Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Тұғырлы тұлға туралы тұшымды туынды

Жас ұрпаққа сапалы тәрбие беріп, отаншылдық рухта тәрбиелеудің, ғылым мен білімді көпшілікке таратудың уақыт тезінен өткен тәсілдерінің бірі –өмірін елге қызмет етуге арнаған ардақты тұлғалар туралы нақты деректер мен дәйектерге сүйенген туындылар ұсыну болып табылады. Бұл орайда кеңес заманындағы «Тамаша адамдар өмірі» («Жизнь замечательных людей») сериясы алдымен ойға оралады. Көненің бәрі керексіз демеген жөн, замана ыңғайына лайықталған жағдайда өңі сарғайған өткеннің жақұттай жарқырайтыны жасырын емес.

Міне, осындай байсалды байламды басшы­лық­қа алған әл-Фараби атындағы ұлттық білім мен ғылым қара шаңырағының «Қазақ уни­верситеті» баспасы оқу ордасының басшысы, академик Ғалымқайыр Мұтановтың ұсынысымен «Өнегелі өмір» сериясын қолға алып, елге тұтқа болған тұлғалар туралы ғұмырбаяндық кітаптар шығаруды қолға алды. Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Үкіметін ұзақ жылдар басқарған Бәйкен Әшімов, жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақындарының бірі Олжас Сүлейменов және басқа тарихи қаһармандар жөніндегі туындылар қолымызға тиіп, қалың оқырман игілігіне айналды.
Көзі қарақты қауымның ыстық ықыласына бөленген сондай басылымдар сапынан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, дипломат, еліміздегі нарықтық реформалар авторларының бірі Ерік Мағзұмұлы Асанбаев жайындағы ғұмыр­баяндық жинақ та орын алады. Екінші дү­ниежүзілік соғыс қарсаңында өмірге келген құрдастары сияқты Ерік Мағзұмұлы да балалық және жастық шағында елмен бірге қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Балапан басына, тұрымтай түсына кеткен өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін Ерік Мағзұмұлының отбасын айналып өткен жоқ. Түркісібтің оқу орындары басқармасын басқарып жүрген, бұған дейін бірқатар өңірлерде облыстық атқару комитеті төрағаларының орынбасары болып істеген әкесі Мағзұм 1937 жылы тамызда ұсталып, 1938 жылы ақпанда Алматы төңірегіндегі Жаңалық кентінде атылған. Әкеден жас қалған Ерік Мағзұмұлын қайсар анасы Шәкура қатарынан кем қылмай, тәрбиелеп өсірген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік, қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық универ­ситеттің экономика факультетін 1958 жылы үздік тәмамдаған Ерік Асанбаев 1963 жылы Мәскеу қаржы институтының аспирантурасын, 1976 жылы докторантурасын бітіріп, диссертацияларын сәтті қорғайды. Осы екі арада ол Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің экономикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу инс­­титутының қаржылық жоспарлау жә­не са­ла­аралық байланыс бөлімінің меңгерушісі қыз­метінен Қазақ КСР Министрлер кеңесі мен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жауапты қызметкеріне дейінгі жемісті еңбек жолынан өтеді. 1986 жылдан 1990 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшы­сы әрі бюро мүшесі болады. 1990 жылғы сәуір-1991 жылғы қазан аралығында Ерік Мағзұмұлы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1991 жылғы желтоқсан-1993 жылғы маусымда Қазақ КСР-інің, кейіннен Қазақстан Республикасының Вице-президенті. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған Е.Асанбаев 1996 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалып, бұл қызметті 2000 жыл­ғы шілдеге дейін атқарады.
Әріптестерінің бірі «егер өркениеті Батыс елдерінің бірінде өмірге келсе, әлемнің ең ірі экономистерінің біріне айналар еді» деп баға берген Ерік Мағзұмұлы мемлекеттік қызметте өзін ең алдымен ел дамуының стратегиялық мәселелерін шешуге орасан зор үлес қосқан аналитик-маман, ғалым ретінде көрсете білді. Ерік Мағзұмұлының «Ғылым» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Шаруашылық тетігін жетілдіру пробле­малары» атты монографиясы әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстан қаржы жүйесінің негізін қалаушылардың бірі Дәулет Хамитұлы Сембаев 1992 жылғы мамырда «Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясын» түзу қолға алынғанын, осынау күрделі де жауапты жұмыс жүктелген авторлық топқа Ерік Мағзұмұлы Асанбаев бас­шылық жасағанын атап өтеді. Сондай-ақ ол Ерік Мағзұмұлының жекешелендіруді жүргі­зудің әдіс-тәсілдеріне қатысты өзіндік пікір-пайымы болғанын айтады. Бұлардың барлығы жекешелендіру туралы алғашқы Жар­лықта ес­ке­рілген екен.
Ғалым-қайраткердің жиырма бірінші ғасыр табалдырығында тұрып, әлемнің келешек дамуына көз жіберіп, шолу жасаған «Жер өркениетін сақтау және дамыту тұ­жырымдамасы» аттты еңбегі ерекше тоқ­талуды қажет ететін терең мағыналы туынды болып табылады. Қазіргі өркениет, деп атап өтеді автор, дүниетанымдық дағдарысқа ұшырап отыр, сондықтан да оған иелік етіп, басқару билік пен қоғамдық өмірдің жекелеген бөліктерін ғана қамтып қалмай, кешенді сипатта болуы тиіс. Ерік Мағзұмұлының пайымынша, осындай міндет жүктелетін Биліктің жоғары планетарлық органдары мынадай болуы тиіс: Жоғары өкі­леттілік берілетін комитет; Біріккен ұлттар Парламенті; Әлемдік үкімет; Планетарлық қауіпсіздік кеңесі; жер өркениеті проблемалары жөніндегі Орталық. Жер бетіндегі тіршілікті сақтап қалу үшін адамзат түптің-түбінде осындай шешімдерге келетіні күмән туғызбайды.
Болашаққа бет алған халықтың ұлы көшін келешектің қосынына қоса білген тұғырлы тұлғалардың бірі Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың жа­сындай жарқ еткен мағыналы да мәнді ғұмыры туралы осынау тұшымды туынды се­німді сері­гіңізге айналсын, құрметті оқырман!

Назым ҚОПАБАЕВА,
«Қазақ университеті»
баспасының бөлім басшысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру