақты дамуды көздеген компания Оралда өткен «Westkazinvest – 2017» ІҮ халықаралық инвестициялық форумға және өңірлердің шекаралық әріптестігі көрмесіне қатысқаны үшін облыс әкімі Алтай Көлгіновтың алғысхатымен марапатталды.
Қазіргі уақытта өндіріс орнында 250 адам үш аусымда еңбек етуде. Зауыттың өзі де жас әрі ондағы ұжым еңбеккерлерінің де орташа жасы – 28-де. Зауытта Кайдзен жүйесі – «Ұқыпты өндірістің жапондық жүйесі» басшылыққа алынған. Бұл жүйені қолдануда жұмыстың тиімділігі әлденеше мәрте артып, басқарушылық, өндірістік үрдістер оңтайланады және шығындар азаяды. Кәсіпорын жұмысшылары аталмыш жүйені қолдап, осы бағыттағы ізденістерін жалғастыруда.
– Кайдзен жүйесі бойынша жас мамандар өндіріс процесін жақсарту, оңтайландыру бағытында ұсыныс білдіріп жатса, соған орай арнайы комиссиямен сыйақы тағайындалады. Егер де ұсыныс өндірісте іске асса, оның деңгейі нақтыланып, 5-25%-ға дейін сыйақы белгіленіп, төленеді, – деді Ақжол Нартайұлы.

Жастарға қамқорлық күшті

Серіктестіктің Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен, техникалық колледждермен жасалған меморандумдары негізінде студенттер зауытта өндірістік тәжірибеден өтеді. Жақында ғана «Орал трансформатор зауыты» ЖШС облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасындағы «Үздік әлеуметтік серіктес» байқауының бас жүлдесіне ие болып, дипломмен марапатталды. Ресейдің Самара қаласынан, Алматыдағы энергетика және байланыс институтынан, БҚАТУ-нен биылдың өзінде 15 түлек жұмысқа қабылданған. Олардың барлығы да қызметтерін ең төмені баспалдақтан оператор, құрастырушы болып бастайды. Компанияда жас мамандарға тұрақты қамқорлық жасалады. Мысалға, түстік ас 150 теңгені құрайды, ал қалған шығын компания есебінен өтеледі. Серіктестік басшысының айтуынша, компания 150 теңге төлей алмайтындай қалде емес, тек оны төлетудегі мақсат жастар тамақтың қадірін түсінсін деген ниеттен ғана туған. Мұнда орташа жалақы көлемі 130-155 мың теңге шамасында. Кәсіби мереке – машина жасаушылар күніне, ай және тоқсан, жылдың қорытындылары бойынша жоспардың орындалуына қарай қызметкерлерге сыйақы төлеу тәртібі қарастырылған.
Кәсіпорында жұмыс істейтін арулар тұрмысқа шығып, сәбилі болғанда, оларға компания атынан бір реттік 150 мың теңге жәрдемақы беріледі. Зауытта жұмыс істейтін қыз бен жігіттер бір-бірімен жүректерімен ұғысып, шаңырақ құрса, оларға зауыт атынан 500 мың теңге тойға сый беріледі. Бұл тек оралдық зауытта ғана емес, «АLAGEUM» холдингіне тән еңбек дәстүрі деуге болады. Басшылық «Мықты ұжым мықты отбасылардан тұрады» деген қағиданы ұстанады.
Зауытта үш жылдан астам жұмыс істеген жас мамандарды шетелге білім жетілдіру оқуларына жіберу жолға қойылған. Үш жылда техникалық бөлімде жұмысшыдан сату бөлімінің менеджері, инженер-конструктор болып көтерілген жігіттер баршылық. Мысалға, Ақжол Нартайұлының өзі де Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген соң, Кентау трансформатор зауытында электр-сызбашы болып жұмысын бастап, алдымен техникалық, содан кейін сату бөліміне менеджер болып көтерілген. Одан соң «Alageum Electric» АҚ-ның Ақтау, Орал қаларындагы филиалдарында жұмыс істеп, өз еңбегінің арқасында Кентау трансформатор зауытында сату жөніндегі директорға дейін жоғарылаған. Биыл қаңтар айынан бастап Оралдағы зауыттың басқарушы директорлығына тағайындалды.
Зауытта жылда 50 студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Олардан мастердің берген тапсырмасын орындау талап етіледі, түстік аспен тегін қамтылады. Осы тәжірибе кезінде өзін жақсы қырынан танытқан студент оқуын бітірген соң зауытқа жұмысқа тұра алады. Енді 3-4 курстың студенттеріне үш ай жазда практика кезінде ақы төлеу жағы ойластырылуда. Осылайша зауыт өзінің болашақ кадрларын даярлауға кіріскен.

Ержан СИНЕҒАЛИЕВ, катушка ораушы-жұмысшы:
– Бұрын Атырау өңірінде ауысымдық әдіспен барып-келіп жұмыс істедім. Мында жұмысшы болып кіргеніме жарты жыл болды. Зауытта жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Үш аусыммен күніне сегіз сағат жұмыс істейміз. Жұмысымыз ырғақты, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Цехтың іші жылы әрі таза. Жұмыстан шыққанда арнайы көлікпен үйімізге жеткізіп салады. Барлық әлеуметтік төлемдер уақытылы аударылады. Жалақымыз да тұрақты, отбасымды асырап бағуға жетеді. Жұмыс ауқымын игерсең, сыйақы аласың. Бізге жұмыс беріп отырған жұмыс берушіге

Арманы асқақ, жоспар-жобасы жетерлік

Бұйыртса, 2018 жылы зауыттың өндірістік базасында электр жабдықтарын, автоматты ток ажыратқышын, коммутациялық аппараттарды, өндірістік және көше жарықтандырғыш шамдарды, құрғақ трансформаторларды шығаруды көздеп отыр. Бұл жоба 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Бастысы, халықты жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонда жаңа өндірісте 200 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондықтан да кадр мәселесін шешуге мән-маңыз берілуде.
Зауыттар да адам сықылды уақыт өте келе «қартаяды». Бірақ адамдарға қарағанда олар жаңғыртылып әрі қарай «өмір сүре алады». Жапонияда зауыт банкрот болса, яки жұмысын тоқтатса, оған топ-менеджмент жауапты болады. Ал бізде кәсіпорындарға «қиналыс» кірсе, ең төменгі баспалдақтағы жұмысшыларды сирағынан ұстап алып, қысқартып жатады. Кейбір кәсіпорындар маман жетіспейді деп жаһанға жар салғанымен, өздерінің мамандарын өсіру жағын қаперге алмайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Орал трансформатор зауыты өте сергек. Жеке инвестиция есебінен іске асырылған жоба ретінде өмірге келген зауыт Қазақстанның, халықтың мүддесіне қызмет етеді.
– Технология бір орында тұрмайды, сондықтан озық технология көшінен қалыс қалуға болмайды. Өндірістегілер екі жылдан кейін не жағдай болатынын болжап, соған қарай қам жасап, бағыт түзеп отыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, көрегендік, алысты болжап отыру керек. Бұрындары жастар заңгер, экономист болғылары келетін. Қазір жағдай өзгерді. Кеш те болса жастардың инженерлік, техникалық мамандықтарға құштарлығы қуантады. Қазақстандық өндірісті, ел экономикасын солар көтереді емес пе? Мысалға, бүкіл әлем білетін Генри Форд өз бетінше үйреніп, еңбек жолын механик болып бастады. Жастардың бірінің жетістікке жетіп, еліміздің әлеуетін арттыруға үлес қосуы ықтимал. Сондықтан да жас мамандардың білім-біліктілігін көтеру үшін оларды Қытайға, Германияға және өзге де елдерге оқуға жібереміз. Күні кеше компаниямыздан жеті кісі Жапонияға «Тойота» зауытына өндірісті басқару, менеджментті оқуға аттанды, – деді Ақжол Нартайұлы. – Францияда «Alstom» «Schneider Electric», Германияда «Siemens», «ABB» секілді әйгілі әлемдік брендтік компаниялар бар. Олар әлемге танымал. Біз қазақстандық «ALAGEUM» брендін қалыптастыру жолында еңбек етудеміз. Менің арманым қандай дейсіз бе? Менің арманым асқақ, трансформаторымыз 7-10 жылдан кейін Франциядағы әйгілі Эйфель мұнарасында тұрса деймін… Неге олай болмасқа?!
Несі бар?! Армандар орындалады. Амандық болса, ондай күндерге жетерміз деген асқақ арманның құшағында тербелдік біз де.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X