Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Трансформациялаудың негізгі жоспары іске асырылды

14 желтоқсанда елордамыздағы «Wyndham garden Астана» қонақ үйінде «Самұрық-Қазына» мәдени кілті. Reinvention» тақырыбында өткен кеңейтілген мәжіліс барысында ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері мен стратегиялық әріптестері, директорлар кеңесінің мүшелері, қоржындық компаниялар өкілдері трансформацияның корпоративтік құндылықтары рөлін талқылады.

Корпоративтік мәдениет – егемен қорлардың тиімді басқарушы ұйым мәртебесіне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін қозғаушы күш деп санайтын топ-менеджмент үшін желтоқсанның сол бейсенбісінде «5» саны айрықша маңызға ие болған еді. Таунхолл түрінде өткен кеңейтілген мәжіліске қатысушылар бес негізгі құндылықты анықтайтын бесжылдық үде­мелі даму нәтижелерін қорытындылады: серік­тестік (partnership), құрмет (respect), тұтастық (integrity), меритократия (meritocracy), кемелділік (excellence). «Самұрық-Қазына» қорында кең тара­ған құн­дылықтар мен мінез-құлықтар жүйесіне «PRIME» сөзін құрайтын осы бес ағылшын әрпі атау берді.
Бүгінгі күні «Самұрық-Қазына» қызметкер­ле­рі­нің күш-жігерінің арқасында түбегейлі түрде жа­ңа корпоративтік экожүйенің құрылып отырғаны қыз­мет сапасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізбек. Жақсы бизнес – тиімді бизнес. Сондықтан трансформацияланған Қор ешқашан бұрынғыдай жұмыс істемейді. Қазірдің өзінде «Самұрық-Қазына» стратегиялық холдингтің, белсенді инвестордың жаңа операциялық моделіне көшіп, қоржындық компаниялардың қызметіне әкімшілік қондырма болудан арылды. Ең бастысы, корпоративтік орталық пен компаниялар арасындағы жауапкершілік ай­мақтары айқындалып, барлық қызметтер коммер­циялық нәтижеге жетуге бағытталған. Бұл ретте акционермен, мемлекетпен, серіктестер және инвесторлармен, қоғам және бенефициарлармен арадағы қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қараудың қажеттілігі туындап отыр.
«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң қабылданған 2012 жылдан бергі уақыт ішінде «Самұрық-Қазына» еліміз және қор үшін аса маңызды бірнеше даму кезеңдерінен өтті. Сол кезде басшылық алдында Үкімет пен Қор қызметінің аясын айқындап алу міндеті тұрған еді. «Самұрық-Қазына» БТА, Альянс және Темірбанк банктерін қайта құрылымдау, сондай-ақ барлық банктік активтерді бәсекелестік ортаға қайтару бойынша үлкен жұмыс атқарды. Шығындарды қысқарту бағдарламасына 2012 жылы айрықша мән беріліп, 2013 жылдан 2015 жылға дейінгі үш жыл аралығында 150 миллиард теңгенің шығыны азайтылды. Қазынашылық функцияны басқарудың тұжырымдамалық моделі әзірленіп, енгізілді. Қор 2013 жылы инвестициялық қоғамдастықпен байланыстарын дамытуға баса назар аударды. Ал 2014 жылы Қор мен оның қоржындық компания­ларын трансформациялау жөніндегі ауқымды бағ­дарлама қолға алынды. Мұндағы мақсат – компаниялар құнын арттыру, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін және өнімділігін көтеру.

Сондай-ақ Үкімет жекешелендіру бағ­дарламасына қатысу үшін компаниялар тізімін бекітті. Бағдарлама мемлекеттің ел экономикасына араласуын азайтуға және жеке сектордың үлесін ұлғайту арқылы оны нығайтуға көмектеседі. 2015 жылы Қордың Корпоративтік стратегиясы айқындала түсті. Сол кезде Қор салаларды дамыту, зерттеу және білімді басқару, қаржылық бақылау және бизнес этика (комплаенс) тәрізді бағыттарды белсенді түрде дамытуға кірісті. Ал ЭЫДҰ өкілдерінің қатысуымен әзірленіп, 2015 жылы қабылданған Кор­поративтік басқарудың жаңа кодексі ПӘК жүйесі және директорлар кеңестері арқылы Қордың өз компанияларын тиімді бас­қаратын стратегиялық холдинг ретінде қа­лыптасуына ықпал етеді. Қор 2016 жылы стратегиялық холдинг, белсенді инвес­тордың жаңа операциялық моделіне ауысты. Басқарушы директорлардан бастап барлық қызметкерлер Қорда job matching атты іріктеу үрдісінен өтті. Нәтижесінде, Қордың құрамы 40% жаңартылды. Соңғы жетістіктердің бірі – «Самұрық-Қазына» АҚ Егемен әл-ауқат қорлар институты құраған Public Investor 100 – 2017 рейтингінде лайықты орын алды. Қор өзі­нің көптеген бенчмарктерінен озып, 15 үздік қоғамдық инвесторлардың қатарынан орын алды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» биыл қыркүйекте ТМД аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылған Егемен әл-ауқат қорлардың халықаралық форумының (IFSWF) IX отырысын сәтті өткізді.
Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында жүз елуден астам трансформация жобалары жүзеге асырылуда. Ең ауқымды жобалар 2020 жылы аяқталады. Бүгіннің өзінде табыстылық бойынша 61 млрд теңге көрсеткішіне қол жеткізілген. Бұл – шығындарды қысқарту мен компа­нияның табыстылығын арттырудың эко­но­микалық әсері. «Самұрық-Қазына» 2022 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес келесі үш салада әлемдік үздік тәжі­рибе деңгейіне жетуді көздейді: өзінің қор­жындық компанияларына стратегиялық және белсенді инвестор болу, ұлттық экономиканы жаңғырту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету.
Бұл күнде трансформациялаудың не­гізгі жоспары жүзеге асырылды. Осы ретте қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Қазір біз ұлттық компанияларда трансформациялау үрдісін мәресіне жеткізу, корпоративтік басқару жүйесін енгізу, ІРО нарығына шығу сынды мәселелерге баса көңіл бөліп отырмыз. Жалпы, Қор болашақ ұрпақ үшін қызмет етуі тиіс. Алдағы уақытта компаниялардағы үлесін қысқарта келе, «Самұрық-Қазына» әлем нарығындағы ірі қаржы ойыншысына айналмақ», – деп атап өтті жиындағы өз сөзінде.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру