Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жолақыны электронды түрде төлеу ыңғайлы

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігін көрсете отырып, IT саласын дамытуға басымдық беру бағытын нұсқады. Олай болмаған жағдайда ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда өркениет көшіндегі мемлекеттердің шаңына қалуымыз кәдік.

Жолдауға сәйкес елімізде «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Аталмыш бағдарламадағы екі бағытта экономи­каның салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны енгізу көзделген. Осының барлығы түптеп келгенде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жасалып жатқан жұмыстар екені анық. Сондай шаруаның бірі – электронды жолақы жүйесі жобасы Орал қа­ласында қолға алынды.
Өткен жылғы шілде айында Орал қаласының әкімдігі «Смарт сити» бағдарламасы бойынша қаланы дамыту тұжырымдамасының тұсаукесерін жасады. Осы бағдарламаның бағыттарының бірі қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу болатын. Биылғы қараша айының 8-інен бастап «SMS BUS» жобасы Оралда іске қосылды. Орал қаласының жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұқамбетқалиевтің айтуынша, аталмыш жобаның басты ерекшелігі, оны іске қосуда қала бюджетіне, жолаушыларға және жолаушы тасымалдаушы компанияларға қаржылай салмақ түспейді. Жолаушы жолақысын ұялы телефондағы бірлік есебінен және банк картасы арқылы төлей алады. «Бүгінде «SMS BUS» жобасы қалаішілік №5, 10, 36 аутобустарына қанатқақты режімде енгізілді. Алдағы жылы барлық бағыттағы аутобустарды осы жүйеге көшіру жоспарланып отыр», – деді Қайрат Мұқамбетқалиев.
Мұндай электронды ақы төлеу жобасы еліміздің Алматы қаласында және одан кейін Орал шаһарында ғана жұмыс істеуде. Жобаны жүргізуші «SMS BUS» ЖШС компаниясының өкілі Сержан Идиятовтың айтуынша, жобаны іске асыруда аутобусқа орнататын құрылғы сатып алуға шығын шықпайды. «Смартфонсыз-ақ қарапайым ұялы телефон арқылы ақы төлеуге болады. Әр аутобустардың ішінде жеке код жазулы тұрады. Сол кодты 2505 нөміріне хабарлама етіп тегін жібересіз. Банк картасымен төлеу үшін жолаушы алдымен SMSBUS.KZ сайтына кіріп, жеке банк картасын (Visa, Master Card) комиссиясыз тіркетеді. Содан кейін 2505 нөміріне аутобус кодын және «банк» сөзін қосып, хабарламаны тегін жібереді. Төлем операциясы орындалып, ұялы телефонға хабарлама арқылы келген электронды түбіртекті көлік жүргізушісіне не кондукторға көрсетеді. Ал төлем үрдісін ыңғайлы ету үшін арнайы «SMS BUS Пассажир», «SMS BUS Контролер» қосымшаларын жүктеуге болады. Ондай жағдайда жолаушыға ақының төленгендігі туралы QR (тез қабылдау) коды келеді, кондуктор өз смартфонын жолаушының смартфонына тақап тексере алады», – дейді Сержан Идиятов. Оның айтуынша, мұндай төлем жүйесі ақшасын банк картасында ұстайтын адамдарға, үлкен кісілер мен балаларға ыңғайлы. Жолаушылар ірі ақшаны ұсақтаймын деп әуреге түспейді, кондукторлармен арада болатын кикілжіңдер мүлдем болмайды. Әрі қоғамдық көліктерде орын алып жататын ақша ұрлығы азаяды. Енді бұл жоба Атырау қаласында қолға алынуда.
Жаңа жобамен жұмыстанатын, жолаушы тасымалымен айналысатын үш компания «№1 жолаушылар аутокөлік мекемесі», «Ақжол авто», «Орал автотранс» ЖШС-лардың өкілдері биылғы жазда Алматы қаласына барып, «SMS BUS» жобасының қалай жүзеге асып жатқанымен танысып, әріптестермен тәжірибе алмасып қайтты. «SMS BUS» жобасын үш маршруттық бағыттағы қоғамдық көліктерге енгізген компания басшылығы жаңалықтың бірте-бірте кеңінен қолданысқа енетінін жақсы түсінеді. Өйткені жаңаның аты – жаңа. Бұрыннан қағаз ақша ұстап дағдыланғандықтан, элекронды ақы төлеуге бірден көшу қиындау. Сондықтан шығар әзірге электронды жолақы төлеу әлі күш алып кете қоймады.
Осы жұмыстарға мониторинг жасап отырған «СМС БАС» компаниясының өкілі Сержан Идиятов Оралдағы жобаның бірқалыпты жүріп жатқанын, әсіресе, №5 маршрутта жаңа жүйені қолданушылар саны өзгелерден көбірек екенін айтады. Сонымен қатар жаңа жүйенің тек екі «Актив», «Билайн» ұялы байланыс операторларымен ғана байланыста жұмыс істейтіні белгілі. Ал өзге «Алтел», «Теле-2» байланыс жүйесін пайдаланатындар электронды ақы төлей алмайды. Қазіргі уақытта жобаны іске асырушылар өзге операторлармен келісімдер жүргізуде. Жолаушы тасымалдаушылар электронды ақша жүйесінің күш алып кетуі үшін бұл жүйені пайдаланатындарға аздап артықшылықтар беру керек деген пікірде. Сөйтіп жолақыны қағаз түрінде төлейтіндерге сәл-пәл көтеріп, электронды түрде төлейтіндерге кемітудің дұрыс болатынына сенімді. «СМС БАС» компаниясы мұндай артықшылықтар берудің орынсыз екенін әрі тарифтердің өспейтініне сендіріп отыр. Сондай-ақ жолаушылар «СМС БАС» жүйесімен жолақыны төлеу үшін байланыс телефонының балансына кем дегенде 5-6 мың теңге көлемінде бірлік салып қою қажеттігін алға тартады. Дегенмен жолаушы тасымалдаушылар жаңа жүйенің іске асатынына, өздерінің шығындарының азаятынына сенімді.
Жаңа «СМС БАС» жүйесі ақшалай жолақы төлеудің баламасы ғана, сондықтан жолақыны қолма-қол ақшамен төлеуді ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, қолайлы әрі ыңғайлы жолақы төлеу жүйесін байқап көру алға ұмтылушылықтың бір белгісі іспетті.

Алексей ОСАДЧУК,
«Оралавтотранс» ЖШС компаниясы директорының орынбасары:
– Жоба соншалықты күш алып кетті дей алмаймын. Өйткені ұялы телефон ұстайтындардың басым көпшілігі белгілі бір тарифтер арқылы байланысады. Олардан бірлікті ала алмайсыз. №5 маршрутта жастар, студенттер көп жүреді. Олар жаңалыққа құштар дегеннің өзінде қазір күніне 20 шақты жолақы электронды түрде төленеді. Күніне маршрутқа 29 көлік шығады. Бастамасы жаман емес.
«SMS BUS» ЖШС электронды жолақының 6 пайызын өз есебіне ұстайды. Бұл әрине, аз ақша емес. Биыл жолақыны өсіруге әрең қол жеткіздік дегенде бес теңгені есебімізден кемітіп отырмыз. Дизель отынының бағасы қымбат. Аутобустарды газға көшіру қиын, қалада мұнымен ешкім айналыспайды. Оның үстіне газбен қамтуда іркілістер, проблемалар баршылық. Жыл сайын аутобус паркі жаңғыртылып, көліктер 40 пайызға жаңарды. Бұл бағыттағы шаруаларды әрі қарай жалғастыруымыз қажет.

Төлебай САТЫҚҰЛИЕВ,
«Ақжол авто» ЖШС компаниясы директорының орынбасары:
– Компанияның жолаушы тасымалымен айналысқанына 20 жыл болды. №36 маршрутта 20 көлік жолаушы тасымалдайды. 2016 жылы жаңа 10 аутобус несиеге сатып алдық, олардың ішінде француз көліктері бар. Алматыда электронды жолақы 90 теңгеден, қолма-қол ақы 150 теңгеден екен. Осы әдісті қолдансақ, артық болмас еді. Сонда жолаушылар контролерсіз, электронды түрде төлеуге көшер еді. Жолаушы тасымалдайтын компаниялар контролер ұстап, басы артық шығынға бармас еді. Қазір электронды аударылған жолақының шамамен 5 теңгеге жуығын «СМС БАС» компаниясы ұстайды. Қазір күніне 15-20 адам жаңа жүйемен есеп айырысады. Жобаның бастамасы жақсы, бұл жоба қоғамдық көліктегі контролермен болатын дау-дамайды, жолаушылардың қызмет сапасына айтатын өкпе-назын азайтады деп білеміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жомарт
    22.12.2017 at 4:08 pm

    Ыңғайлы ғой, әрине. Бірақ байқағаным, автобус жүргізушілері бұған қарсы. Неге екенін түсінбедім.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру