Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

Баға тұрақтылығы алдағы жылда да сақталады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Арбаға да күш түсіртпей, өгізді де шаршатпай, діттеген жеріне мезгілінде жететін майталман арбакеш сынды ақша-кредит қызметкерлері де бағаның күрт құлдырауына немесе шығанға шарықтауына жол бермей, сұраныс пен ұсынысты қалыпты жағдайда ұстауға тырысады. Біз мұны еліміздің бас банкі – Ұлттық банктің баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясатынан көріп отырмыз. Бұл ретте инфляция бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізу үшін еліміздің бас банкі инфляциялық таргеттеудің негізгі қағидаттарына сәйкес ақша-кредит талаптарын реттеу жөнінде тиімді шаралар қабылдағанын тілге тиек етуге болады. Бұл шаралар қаймана халық пен бизнес жаңа айырбас бағамына бейімделген тұста жүзеге асырылды.
Бұл үшін еліміздің бас банкі ақша және валюта нарықтарындағы теңдікті қалпына келтіріп, сақтап отыру, сондай-ақ теңге өтімділігі тапшылығының орнын толтыру жөнінде батыл әрекеттерге барды. Өткендегі Жылдық есеп деректеріне сәйкес, банктерге түсетін салмақты азайту мақсатында ең төменгі резервтік талаптар тетігі жеңілдетілді. Теңгемен белгіленген активтердің тартымдылығын арттыру шаралары қабылданды, ақша және валюта нарықтарындағы ахуалдың қалпына келуіне қарай несие саясатының пайыздық арнасын орнықтыру үшін жағдайлар жасалды. Ұлттық банк ақша-кредит саясатының негізгі құралы ретінде базалық мөлшерлеме белгілеуді қайтадан жаңғыртты. Бұл мөл­шерлемені енгізу қаржы нарығына қатысушы­ларға тарту құны бойынша және бас банктің іс-қимылдары бойынша бағдар алуға мүмкіндік берді, бұл нарыққа қатысушылардың пайыздық мөлшерлеме серпінін түсінуіне және өтімділікке қол жеткізу та­лаптарының тұрақтануына жағымды әсер етті.
Базалық мөлшерлеме деңгейі туралы шешім қабылдау кезінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылыққа қолдау көрсету тәуекелдері ескерілді. Мөлшерлеме деңгейі туралы шешімді бас банк алдын ала жарияланған кестеге сәйкес қабылдады. Ұлттық банктің өтпелі кезеңге белгілеген мөлшерлемелерінің жоғары деңгейі және ақша-кредит саясаты бағамының күрт өзгеріске ұшырамауы нарыққа қатысушылар тарапынан банктің іс-қимылына сенімнің біртіндеп қалыптасуына да, ұлттық валюта бағамының тұрақтануына да ықпал етті. Қысқа мерзімді кезеңде мөлшерлемелерді үдемелі төмендетуге қарағандағы тұрақты ұстаным жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының дәйектілігін көрсетті. Сонымен қатар бұл ұйғарым баға тұрақтылығы алдағы жаңа жылда да негізінен сақталады, деп болжам жасауға мүмкіндік береді.
Макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақта­нуына, қаржы нарығындағы ахуалдың жақсаруына, сондай-ақ инфляциялық және девальвациялық күту­лердің төмендеуіне қарай Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейін біртіндеп төмендету арқылы ақша-кредит талаптарын кезең-кезеңмен жеңілдете бастады. Мөлшерлеме деңгейі туралы барлығы 8 шешім қабылданды. Ақша-кредит саясаты құралдары жүйесі бас банкке таргеттелетін мөлшерлемені базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізі шегінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың айтарлықтай шы­ғыс­тарымен қатар салымдарды шетел валютасынан теңгеге конвертациялау үдерісінен туын­даған теңге өтімділігінің құрылымдық профи­циті жағдайында Ұлттық банк өтімділікті алу жөнінде операциялар жүргізіп, ақша нарығының мөлшерлемелері пайыздық дәліздің төменгі шегінің айналысында қалыптасты.
Бас банк ішкі нарықтағы ақша құнының бағдары болатын кірістілік қисығын қалыптастыру үшін жағдай жасау бағытын белсенді жүргізе бастады. Инфляциялық таргеттеу тәртібі шеңберінде банк ақша-кредит саясатын болжау және талдау жүйесін жетілдіру мен базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде оны белсенді пайдалануға тырысты. Тоқсан сайын болжау шаралары жүргізілді, бұлардың барысында негізгі ма­кро­экономикалық көрсеткіштердің, оның ішінде инфляцияның орта мерзімді келешекке арналған болжамдары әзірленді. Нарық күтулерін неғұрлым сапалы бағалау және макроэкономикалық көрсеткіштер болжамдарын жасау үшін халық арасында пікір­терім жүргізіле бастады. Мұның нәтижелері үй шаруашылықтарының қаржылық жай-күйінің өз­ге­руін, олардың тұтынушылық және жинақтау қи­мылын, бағаның өсуін қабылдауын, инфляция және айырбастау бағамы бойынша күтулерді, сондай-ақ тұтастай алғанда елдің экономикалық жағдайына қатысты халықтың жалпы көңіл- күйін қадағалауға мүмкіндік берді.
Ақша-кредит саясаты шараларымен қатар банк қызметінің ашықтығын арттыру және комму­никациялық саясатты жақсарту шаралары да қа­былданды. Ақша-кредит саясаты мәселелері бойынша жарияланатын статистикалық және талда­малық ақпарат тізбесі айтарлықтай кеңейтілді, баспасөз мәслихаттарын және қаржыгерлердің сарапшылармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құрал­дарымен кездесулерін өткізудің жаңа тәжірибесі сыннан өтіп, іс жүзіне енгізілді. Бұл шаралар экономика агенттерінің қаржы нарығында болып жатқан үдерістерді дұрыс түсінуіне, инфляцияға, айырбастау бағамына және басқа макроэкономикалық көр­сеткіштерге қатысты оңтайлы күтулер қалып­тастыруға бағытталды.


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жамал
    22.12.2017 at 4:01 pm

    Әйтеуір, құнсыздану болмаса екен.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру