Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

Құтты мекенге қосылар үлес

Ұлтымыздың басты мейрамы – Тәуелсіздік күні Ақтөбеде «Тәуелсіздік түлеткен Мәңгілік ел» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Алқалы жиынға ардагерлер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, партиялар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиналғандарды осынау айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиырма алты жыл бұрын ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінде әлем алдында Қазақстанның абыройы, беделі, танымалдылығы ерекше артқанын атап өтті.
– Жиырма алты жылда талай қиындықтардан өттік. Көпұлтты мемлекетіміздің бірлігі мен ынтымағының, достығының арқасында осындай табыстарға жеттік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұстанған ең негізгі саясаты – мемлекеттің гүлденуі, тұрақтылық, қауіпсіздік және халқымыздың тұрмысының, әл-ауқатының жақсаруы. Қазір Қазақстан дүниежүзіндегі дамыған елу елдің қатарына қосылды. Қандай да бір дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар болмасын, еліміздің экономикасы төмендеген емес, салынып жатқан құрылыстар да азайған жоқ. Осындай жетістіктерде сіздердің, яғни ақтөбеліктердің де үлкен үлесі бар. Біз де ел дамуына өзіміздің еңбегімізді, білімімізді, қажыр-қайратымызды бағыттадық, – деген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдің биылғы қол жеткізген жетіс­тіктеріне тоқталды.
Маңыздысы, Мемлекет басшысының эко­номиканың даму қарқынын былтырғы жылмен салыстырғанда төмендетпеу керек деген нақты тапсырмасы облыста толығымен орындалды. Бердібек Машбекұлы өңір жұртшылығының қажырлы еңбегінің арқасында биыл Ақтөбе облысы экономикасының даму қарқыны кем дегенде 5 пайызды құрағандығын, негізгі көрсеткіштер былтырғыдан, республика көрсет­кіштерінен жоғары болғандығын атап өтті. Әлемдегі дағдарысқа байланысты сұраныстың төмендеуіне қарамастан, биыл облыста өндіріс 2 триллион теңгенің өнімін шығарды. Ауыл шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктерге қол жетіп, рекордтық өнім алынды. Әр гектардан 13 центнерден астам өнім жиналды. Құрылыс саласында да ілгерілеушілік бар. Жыл соңына дейін кем дегенде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Халықтың басым көпшілігінің баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында үй құрылысын дамытуға бағытталған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы тиімді жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында 32 мектептің құрылысы салынуда. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 96 пайызды құрайтын болады. Денсаулық сақтау саласындағы ең негізгі көрсеткіш – ана мен бала өлімін азайту, өмір сүру жасының ұзақтығын арттыру. Облыста жуырда ғана офтальмология орталығы, жедел жәрдем станциясы пайдалануға берілді. Қазір елді мекендерде 20 дәрігерлік амбулатория құрылысы салынып жатыр. Облыс экономикасын дамытуда 450 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Өңір бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 50 миллиард теңгенің 125 жобасы табысты жүзеге асырылуда. Б.Сапарбаев бұл орайда кәсіпкерлердің, кәсіпорын басшыларының еңбегі ерекше екендігін, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар облыс басшысы өз сөзінде биыл облыста толық қуаттылықта жұмысын жүргізген әлемдік маңызы бар ірі жобалардың қатарында Ақтөбе рельс-арқалық зауытын, Ақтөбе феррорқорытпа зауытының №4 цехы мен Жаңажол газ өңдеу зауытын атап өтті. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы аяқталып, іргелі жобалар — Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Орск тасжолдарының құрылысы басталғанын, Елбасы тапсырмасына сәйкес алдағы жылы Орталық-Батыс жолының, яғни Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Мұғалжар-Мақат-Ақтау жол учаскелерінің құрылысы басталатынын тілге тиек етті.
– Осының барлығы ақтөбеліктердің әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін жасалып жатыр. Биыл біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» форумын өткіздік. Оған жиырмадан астам алыс-жақын шетелден 300-ге тарта жерлесіміз қатысты. Форумға келген қонақтар облыстың даму қарқыны мен қайта салынған әлеуметтік-мәдени нысандарды көріп таңғалды. Бұған әрбір ақтөбеліктің қосқан еңбегі зор. Біздің ең негізгі мақсатымыз – Елбасы айтқандай, Ақтөбе құтты мекен болуы керек. Ол үшін жерлестеріміз өз үлесін қосуы керек. Баршамызға ортақ игілікті іске әрбір ақтөбелік, әрбір қазақстандық өз үлесін қосса, онда біздің Ақтөбеміз нағыз құтты мекен болады, – деді Б.Сапарбаев.
Салтанатты жиында облыс әкімі Президент Жарлығына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Осы күні Ақтөбе қаласы мен облыстың өзге де елді мекендерінде отыз әлеуметтік, өндірістік және коммерциялық нысандар пайдалануға берілді. Қарғалы, Ырғыз, Темір және Хромтау аудандарының тұрғындары қоныс тойын тойлады. Байғанин және Хромтау аудандарының ауылдарында жаңа балабақшалар ашылды. Бірқатар жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Қобда ауданының Терісаққан, Мәртөк ауданының Родниковка және Хромтау ауданының Абай ауылдарында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынған дәрігерлік және фельдшерлік амбулаториялар алғашқы емделушілерін қабылдады. Сонымен қатар Әйтеке би ауданының Үшқатты және Тереңсай ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылды. Қандыағашта Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш қойылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Алтынай
    22.12.2017 at 4:07 pm

    Ақтөбе облысында атқарылған істер көп. Халық көріп, біліп отыр. Бердібек Машбекұлына рахмет.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру