Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

«Астана – ардағым» сыйлығы табысталды

Алматы қаласы Республика сарайында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Астананың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан лауреаттарды «Астана – ардағым» мерекелік сыйлығымен марапттау рәсімі өтті.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шараның ашылу рәсімінде «Ел еңсесін енді тіктеген кезеңде Елбасы көш бастап Астанаға бет бұру туралы шешіміне күмәнмен қарағандар болғаны белгілі. Жасампаз 20 жылда ел орталығын ресми Астанаға көшіруі асқан көреген шешім болғаны рас. Теңдессіз шешім Алатаудың баурайында қабылданып, шаһарымыздың басты қаржы экономикалық, ғылым мен білім, спорт орталығы ретінде дамуына жол ашты. Осы қалада ҚР тәуелсіздігі туралы заң, жаңа елорда туралы тарихи қаулы қабылданды. Егіз өрімдей болған қос қалаға Елбасының қолдауы ерекше екендігі рас. Осындай қаламыздың дамуына күш салған азаматтардың еңбегін атап өту дұрыс деп ойлаймын», – деді.
«Астана – ардағым» мерекелік сыйлығымен Алматы қаласында тұрған әрі туылған және Астананың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан, Президенттің астананы көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен қайраткерлер марапатталды. «Астана – ардағым» сыйлығы 20 сала бойынша берілді.
Номинанттарды іріктеу конкурстық ко­мис­сия­ның сайтында ашық дауыс беру арқылы жүзеге асты. Ғылым-білім саласында Аста­наның дамуына қосқан үлесі үшін – ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай; Денсаулық сақтау саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – №1 қалалық перзентхананың бас дәрігері Рақышев Наурызбай; Спорт саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – бұ­рынғы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов; Білім беру саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков; Әдебиет саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – жазушы, журналист Думан Рамазан мен ақын Маралтай Райымбекұлы; Құрылыс саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – «Базис-А» корпорациясының директоры Александр Белович пен инженер-құрылысшы Осман Шаханов; Өнер саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – дизайнер Құралай Нұрқаділова мен мүсінші Болат Досжанов, ҚР Көркемөнер академиясының президенті Амандос Ақанаев; Сәулет саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – сәулетші, ҚР Сәулетшілер академиясының президенті Ақмырза Рүстембеков; Инновация саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – дәрігер-инфекционист Қарлығаш Әбдиева; Ақпарат саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, фотограф Максим Золотухин, 31-арнаның бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова; Кинематография саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін – режиссер Ермек Шынарбаев, актер Әділ Ахметов; Музыка саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін композитор Марат Омаров, әнші Нағима Есқалиевалар марапатталды.

Нұрлан Құмар


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру