Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Есебі жүйелінің – есесі түгел

Бүгінде бизнес тілі мәртебесіне көтерілген бухгалтерлік есептің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) 1957 жылы алғаш рет негізі қаланып, «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін экономикалық талдау» кафедрасы болып ашылғанына 60 жыл толып отыр.

Ғалымдар 6000 жылдық даму тарихы бар бухгалтерлік есептің ауызша, жазбаша қызмет ретінде және ғылым ретінде қалыптасуын үш кезеңге жіктеп тарқатады:
– 6000 жыл бұрын шаруашылық қызме­тінде фактілерін мақсатты бағыттары бойынша тіркеу;
– 500 жыл бұрын дәлірек айтқанда математик әрі шіркеу қызметкері монах Луко Пачолидің 1494 жылы жазылған «Шоттар туралы трактат» деп аталатын кітабынан бастау алған жазбаша жүргізуді бастау;
– 100-140 жылдар бұрын творчестволық кон­струкцияның пайда болу кезеңдері.
Рим императоры Максимилианның 1405 жылы алғаш рет бас бухгалтер тағайындағаны тарихтан белгілі. Яғни, бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйе, бақылау құралы ретінде маңыздылығын және қажеттігін қаншалықты ерте назар аударылғандығын және мәр­тебесінің қандай дәрежеде болғандығын, оның пайда болу, даму, қалыптасу тари­хының тереңде жатқанын аңғартса керек. Біздің елімізде бухгалтерлік есептің даму және қалыптасу тарихы кешегі кеңестік дәуірмен тұспа-тұс келді. Болар істің басына жақсы келер, деген халық даналығына іспеттес, бізге белгісіз мәнайы себептермен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері 1945 – 54 жылдары Қаз ССР тамақ өнеркәсібі министрі болған, 1954-57 жылдары Целиноград обыластық атқару комитетінің төрағасы қызметінен сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне оқытушылық қызметке келген, қазақтан шықан «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін экономикалық талдау» мамандығы бойынша бірінші экономика ғылымдарының докторы, профессор Мәжікен Есенұлы Бутиннің бастамасымен алғаш ашылған «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін экономикалық талдау» кафедрасына меңгеруші болып тағайындалуы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде, «Философия және экономика» фа­культетінде негізі қаланып, 1963 жылы ашыл­ған Алматы халық шаруашылығы институтына бүкіл экономикалық мамандықтардың өтуі, бухгалтерлік есеп мамандығының «Есеп жә­не экономика факультеті» болып құрылуы, бухгалтерлік есептің жеке кафедра болып ашылуы елімізде бухгалтерлік есептің қарқынды дамуына және білікті мамандар дайындауға зор үлес қосты. Елінің болашағын ойлаған М.Е.Бутин өндірісте тәжірибе жинақтаған білікті мамандарды оқытушылық қызметке тартып, өзінің бұрынғы лауазымды қызметте жүрген кездегі байланысын іске қосып, 1931 жылы өзі бітірген Ленинград (Санкт-Петербург) тұтыну кооперациясы институтын, 1933 жылы аспирантурасын бітірген Мәскеу экономика және тауартану институттары мен М.Ломоносов атындағы МГУ және басқа да көптеген іргелі танымал оқу орындарының басшыларымен, ғалымдарымен тікелей байланыс жасап, бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша ғалым-педагог кадрлардың қалыптасуына жол ашты. М.Е.Бутин айналдырған он жылдың ішінде, (кезінде өзі басқарған 1967 жылдан өмірінің соңына дейін (18.10.1974 ж) Қазақ КСР тамақ өнеркәсібі министрінің 1-орынбасары қызметіне қайта оралғанға дейін) кешегі КСРО тұсында мұхит асып, Америка құрама штатында тәжірибе алмасудан өтіп, әлемді мойындатқан ҚазҰҒА академиктері, экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар К.Н.Нарыбаев, С.С.Сатубалдин, өндіріс пен ғылымның тізгінін тең ұстаған дарабоздар, экономика ғылымдарының докторы, профессор В.К.Радостовец, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.К.Кеулімжаев, сынды педагог-ғалымдардың легін қалыптастыруда сіңірген енбегі өзінің жемісін беріп, елімізді, КСРО құрамындағы 15 республиканың ішінде сапалы бухгалтерлік есеп жүргізу мен орта және жоғары білімді мамандар дайындауда алдыңғы орындардың біріне көтерді.
Әсіресе, Елбасының өткен ғасырдың 90-жыл­дарғы қиын кезеңде Қаржы министр­лігінің жанынан «Бухгалтерлік есеп және аудит жөніндегі» Ұлттық комиссия құру туралы Жарлығы, Қаржылық есептіліктің халықара­лық стандарттарына (ҚЕХС) өтуді 2006 жылы толық қамтамасыз етуді талап етуі, дәстүрлі халыққа жолдауында қадап айтуы, үнемі бақылауында болуы, есеп пен аудит жүргізудің әлемдік деңгейге көтерілуіне, есеп пен аудит­тің қарқынды дамуына, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мек­тебінің кафедраларының ішінде ең жасы «Есеп және аудит» кафедрасының 47 жылдан кейін 2004 жылы сәуір айының 23-і жұлдызында қайта ашылып, жаңғыруына себепші болды. «Есеп және аудит» кафедрасының қайта ашылыуына табандылық танытып, елеулі үлес қосқан М.Е.Бутин мектебінің көрнекті өкілі, кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор марқұм Еркін Төлегенұлы Төлегенов айтарлықтай еңбек сіңірді.
1963 жылы ашылған Алматы халық шар­уашылығы институтына бүкіл эконо­ми­калық мамандық өтіп кеткендіктен өзінің негізі қаланған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономикалық мамандықтар бойынша мамандар дайндау біршама тоқырап қалған еді. Бұл үрдіс еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жалғасып, 1990 жылдардың басынан «Экономика факультеті» қайта жанданып, күш алып, қуаттана түсті. 2007 жылы факультеттің аты «Экономика және бизнес жоғары мектебі» болып өзгеріп, қаржы, есеп және аудит, менеджмент, экономика, мемлекеттік және жер­гілікті басқару, маркетинг, логистика ма­ман­дықтары бойынша бакалавр, магистр мен доктор PhD акедемиялық дәрежелері бойынша мамандар дайындайтын, республика бойынша мемлекеттік грант иелерінің 75 пайызының, оның ішінде мемлекеттік тілде оқуға ниет білдіргендердің 80 пайызының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Экономика және бизнес жоғары мектебін» таңдауы унивеситеттегі білім беру сапасының көр­сеткішінің жоғары екенін білдірсе керек. Мұның бәрі академик Ғ.М.Мұтанов басқарып отырған қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Экономика және бизнес жоғары мек­тебі» басшылары мен ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі деп бағалаймыз. «Есеп және аудит» мамандығын 1963 жылдан кейін 40 жыл өткенде, яғни 2003 жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші рет қазақ бөлімін 5 студент, орыс бөлімін 12 студент бітіріп шықты.
Міне, содан бері «Есеп және аудит» ма­мандығын бітіруші бакалаврлар саны қазақ бөлімінде 15-20 есе, орыс бөлімінде 5 есе өсіп, жыл сайын 10-15 магистр, 1PhD докторын шығарып отыр.
Білім беруді өндіріспен ұштастыра жүргізу мақсатында кафедраға Алматы қаласының ірі компанияларының бас бухгалтерлерінің тартылуы, «Есеп және аудит» мамандығының республика бойынша оқу орындарының арасында рей­тінгін жоғарылатып, студенттердің теориялық білімін тәжірибелік материалдармен ұштастыра отырып жүргізуге, білім сапасын жақсартуға және грант иелерінің санының артуына серпін берді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агент­тігінің ди­ректорының қолы қойылып, мөрі басылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті есеп және аудит бакалавриат және магистратура мамандығы бойынша АРТА рей­тингіне қатысушы жоғары оқу орындарының арасында жыл сайын 1-ші орын алуы, сертификатпен марапатталуы – оқу сапасына бе­рілген жоғары баға.
Кафедра «Есеп және аудит» мамандығының қазақ, орыс және ағылшын топтарына дәріс оқып, тәжірибелік сабақ жүргізіп, түлектер шығарып, еліміздің үш тұғырлы тілді дамыту саясатына үлес қосып келеді. Есебі жүйелінің – есесі түгел дегендей, өз тұғырына қайта қонған «Есеп және аудит» кафедрасының алар асулары мен бағындырар белестерінің биіктей беруіне ел игілігіне білікті мамандар дайындап, сүбелі үлес қоса берулеріне тілектеспіз.

Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Есеп және аудит»
кафедрасының доценті,
экономика ғылымдарының кандидаты


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру