Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

Халық қабылдаған қызмет маңызды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту барысы, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырудың қорытындылары қаралды. Бұдан өзге, мемлекеттік статистика туралы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру жайы талқыланды.

Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Министрдің мәліметі бойынша қазіргі уақытта 746 мемлекеттік қызметтен «Азаматтарға арналған үкіметке» 621 қызмет берілген. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 83 проценттен астамын құрайтын бұл қызметтерді 349 фронт-офистер көрсетеді. Оларда жыл сайын шамамен 37 млн қызметті ұсына отырып, 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Дегенмен, осы орайда орын алып отырған кейбір проблемалар да бар. Мәселен, мемлекеттік органдар талап етілетін өнімдерді құру барысында пайдаланылуы мүмкін ақпараттарды жария етуге құлшыныс таныта қоймайды. Сондықтан бұл проблеманы шешудегі бірінші қадам «Анықтамасыз қызмет» немесе Paper free жобасын жүзеге асыру болмақ. «Бұл жоба барынша қажет етілетін электронды анықтамаларды алып тастауға және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға бағытталған. Дәл осы мемлекеттік органдардың арасындағы өзара іс-қимылдың төмен болуы салдарынан азаматтар ХҚО-лар арқылы 2 миллионнан астам электронды анықтамаға тапсырыс берді. Бұл көрсетілген барлық қызметтердің 66 проценттен астамын құрайды. Яғни, мемлекеттік органдар қажетті анықтамаларды өзге мемлекеттік органдардан алатын болады. Paper free жобасы жүзеге асырылғаннан кейін мұндай қызметтердің саны қысқарады», деді министр.
Аталған мәселе бойынша баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне одан әрі қосу үшін «жасырын» қызмет көрсетулерді (ескерт. Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне қосылмаған, «мемлекеттік қызмет көрсету» анықтамасына сәйкес келетін жекелеген мемлекеттік органдардың функциялары) анықтау бойынша жұмыс жүргізілген.
Ұлттық экономика министрінің мәліметтеріне сәйкес, аталған жұмыс аясында тізілімге 58 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету қосылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тағы 200 функциясын талдау аяқталды, оның қорытындысы бойынша тізілімге 50 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету енгізіледі.

Бүгінгі таңда тізілімдегі мемлекеттік қыз­меттердің жалпы саны 746 мемлекеттік қызмет көрсетуді құрайды, олардың 452-сі мемлекеттік қызмет көрсетуін электронды форматта алуға болады, 621 мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, 191 мемлекеттік қызмет жергілікті атқарушы органдар арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ рұқсат беру жүйесін жеңілдету мақсатында онлайн режимде барлық рұқсаттар алу мен хабарламаларды жолдау толық автоматтандырылған.
Аталған мәселе бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қосымша баяндады.
Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жұмыстың цифрлық форматына көшу аясында ұсынылатын қызметтердің сапасына ерекше назар аудару тапсырылды.
«Мемлекеттік қызмет көрсетулердің 85 проценті «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясына берілді – біз жоғары межеге жеттік. Бірақ, егер мұқият қарайтын болсақ – қызмет көрсетулердің сапасы бойынша біраз жұмыс жүргізу қажет. Мәселе қанша қызмет көрсететінімізде емес, қалай көрсететінімізде. Халық сапасыз қызмет алғанын сезген кезде бәрібір қағаз түріндегі анықтама алуға барады. Мұнда мемлекеттік органдар өз тәсілдерін өзгертуі тиіс», деді Бақытжан Сағынтаев.
Ақпарат және коммуникациялар минис­тр­лігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қосымша мемлекеттік қызмет көрсетулерді баламасыз қызмет көрсетуге көшіру бойынша жұмыс жоспарын пысықтау қажет.
Үкімет басшысы азаматтардың жеке мәлі­мет­терін қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. «Мемлекеттік корпорацияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің жауапкершілі­гін күшейту қажет», деді Б.Сағынтаев. Осы ретте Ұлттық экономика министрлігіне бір айдың ішінде «жасырын» қызмет көрсетулер, жауапты лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Жиында нәтижелі жұмыспен қамту барысы туралы баяндаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушылардың саны 527 мыңға жетті, олардың ішінде 50%-тен астамы ауыл тұрғындары. Өткен 11 айдың ішінде республика көлемінде 413 мың азамат жұмысқа тартылып, соның 279 мыңы тұрақты жұмыс орындарын иеленген. Сонымен қатар 48 мыңға жуық жастар әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жіберілді. «Жалпы, бұл шараларды атқару үшін мемлекеттік бюджеттен 85,3 млрд теңге қарастырылып, оның 45 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды», деді министр.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев елі­мізде атқарылып жатқан өнімді жұмыспен қамту шараларына оң баға берді. «Бағдарлама жақсы қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды халықтың оң қа­был­дағаны қуантады. Сонымен қатар азамат­тардың кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы екен­дігі әрі осы бағытта жоғары белсенділігі көрі­ніп отыр», деді ол.
Дегенмен, Үкімет мүшелері нәтижелі жұмыс­пен қамту шараларын тиімді жүзеге асыруға мән берулері керектігін ескерткен Үкімет басшысы, осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жасалған тиісті ұсыныстарды қайта қарап, қажет болған жағдайда бағдарламаға тиісті өзгерістерді енгізуді қарастыруды жүктеді.
Отырыста сондай-ақ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралып, мақұлданды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру